Ашық тәрбие сағаты.
Сабақтың тақырыбы:Ер есімі ел есінде
Сабақтың мақсаты: 1.Ұлы Отан соғысы,оның зардаптары,Ұлы
жеңістің мән-маңызы туралы мағлұмат беру.
2.Оқушылардың тіл байлықтарын,ойын ұштау.
3.Отан үшін жан қиған аталар мен апалардың,
қазіргі таңдағы арамызда жүрген ардагерлеріміздің
ерліктерін үлгі ете отырып,оларды құрметтеуге
тәрбиелеу.
Отансүйгіштікке,елжандылыққа,батылдыққа
шыншылдыққа баулу.
Көрнекіліктер:Интерактивті тақта,мақалдар,батырлар суреті.
Мұғалім:
Құрметті ата-аналар,ұстаздар бүгінгі 1 «А»сыныбының «Ер есімі ел есінде» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Сіздерді 9-мамыр Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймыз! Аталарымыздың, әжелеріміздің ерлігімен келген бұл Жеңіс мерекесі ұрпағымыздың есінде мәңгі сақталады. Бүгінгі өткізілгелі отырған тәрбие сағатымыз да осы Ұлы Жеңістің келбетін насихаттауға арналған.
-Балалар Ұлы Отан соғысы қай жылы басталды?
-Қай жылы аяқталды?
-9 мамыр неліктен Жеңіс күні деп аталады?
Ұлы Отан соғысында Жеңіске жеткенімізге биыл 68 жыл толып отыр.
Осы жеңіске жету жолында Қазақстандықтардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан тарихындағы жарқын беттерге айналды.
Ұлы жеңістің тарихтан алатын орны ерекше.Бүкіл кеңес халқының 20-25 млн-нан астам ержүрек ұлдары мен қыздары құрбан болды.Бұл соғыста миллиондаған әйелдер жесір,балалар әкесіз қалды.Аналар ұлдарынан айырылды,оның құрбандығына шалынбаған отбасы қалмады.
Фашистік қарақшылар 1710 қала мен жұмысшы поселкелерін, 70 мың село мен деревняны құртып жіберді.Осы соғысқа Қазақстаннан 1млн.70мың адам қатысса,олардың басым көпшілігі ұрыс даласында қаза тапты, бірі хабар- ошарсыз кетті.Жеңіс оңайлықпен келген жоқ.Сондықтан Жеңіс күні әрқайсысымыздың жүрегімізге жақын.
Ендеше соғыс даласында хабар-ошарсыз кеткен,қаза тапқан ер жүрек батыр ата-әжелерімізді бір сәт үнсіздікпен еске алайық.
1 мин. үнсіздік
Өкінішке орай,уақыт сол ұлы оқиғаларға қатысушыларды біздің арамыздан алып кетіп жатыр.Олар азайған үстіне азайып барады.Бірақ ешкім де,ештеңені ұмытпауы тиіс! Себебі,бұл-біздің тарихымыз,біздің мақтанышымыз,біздің даңқымыз!
Ендеше сол жылдарға көз жүгіртейік.
1941 жылы 22маусым күні,таңғы сағат 4-те таңшапағы жаңа арайлап келе жатқан кезде фашистік Германия тұтқиылдан Кеңес Одағына опасыздықпен басып кірді.
Гүлзира: Бұлт түнеріп аспаннан,
Талай көзден жас тамған.
Тұтқиылдан жау келіп,
Қырғын соғыс басталған.
Аружан: Оқ борады күні-түн
Жатты жерді от қарып.
Алға қарай ұмтылды,
Батыр қазақ оқты алып.
Альбина Т.: Туын жықпай қолдағы,
Опат болды елі үшін.
Кеудесімен қорғады,
Азаттықтың жемісін.
Қарақат: Солдаттар жаралы
Майданнан оралды.
Ажал боп төнген жауына,
Даулды көктің қыраны.
Көрініс: «Ананың баласымен қоштасуы»
Анасы(Жансая):
-О,құлыным,балам,ұлым! Мені тастап,жауыздардың жазасын беруге кетіп бара жатырсың! Енді сені қашан көрем,әлде көре алмаймын ба? Не жаздым саған,қу өмір!
Баласы(Еркебұлан):
-Анам!Сен мен үшін қамықпа!Әрбір секунд сайын менің қалай сені жақсы көретінімді есіңе ал.Жаман еш нәрсе ойлама. Соғыс біткен соң,жақын арада оралам. Анам! Жан анам!
Қыз(Нұрайлым):
-О,сұм соғыс! Сенің бұл не істегенің? Мынау дала тыныш боп қалды. Содат артынан солдатты алдың.Сау болыңдар, жігіттер! Қайтып оралуға тырысыңдар! Жоқ.Тығылмаңыз!Биік боп,еш оқ пен гранатты аямай жауды жеңіп оралуға тырысыңдар!
Қыз(Арайлым):
Қайта оралуға тырысыңдар!Сау бол!!!
Мұғалім:
Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ бүкіл халық жан тәнімен өз Отанын қорғауға аттанды.Солардың арасында Бауыржан Момышұлы,Талғат Бегелдинов,Рақымжан Қошқарбаев,Мәлік Ғабдуллин сынды аталарымыз ерлік көрсетсе,Мәншүк Маметова,Әлия Молдағұлова сынды әжелеріміз Отаны үшін жандарын құрбан етті.
Кешіп өтіп кешегі от жалыннан
Дүниеге ерлігімен танылған,
Кең жауырынды,Талғардай тік иықты.
Бөрі кеуде, бүркіт қабақ Бауыржан.
-деп ақын ағаларымыз суреттегендей Бауыржан атамыз сұрапыл соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан.Бауыржан атамыздың ерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес,ол соғыста жауынгерлерге басшылық еткен.
Батыр атамыз 207 рет ұрысқа қатысып,5 рет өлімші болып жараланған екен.
Ендігі кезекте Бауыржан Момышұлы туралы өлеңдер:
Жансая: Қайтпаған дауылдан
Кек алған жауынан
Халқымның қастерлі
Жайсаңы Бауыржан.
Қазақтың қаны үшін
Жүрегі ауырған
Елімнің намысын
Қорғаған Бауыржан.
Абай: Жаралғандай жалыннан
Жайсаң батыр-Бауыржан,
Естігенде есімін
Жау есінен жаңылған.
Мұғалім: Ал,Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов - Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері. 1922 жылы 5-тамызда Сарыарқаның кең-байтақ даласында, Ақмола облысының Майбалық ауылында туған.
Талғат Бегелдинов туралы өлең:
Қарақат: Батыр Талғат ағамыз
Құртып талай жау мысын
Мейірімді кескін жүз
Ерге біткен мінезі
Кеудесінде қос жұлдыз
Екі рет батыр - бір өзі.
Мұғалім: Қошқарбаев Рақымжан (1924 —1988 жж.)
– Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық Қаһарманы 1924 ж. 19 қазанда Ақмола облысы Ақмола ауданында
дүниеге келген.1942 ж. әскерге алынған. Соғыс кезінде асқан ерлік
көрсеткен. 1988 ж. 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.
Рақымжан Қошқарбаев туралы өлең:
Ерлан: Өр тұлғалы келбетті
Қошқарбаев Рақымжан
Сын сағатта ерлепті,
Ер сүйсінген батыр жан.
Мұғалім:
Бұл соғысқа ер азаматтар ғана емес,қыздар да өз еріктерімен сұранып барған.Солардың ішінде Шығыстың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк те бар.
Қазақтың жауынгер батыр қызы Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысы,Қобда ауданында дүниеге келген. Ол әке-шешесінен жастайынан айрылып,ағасының тәрбиесінде болады.Кейін Ленинградқа көшіп ,сол жердегі балалар үйінде тәрбиеленеді.
1941жылы Әлия 15 жаста болған.
1942жылы өз еркімен снайпер мектебіне оқуға түсіп,оны жақсы
бітіріп шыққан.
1943 жылы соғысқа аттанған.
1944 жылы 19 жасында соғыста мерт болған.
Әлия Молдағұлова туралы өлеңдер:
Дархан:Қош айтып оқу-ойынға,
Әжесін тастап қария.
Қол бұлғап туған Отанға,
Майданға кетті Әлия.
Гүлзира: «Алтын жұлдыз»
Көкте зырлап барады
Алтын жұлдыз.
Жерде тұрып қарады
Әлия қыз.
Алтын жұлдыз алысқа
Кетті ағып,
Кетті ағып,жас қызға
Бір ой салып.
Алтын жұлдыз зымырап
Кетті алыс,
Кетті алыс мылтық ап
Бір жап-жас қыз...
Майдан кешті мылтық ап
Әлия қыз,
Өр төсінде жарқырап
Алтын жұлдыз.
Ақжол: Жер мен көктің арасын
Шарпығанда қалың өрт.
Әлия орыс қаласын
Азат етіп болды мерт.
Дархан: Ол жеңісті көрген жоқ
Келді кейін азат күн.
Бірақ мәңгі өлген жоқ
Батыр қызы қазақтың.
Өркен: Әлияны бұл күнде,
Барлық бала біледі.
Әлия аты-көңілде,
Әпкеміз деп жүреді.
Мұғалім:
Мәншүк Мәметова (Жиенғалиқызы) 1922 Батыс Қазақстан қазіргі Орал облысының Орда ауданында туған. Мәншүктің ата-анасы ерте қайтыс болған.
1942 жылы Алматы қаласындағы медетцина институтында оқып жүрген.Олда өз еркімен сұранып соғысқа аттанған.Ақырғы оғы қалғанша жауды қырып,ерлікпен қаза тапқан.
Нұрайлым: Сонау жылы жер көкті
Соғыс бұлты торлаған
Сонда Мәншүк әпкеміз
Жаудан елді қорғаған.
Үстінде сұр шинелі
Дулығасы болаттан.
Мәншүк әпке күн түні,
Жауға оқты боратқан.
Мадина: «Гүл»
Мәншүк алыс толасында,
Жүр орманның арасында.
«Мені ал,мені ал» деп алуан гүл
Қолына оның таласуда.
Тығылып гүл омырауға,
Сұрағандай жанға сауға.
Ант еткендей тұрды Мәншүк
Гүлді жауға таптатпауға.
Арайлым: Жау еңсесін жаншып төмен,
Қуған оның жатыр ізі.
Есіңде ме Мәншүк деген,
Қазақтың жас батыр қызы.
Мадина Д. Әпкеміз деп жүреді,
Атын аңыз жыр қылып
Елдің батыр түлегі,
Әр жүректе тұр күліп.
Ақтілек: Бауыржан,Мәлік,Талғаттар
Сүйікті болып қалды аттар.
Олар аттас қаншама
Сәби бар,шәкірт,солдат бар.
Альбина Д.: Жанымдай сүйем халықты,
Ерлері мәңгі даңқты
Өнеге тұтып өсемін.
Әлия,Мәншүк,Мәлікті.
Мейрамбек: Аттары әнге ұласқан
Нұркен боп ашық тұр аспан,
Табылар Мәншүк,Әлия
Қарасаң әр бір кластан.
Ән: «Ән сал сарбаз». Орындайтын:Мадина Е.
Мұғалім:
Сол сұрапыл соғыс жылдары ауыл- ауылдан сәбилер мен
қарттардан басқа ер азаматтардың барлығын соғысқа алып кеткен.Ал ауылда қалған әйел адамдар тылда қызмет еткен.Яғни, оларға киімдер тоқып,тігіп, оқ дәрілер дайындап,біреулері егіншілікпен айналысып азық түлік жіберіп отырған.
Ал ауылда қалған жастар Отан қорғап жүрген әкелеріне,ағаларына,әпкелеріне өздерін күтетіндерін,оларды үнемі қолдайтындарын,ауылдың жайын хат жазу арқылы жеткізіп отырған.
Олай болса ендігі кезек «Әскердегі ағама»өлеңі
Мейрамбек: Сау-саламат жүрмісің,
Әскердегі ағажан?
Түзеуде ел тұрмысын,
Туыстардың бәрі аман.
Есен: Есімде айтқан ақылың,
Жақсы оқушы саналам.
Ойдағыдай оқуым,
Күнде үздік баға алам.
Ерлан: Алдық жазған хатыңды,
Келді жаңа суретің.
Көрдік нағыз батырды,
Өтеп жүрген міндетін.
Диас: Жарасып тұр формаң да,
Қызығып көп қарадым.
Өсіп жасым толғанда
Мен де солдат боламын.
Мұғалім:
Саған құрмет – бейбітшілік сақшысы.
Сен тұрғанда қуырылар жау апшысы.
Саған миллион жүректердің салюті.
Саған сөздің шұрайлысы, жақсысы.
-деп,ендігі кезек:
Би: «Салдаттар»
Мұғалім:
Ұлы Отан соғысының дүние жүзі үшін маңызы зор болды.
1945 жылы 8-мамырда Берлинде фашистік Германия жеңілгенін мойындап қол қойды.
1945 жылы 9-мамырда бұрын-соңды болмаған мың зеңбірек, 30 дүркін салют атылды.
Міне, жеңіс күні осылай келген екен.
Дүние жүзі халқы бостандық алды.
Халық Отан ұғымын терең сезіне түсті.
Қаһарман ерлік пен еңбек жеңіп шықты.
Зұлымдық,басқыншылық тізе бүкті.
Бірлік,ерлік,халықтар достығы нығая түсті.
Айтып болды дүние талай әнді,
Аспан жүзін таң алды арай алды.
Жетсек деген арманға жетті-дағы,
Жеңіс деген бір сөзден ел оянды.
Мұғалім: Келесі кезекте жеңіс туралы өлеңдер.
Диас: Кетпес олар естен мәңгі,
Кектері тұр кеудемізде,-
Ерлік даңқы – жеңіс таңы
Жарқыратып келді бізге.
Ақжол: Жеңіс келді далама,
Жеңіс келді ән болып.
Жеңіс келді қалама,
Келді ауылға сән көрік.
Арайлым: Жеңіс күні құтты болсын,
Құтты болсын аталар
Қмытпайды ешқашан да,
Жауынгерді балалар.
Думан: Алақай ай,әйгілі
9 май бүгін
Алғаш күні шаттықтың
Соңғы күні қайғының.
Аружан: Ұлы күшке сенген күн
Фашистерді жеңген күн
Қырмызы гүл, қызыл гүл
Құшақтарға енген күн.
Еркебұлан: «Жеңіс күні»
Ойлап-ойлап тұрдым көп,
Сұрақ қойдым білгім кеп:
-Қуанышты мереке-
Жеңіс күні қай күн?-деп.
Атамнан да сұрадым,
Әкемнен де сұрадым,
Ағамнан да сұрадым,
Анамнан да сұрадым.
Тосты бәрі құлағын:
-Дұрыс,-десті сұрағың.
-Бейбіт күннің бәрі де
Жеңіс күні шырағым!
Ақтілек: «Күн көзін бұлт баспасын»
Енді соғыс болмасын!
Қабаққа қайғы қонбасын,
Жер бетін өрт шалмасын.
Әр күні бейбіт таң атып,
Әлпештеп жұртты оятып,
Әр күні көкке күн шықсын!
Күрсінбесін аналар!
Күле берсін балалар!
Мадина Д.: Соғыс өрті жанбасын,
Сәбилер жетім қалмасын!
Альбина Т.: Есігіне әр үйдің
Бесігіне сәбидің
Мәңгілік бақыт орнасын
Болмасын соғыс болмасын!
Альбина Д.: Мәңгілік бақыт орнайды
Болмайды соғыс болмайды.
Ән: «Әр қашан күн сөнбесін» Хор
Күн әдемі көк әлемі
Бұл суреті жас баланың.
Ақ қағазға салған өзі
Жазылған бар сөзі.
Әр қашан күн сөнбесін,
Аспаннан бұлт төнбесін.
Қасымда болсын анам,
Болайын мен де аман.
Мұғалім: «Сөздің көркі мақал» демекші ендігі кезекті ерлік туралы мақал-мәтелдерге береміз.
Еркебұлан: Ат басына күн туса,
Ауыздықпен су ішер.
Ер басына күн туса,
Етігімен су кешер.
Аружан: Ерді қорласаң састырар,
Асты қорласаң құстырар.
Абай: Қоянды қамыс өлтіреді,
Ерді намыс өлтіреді.
Мадина Е.: Қауғадан шошынған мал оңбас,
Жаудан шошынған ер оңбас.
Ерлан: Жауға жаныңды берсеңде,
Сырыңды берме.
Мадина Д.: Ер бір рет өледі,
Қорқақ мың рет өледі.
Диас: Болат қайнауда шынығады,
Батыр майданда шынығады.
Нұрайлым: Жомарт бергенін айтпас,
Ер айтқанынан қайтпас.
Нұрдәулет: Жүк ауырын нар көтерер,
Ел ауырын ер көтерер.
Ақтілек: Ақылдан асар амал жоқ,
Батылдар алмас қамал жоқ.
Өркен: Ат өнері білінбес,
Бәйгеге түсіп жарыспай.
Ер өнері білінбес,
Қоян-қолтық алыспай.
Қарақат: Тура ағаш үйге тіреу,
Тура жігіт елге тіреу.
Ислам: Ер салмағын ел көтереді,
Ел салмағын жер көтереді.
Жансая: Ердің ісі-елдің мойнында,
Елдің ісі-ердің мойнында.
Есен: Ерлік білектен емес,жүректен.
Альбина Д.: Айлалы батыр алдырмас.
Мейрамбек: Батырлық айқаста танылар.
Гүлзира: Батыр болсаң-жауыңа найзаң тисін,
Бай болсаң-еліңе пайдаң тисін.
Ақжол: Батырғаоқ дарымайды,
Батылға жау жоламайды.
Альбина Т.: Ер жолдасы-тәуекел.
Жеңісті қолдан бермеген батыр ата-әжелеріміздің көпшілігі жеңіске жеткендерін көрген жоқ,бірақ қасық қаны қалғанша Отаны үшін,болашақ ұрпақ үшін шайқасты, бүгінде солардың арқасында
тыныш та бейбітшілік заманында өмір сүріп жатырмыз. Төбемізде Тәуелсіздіктің көк туы желбіреп тұр.
Келесі кезекте:
Ән: «Көктудың желбірегені». Орындайтын: Мейрамбек
Енді бүгінгі сабағымызға келіп отырған қонақтарымызға тартуымыз бар.
Асылбек Енсеповтың орындауындағы «Әке толғауы» деген күйіне Қазақша би.
Билейтін: Әбдікәрім Қарақат
Қортынды: Құрметті ата-аналар, ұстаздар осымен 1 «А»сыныбының «Ер есімі ел есінде» атты тәрбие сағатын аяқтай отырып, баршаңызға бақыт, бірлік тілейміз. Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген ниетпен қортынды сөзді ата-аналар мен ұстаздарға береміз.
- Танатарова_Разия
- 3 марта 2015
- 7337
- 0

