Қазақтың аяулысы перизаты, Өшпейді ешқашанда Фариза аты!
Атырау облысы ,Мақат ауданы, Доссор кенті
Мақат мұнай және газ технологиялық колледж кітапханашысы Ахатова Мереке Құсымқызы
[/center]
Қазақтың аяулысы перизаты, Өшпейді ешқашанда Фариза аты! [center]

(Ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын еске алуға арналған кеш)
Фариза апамыз поэзияға қанат қағып, алғаш қосылған кезден бастап, бүгінгі қазақ поэзиясының падишасына айналып, бүкіл өмірін шығармашылыққа арнады.
Нұрсұлтан Назарбаев
Мақсаты::
корнекті ақын Ф. Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығымен таныстыру. Өлеңдерді манерлеп оқу, шығармашылығын насихаттау.
Көрнекілігі:
Тәрбие сағаты өтетін залды әсем безендіру, қабырғаға ұлағатты сөздер ілу.
Тақырыптық слайд,кітап көрмесі
1.Ақынның өмірі -өлең жыр ( ақын өмірбаяны)
2.Кітап көрмесі
3. Ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу
4.Фариза біздің заманның ,адамзаттың биік үлгідегі ақыны.
5. Қорытынды

1-жүргізуші:
Қайырлы кеш, қымбатты ұстаздар,студенттер! «Қазақтың аяулысы, перизаты,
Өшпейді ешқашанда Фариза аты!» атты ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын еске алуға арналған кешке қош келдіңіздер!
Дүние есігін іңгәлап ашқан жас нәресте қазақтың тал-бесігінде жатып, сырбаз даланың әсем әуеніне, сұлу табиғатына елітіп өсті.
Туған жердің тылсым табиғаты нәресте бойына ақындық өнерді дарытып, аялы алақанына салып мәпеледі.

ІІ жүргізуші: Оның үстіне тумысынан турашыл, дархандығы асқан думаншыл, әділдіктің ақ туын желбіреткен ақындық тағдыры балғын қыздың маңдайына бітер бақ-дәулеттей көрінді.
Өнер-қазынадан өрімдей болып ақтарылған өлең моншақтары жылдар өткен сайын жарқырай түсті.
І жүргізуші: Күлкімді, жайлы күнімді,
Азапты, қайғы-мұңымды
Өзіммен бөліскенің үшін,
Қатем мен жеңістерім үшін,
Менің мынау қиындау тағдырым болып
О баста көріскенің үшін,
Өлең, мен сені аялап өтем!-деп жырлаған қазақтың ақын қызы Фариза қазақ даласының қызын қызығым деп еркелеткен салтын зерделі көңіліне тоқып өскен есті қыздың бірі.
ІІ жүргізуші:
Фариза-жүректерді жан жылуымен ерітіп,поэзия әлемінің биік шыңдарын өз еркіне бағындырып, қиялға қанат сермеген Атыраудың ару ақыны, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталары мен «Құрмет белгісі», «Парасат»ордендерінің иегері, Мәдени ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болған халық жазушысы Фариза Оңғарсынова.

Жүргізуші:
Ақын шығармашылығына шолу, экранға назар аударайық

І жүргізуші: Ақын өмірінде қайталанбас серікке айналған өлең оның жүріп өткен жолдары, өмірдің бар мәні – сайын даланың жазира жолдарына шашылған жыр жауһарлары сияқты.. Намысы – найза, серті-семсер, төзімі-тоң, жігері-жалын, ата-баба дәстүрін ұстанған ақын Фариза көтерген жүк те жеңіл емес.

Ақын жырларын ұстаздар қауымы да қызығушылықпен сүйіп оқиды.
Колледж қызметкерлерін яғни ұстаздарды ақын өлеңдерін оқуға ортаға шақырамыз. Кезекті ұстаздарға берейік: « Мен саған ризамын»оқитын Бажбенова Назымгүл апай
«» Бляшова Айжан апай, «»Ташембаева Баян апай, «Ағалар»Мұратова Нұржамал апай

Ән: сөзі Фариза Оңғарсынова,әні жергілікті сазгер Орынбасар Жақсыбеков «Мақат түні»орындайтын Дәулетқазиев Қуандық.

2-жүргізуші: «Перзент сөзі» өлеңі оқитын Қабылова Әлия
Әкем –менің тәңірім, пайғамбарым,
ұмтылатын биігім, сайран бағым.
Ол білмейтін дүниеде құпия жоқ,біліп алған ,япыр-ау, қайдан бәрін?
Күшті де жоқ,дәл ондай жер бетінде,
сұлу мүсін, бір мін жоқ келбетінде!
Батыр,дана сол ғана. Асығамын
әкеме ұқсап тезірек ержетуге.
Ол жоқ болса, ұйқы да қашты менен,
көріскенде қуаныш шашты денем.
Әкеме ұқсап әжемді қадірлеймін,
анашымды әкемше жақсы көрем.
ол тұрғанда сезінбей қатер демін,
хандардың да қалпағын әпермедім.
Әділ шешім айтатын барлық істе
біздің үйде бас қазы- әкем менің.
Әкем барда , арқам кең, жоқ алаңым,
бәрі орнында: шаруаң, қора, малың.
Төрт жағымыз құбыла. Мен өскенде
Қиындау ау әкемдей бола аларым.( 1992 жыл)

«Айналайын ауылдың адамдары-ай»»оқитын Дәулетова Жазира


Фариза Оңғарсынова «Тілек » оқитын Дәулетова Назира

1 жүргізуші:Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 25-желтоқсанда Атырау облысы ,Новобогат ауданының Манаш ауылында дүниеге келген. Нарын құмының арасында , асып-тасқан байлығы болмаса да өзіндік дәулеті бар отбасында дүниеге келген. Әкесі еліне сыйлы, ашық-жарқын адам болған. Ол әкесіне арнап көптеген өлеңдер шығарған. Фариза әкесінен жастай қалып, анасы Халиманың тәрбиесінде болады. Анасы көп сөйлемейтін, сөйлесе мақалдап сөйлейтін, аса ақылды, рухани қуатты, сұлу адам болған. Фариза анасы арқылы ертегі, аңыздарды кішкентайынан бастап құлағына құйып өседі. Ақынның бірнеше өлеңдеріне арқау болған- аналар тақырыбы.

«Анама» өлеңі оқитын Қадырова Айнұр
Кеудеңде мені тербеттің,
Жас шыбық енді көктеді.
Мінеки, мен де ержеттім,
Еңбегің бекер кетпеді.
Өмірде мынау ең жақын
Аяулым сенсің, анашым!
Болмаса мейлі зор даңқың,
мен үшін бірақ данасың.
Мейірім төккен нұр жүзің
тұрғандай сезем жанымда.
«Адал бол, - деуші ең – жұлдызым».
сақталды сөзің жадымда.
«Игі еңбек түбі осы-ау», - дер
көргендер жеміс ағашын.
Қартаймай , мәңгі жасай бер,
Мәңгілік Күндей анашым! ( 1960ж)
Фариза Оңғарсынова «Жетімхана» оқитын Үсебаев Дулан
Ән. «Фариза» орындайтын Қисметова Анаргүл ,Нұрлыбайқызы Перизат

2-жүргізуші: «Атыңнан айналайын туған өлкем!» деп, сағыныштан алып-ұшқан, табиғат-ананың ауа әнін құшқан ақын-жүрек, атаның құнын кешетін, ағаның қолын шешетін, кешегі ездікті айтатындар санатынан емес,ертеңгі елдікті айтатын - ел үшін туған батыл-жүрек.
Әркімнің туған жері, туған өлкесі бар. Туған жерге , туған елге деген махаббат әр адамның жүрегінен орын алады. Оған ақындар өлең жазса, сазгерлер ән арнаған. Сол сияқты Фариза да өзінің туған жерге деген ыстық ықыласын өз өлеңдері арқылы бере білді.
«Ауыл десе , жайлайды жанымды үміт,
Сонда ғана атардай таңым күліп.
Жасыл шардың бетінде жалғыз ноқат
Мені мәңгі тартатын сағындырып »деп туған ауылына деген махаббатын өз өлең жолдарында білдіреді.

әні: Қалдыбек Құрманәлі сөзі: Фариза Оңгарсынова Ән: «Жайықтың толқындары» орындайтын Жексенбаев Ержан

2-жүргізуші: Фариза өлеңдері оқырмандардың жан азығына айналған қымбат дүние. Ол - мұғалім үшін тәрбие құралы. Көркемсөз майданында ақынға, жазушыға тән ерлік, батылдық, адалдық, ұлтжандылық, намысқойлық сияқты адамгершілік - азаматтық қасиеттердің асқар биігінен көрінген ақын. Фариза жырлары кейінгі ұрпақты ар-намысқа, ерлікке, нәзіктікке, ананы, әкені, туған жер, адамзатты сүюге бастап апаратын ақ жол іспетті.
Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, сырласы, атар оғы, берер дәрі-дауасы поэзиясы болғанын көреміз. Бұл мына өлең-жолдарында анық көрініс тапқан:
Тағы да Фариза ақынның оқырман жүрегінен орын алған жырларына тағы да кезек береміз.

2 оқушы:«Өкініш пен қасірет»Оқитын Қамай Бердәулет

Сөз қадірін ұқпайтын
Көшің болған өкініш.
Биліктіні ықтайтын
Досың болған өкініш.

Әділетке жұғымсыз
Биің болған өкініш.
Саңылаусыз, жылаусыз
Үйің болған өкініш.

Адамының құны жоқ,
елің болған өкініш.
Дауыл соқса, ығы жоқ,
Жерің болған өкініш.

Ойы асқанды көре алмас,
Ханың болған өкініш.
Елден биік, сөзі –алмас,
Дарын болған өкініш.
Ессіз болса, өз балаң,
Бәрінен де сол жаман.
Қайғы мүжіп, жас іреп,
Сол-өлтірер қасірет.


3- оқушы: О, менің өкініштерім! Қаби Айберген

О, менің өкініштерім
Ар ағашына асыңдар мені,
Жалмасын, жұтсын жасындар мені.
Қызықсыз, мәнсіз ғұмырым үшін
Таптасын мені ғасырлар легі.
Адамды өкініш, қаза құртады,
Мені де өртесін жазаның табы.
Келер күндердің ғажап ұрпағы,
Алмасын аршып зар жырымды ордан.
Тартайын сонда тағдырым болған
Азаптарымның азабын тағы.
О бастан бергі шетін істерім,
Елемей көздің еті де іскенін
Тойғаным тасып...
Солардан бүгін
Бойыма сіңбей отыр ішкенім.
Кеудемді қысқан менмендіктердің
Талқандап құрсау- бекіністерін
Өртеңдер мені, өкініштері

Сөзі Фариза Оңғарсынова әні «Білмеймін» орындайтын Махамбетова Мархабат


1-жүргізуші:
Фариза апамыздың өлеңдері әр тыңдаушының жүрегіне терең ой салып шабыттандырады. Қаншама жанды қара өлеңмен жұбатып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген сондай қайталанбас тұлға, поэзия падишасы ақын Фариза Оңғарсынова адалдық, намысқойлық, жаны да , ары да таза ерлерге лайық биіктерде ғана көрінген ақын, қашанда сол биігінен көріне берсін дейміз.

2 жүргізуші:
2014жылдың 23 қаңтарында ұлттық руханиятымыз орны толмас ауыр қазаға ұшырады.Ақын өмірден мәңгілікке көз жұмды.Қазақтың өр мінезді, асқақ рухты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының «Халқының жүрегінде» өлеңін
Қайғыдан күңірентіп ғасыр жүзі,
Шаттықты қасіреттің жасырды ізі.
Дариға,Фариза да өтті өмірден,
Қазақтың қайта тумас асыл қызы.
Ұқсайтын Махамбетке өткірлігі,
Жасқанған, жабырқаған жоқ бір күні.
Туғанда таңдайына өлең тамған,
Қонған жан көкірегіне Хақтың нұры!
Айтқаны – елдің мұңы, елдің жыры,
Заты қыз демесеңіз-Ердің бірі!
Танылып тұратұғын тұрпатынан,
Қырғидай қағып түсер алғырлығы.
Бұйрыққа бой ұсынып Хақтан келген,
Ол кетті бабалары кеткен жолмен.
Мәңгілік мекендеуге орын алып,
Қаһарман ер Қабанбай жатқан жерден.
Түбінде бір ажал бар тірі жанға,
Өлім жоқ алайдағы ұлыларға!
Сүрінбес шапқан аты жыры барда,
Сөнбейді жаққан оты ұлы барда!
Қазақтың аяулысы, перизаты,
Өшпейді ешқашан да Фариза аты!
Халқының жүрегінде жүрер мәңгі,
Өлеңмен жазып кеткен шариғаты!...
1-жүргізуші:Фариза биік рухтың ақыны болды.Оның рухтылығы да, туған топырағы мен Отанына деген шынайы сезімнен жаралған. Табиғат оның егізі еді. Сондықтан да ашық күнге қуанып, жаңбырға қарап қамығып, көктемде шалқып, дауылға қарап бұрқанып өмір сүрді.Ол табиғат пен адамның құпия сырларын жақсы түсінді.Олардың тазалығын, пәктігін ардақтады.Соны бойына ,жырына дарыта білді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметованың Фариза апамызға арнаған «Сезімге суырылған сұрапыл жыр» өлеңін оқитын Дәулетова Жазира
Толқындар жалқынданып жағаны ұрды,
Домбыра бебеулетті қаралы үнді.
Қаусырып жел-сыбызғы табиғатты,
Тау-сұлық, орман суық, дала-мұңды.
Әлем- бұл, ақын сүйген шын жүректен,
Бояуын кестелеген жыр жібекпен.
Үдіре көшкен бұлттай қайран дәурен,
Ақынның басынан да жылжып өткен.
Арқаның ақ бораны уілдеген,
Дүние-бір күншілік –дүрілдеген.
Қаламның иесінің өзі кетіп,
Қалады адамзатқа түбінде өлең!
Биыл да қаңтар, қары салқын ерек,
Айырылды өр ақыннан халқы кенет.
Еркелеп ел-жұртына жүруші еді-ау,
Даланың дара қызы даңқы бөлек.
Бар еді онда мұң да, өткірлік те,
Арланып қарайтұғын көп тірлікке.
Өтті ақын мәңгіліктің ауылына,
Қойылды бұл фәниге тек бір нүкте.
Жан еді ғасырларда туатын бір,
Мұратын ,жалғастырып бір ақын жүр.
Сүреді қазағымен бірге ғұмыр
Сезімге суарылған сұрапыл жыр.
Тұрады жұлдызы оның мәңгі жанып,
Бәрі де ақындардың жалғызы анық.
Жыр –дұға жаздым бүгін апама арнап
Болғай деп рухы аман, алды жарық!


Жүргізуші:
Фариза апамызға арнап Мұқағали Мақатаевтың Фариза әнін 180 топ студенті Нұрлыбайқызы Перизат орындайды
1-жүргізуші: Фариза апамыздың соңында уақыттың тозаңы қонбас ғажайып мол мұрасы қалды.Ол-мәңгілік!
Ғасырдан ғасырға өткен сайын жаңа қырымен жарқырай түсер, егемен еліміздің жас ұрпағының жаттап өсер жасампаз жырына айналар.Фариза біздің заманның, адамзаттың биік үлгідегі ақыны болып қалды.Қазақтың өр мінезді, асқақ рухты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.Мәңгілік ғұмырын бастаған ақын даңқына бәріміз бас иеміз. Қадірлі ұстаздар, студенттер! Осындай жан дүниемізді байытатын , қиналғанда рухани байлығымызды кеңейтетін поэзияның падишасы болып, халықтың сүйікті ақыны болып кеткен, өмірін өлең деп ұққан, қазақ жырында өзіндік ақындық әлемімен аты шыққан Қазақстанның халық жазушысы Фариза апамызды еске алуға арналған кешіміз де өз мәресіне жетті. Хош сау болыңыздар! ������� ������ ��� dle ������� ��������� ������
Ұқсас мақалалар:
Мұқағали-мәңгілік ғұмыр.

Мұқағали-мәңгілік ғұмыр.

Тақырыбы: Мұқағали-мәңгілік ғұмыр. Мақсаты: ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен ...
«Мұқағали-поэзия  Хантәңірі!»

«Мұқағали-поэзия Хантәңірі!»

Мақсаты: Ақынның шығармашылығын, өмірін жас бүлдіршіндерге түсіндіру. Оқушыларды елінің патриоты болуға тәрбиелеу. Ақиық...
Арулар, асыл жандар, жүрегі жарқын жандар» атты кештің бағдарламасы

Арулар, асыл жандар, жүрегі жарқын жандар» атты кештің бағдарламасы

«Арулар, асыл жандар, жүрегі жарқын жандар» атты кештің бағдарламасы 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай ұйымдастырылған «Арулар,асыл...
Есіңе мені алғайсың

Есіңе мені алғайсың

Есіңе мені алғайсың Сабақтың тақырыбы: Есіңе мені алғайсың Мақсаты: әдеби-музыкалық кештің мақсаты ақын өмірімен, шығармашылығынан мәлімет бере...
Ең бірінші бақытым – тілім менің

Ең бірінші бақытым – тілім менің

Ең бірінші бақытым – тілім менің Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған іс – шара Ең бірінші бақытым – тілім менің (Танымдық сағат)...
Пікірлер: 0
Пікір қалдыру