Күні, айы, жылы:
Өткізген: Қостымова Әйгерім Тақырыбы: «Жырлайды жүрек»
Мақсаты: М. Мақатаев поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, түсіндіру, сезіндіру, шығармашылығының музыкасымен үндесу ерекшелігін, ақынның сөзіне жазылған әндерін көпшілік назарына ұсыну; оқушының жан – жақты ойлануын, ізденуін дамыту, өлеңге деген ынтасын арттыру; адамгершілікке, Отанды сүюге, табиғатты аялауға, оларды ұмытпай есте сақтауға үйрету.
Көрнекілігі: слайд, қанатты сөздер, М. Мақатаевтың, Ф.Оңғарсынованың өмір жолы жайлы әдеби – монтаж.
Кештің өту барысы:
1-жүргізуші: Бүгiн сенiң туған күнiң шiркiн-ай, Аяжан Ұмытпастан тойлап жүр ғой жұрт ұдай. Сексен үшке толар едiң жан аға, Ғұмырыңды сәл ұзартса бiр Құдай. Мына дүние жатыр бүгiн қылып той, Жырларыңнан жүр жұртымда жылып бой. Мұзбалағы Хантәңiрдiң, уа, Мұқа, 2-жүргізуші: Халқың сенi ұмытпады бiлiп қой. Інжу Жетпесе де қадiрiңе тiрiңде, Банкет емес...той жасады бүгiнде. Тiрi болсаң ат мiнгiзiп астыңа, Ұсынар ед құшақ-құшақ гүлiн де. Тапсырғанмен қара жерге тәнiңдi, Ал жырларың жасай берер түбiнде. Тойлай берсiн, тойлай берсiн Алашым, Дүбiрлетiп қазағымның даласын.
1-жүргізуші: Қымбатты ұстаздар, қонақтар, оқушылар! Аяжан «Ақынмын деп мен қалай айта аламын, Халқымның өз айтқанын қайталадым. Күпі киген қазақтың қара өлеңін Шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың көпшіліктің махаббатына бөленген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кешімізге қош келдіңіздер!
2-жүргізуші. Інжу: Армысыздар, қадірлі ұстаздар мен қымбатты оқушылар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық-шынымен бақытты халық.
1-жүргізуші. Аяжан: Иә, Мұқағали- ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Мұқағали Мақатаев поэзиясы күншілдерге көктен түскен жасындай болып, көзі ашыққа мәңгі тозбас асылдай болып ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға еш бояуын жоғалтпай көшкені анық. Оның поэзиясы бүгін де әнге айналып көкте қалықтайды. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.
2-жүргізуші. Інжу: Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Мен сені, сезесің бе, неге іздедім,
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,- деп өзі жырлаған Тәңіртаудың биік шоқтығындай болған Мұқағали аға! /Сахнада. «Арыз жазып кетейін» өлеңі оқылады/ Оқитын: Санақбаева Аяжан 1-жүргізуші. Аяжан: Иә, ақын мұңы бізге жетті. Оның тілегін орындау – біздің парызымыз.Аламан бәйгеге оза шауып, өлең-жырда шамасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талантты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Ендеше тақтаға назар аударайық. /Интерактивті тақтадан Мұқағали Мақатаевтың өмір жолы баяндалады./
2-жүргізуші. Інжу: Осы орайда ақынның «Менің анкетам» атты өлеңі айтылғандарды нақтылай түседі деп ойлаймыз.
/ «Менің анкетам» өлеңі бойынша шағын көрініс көрсетіледі. Дәрігер және Мұқағали/ Оқитындар: Қабылов Құралбек, Қабылова Құралай
1-жүргізуші. Аяжан: Ақын жүрегі сезімтал ғой. Ол өз замандастары мен кейінгі ұрпағының өзін өлеңдерімен бірге есіне алып жүрерін алдын ала сезді ме? Көзі тірісінде «Жазылар естеліктер мен туралы» деп аз ғұмырының мәңгілікпен жалғасатынын дөп басып айтуы – көрегенділік. Иә, уаөыт өткен сайын Мұқағали ақынның тұлғасы дараланып, биіктеп бара жатқаны – ақиқат. Оның поэзиясы – халық байлығы.
«Жазылар естеліктер мен туралы» өлеңі оқылады/ Оқитын: Ендіғоева Айжан
2-жүргізуші. Інжу: «Мұқағали дүниеден өткен соң қатты күзелдім. Жүрегім әлсіреп, екі ай емханада жаттым. Екі айдан соң жұмысқа шықтым. Бешпентімнің қалтасынан хат шықты, Мұқағалидың жазуы екен: «Аға, мен ғой. Ішім күйіп барады. Не болатынын білмедім. Мынаған көңіл бөліп көріңізші!» депті. Бұл «Есіңе мені алғайсың» әні еді» деген екен Нұрғали Тілендиев. Ендеше кезекті әнге берейік.
Ән: «Есіңе мені алғайсың». Орындайтын: Музыка пәнінің мұғалімі Қадырова Мөлдір.
1-жүргізуші. Аяжан:: Туған жерге, елге, халқына, досына, Отанына, әкесіне, әжесіне, ана тіліне деген махаббат сезімі ақын ретінде оның басты тақырыбы еді. Өзінің ұлтын, туған тілін ерекше құрметтеді.
2-жүргізуші. Інжу: Түзу-түзу жыртылған аңыздайын, Аңызыма неге нәр тамызбайын. Қара өлеңі қазақтың қаза болса, Қара көзден неге қан тамызбаймын,- деп өзі жырлағандай, кезекті ақын өлеңдеріне берейік.
/Ақын өлеңдерінен құралған әдеби монтаж /
/ «Ей, өмір» оқитын: Әбілғазы Жұлдыз,
/ «Өлең деген тумайды қайшылықта» Оқитын: Құдайбергенова Гүлнұр / / «Күндестік құрсын». Оқитын: Санақбаева Аяжан/
1-жүргізуші. Аяжан: Нұрғиса Тілендиев ақынның ауылы Қарасазға Мұқағалимен бірге демалуға барады. Екеуі жайлау төрінде отырады. Неге мына жасыл жайлау туралы ән шырқамасқа. Нағыз Саржайлау дегеніміз мына жатқан Шалкөденің кең төсі емес пе?-деп таңқалған. Содан ағамыз лезде «Саржайлауға» арнап, егілдіріп, төгілдіріп, құлпыртып өлең жазды. Сөйтіп «Саржайлау» әні өмірге келді.
Ән: «Саржайлау» /Хор/ Орындайтын: Бастауыш сынып оқушылары. / «Табиғат». Оқитын: 2 – сынып оқушысы Тағабердиева Мәдина/
2-жүргізуші. Інжу: Мұқағали поэзиясы мәңгілік, халықтың байлығы, болашақ ұрпақтың еншісі. Кір жуып, кіндік қаны тамған туған жері, ғажайып өлкесі туралы толғанысы ерекше болатын.Қарасазға деген ақын махаббатын сөзбен жеткізу мүмкін емес еді.
/ «Елім барда» өлеңі оқылады/ Көшімова Гүлжайна
1-жүргізуші. Аяжан:Мұқағали –адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жастық пен келісімнің жыршысы. Ақын ұлы сезімге бас иіп, өз өлеңдерінде махаббат тақырыбын кеңінен суреттеген.
2-жүргізуші. Інжу: Ән сал жаным, Әніңмен тербет мені. Бір сәтке Тынсын тірлік жер-көктегі — деп ақын жырлағандай кезекті әнге берейік.
Ән: «Мен деп ойла» орындайтын: Құдайбергенова Гүлнұр, Аңшыбаева Әмина
1-жүргізуші. Аяжан: «Өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді. Олай болса, Мұқағали Мақатаев та көз жұмған жоқ. Қатарымызда, әне, ол мұзбалақ қыранша дүр сілкініп, бүкіл залды тебірентіп, жазық маңдайы жарқырап, жарқылдап жыр оқып тұр» деген екен Әбділда Тәжібаев. / «Поэзия» өлеңі оқылады. Оқитын: Құдайбергенова Мөлдір/
2-жүргізуші. Інжу: Ақын шығармаларының үлкен бір саласы- оның поэмалары. Ең асылы, ең биігі- «Аққулар ұйықтағанда» деп аталатын поэмасы. Бұл поэма 1973 жылы «Жалын» журналында жарияланды. Поэманы алғаш Ғабит Мүсіреповке оқып бергенде Ғабекең Мұқаңа алтын қаламын сыйға тартқан болатын. Енді осы поэмадан шағын сахналық көріністі тамашалаңыздар. / «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан көрініс көрсетеді/ Қатысушылар: Автор, Еламан (әке), Жарас (бала), Інжу (ана), Дархан (тәуіп шал), Манас (жылқышы), Гүлжанат, Ләззат (аққу). 1-жүргізуші. Аяжан: Ана- өмір сыйлаушы, бала бағбаны. Мұқағалидың өлеңдері шын шабыттан, қиын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған. Ақын «Өткенде ғажап түс көрдім. Шешем Нағиман Батанқызы басында ақ жаулығы бар, Абай атамыздың қасында қуана басып, маған қарай келе жатыр екен. Ояна келсем түсім екен. Анам бақытты болады екен деп, ұзақ толғаныстан соң «Шеше, сен бақыттысың» деген өлең жолдары дүниеге келді» деп айтқан екен.
/ «Шеше сен бақыттысың» Оқитын: Сұлтанмұратова Жадыра/ / «Құттықтаймын мама». Орындайтын: 2 – сыны п оқушылары/
2-жүргізуші. Інжу: Өлең өнер, өлең дерт, оны туа біткен дарын иесі, шын талант қана өмірге әкеледі. Ақын әкелген әрбір сөз жүректерге ән болып, әуен болып жетіп жатыр. Оның әндері-таңғы шықтай мөлдір, сырлы әуенді. Ендеше, кезекті әнге жолдайық. / Ән: «Сәби болғым келеді». Орындайтын: Аңшыбаева Әмина / / «Әже, келін, сәби». Оқитын: Жаңбарбайқызы Қарлығаш/
1-жүргізуші. Аяжан: Ақын жүрегі нәзік, сезімтал. Ақындықпен айналысқан отыз жыл ішінде ол көзімен көргендерін, ақындық санамен түйсінгендерін қазақтың қара өлең үлгісімен төгілте жазды. Кейде өмірден безініп, ол да өзіне сүйеніш, тірек болар адамды іздейді. Кез- келген адам ақын жанын түсіне бермейді. Сондай уақытта Мұқағали Фаризаны тапты. Ақын ағамыз қазақтың ақын қызына арнап өлең шығарды.
/ Ән: «Фаризаға» Орындайтын: Музыка пәнінің мұғалімі Қадырова Мөлдір. /
2-жүргізуші. Інжу: Мұқағали – біздің заманымыздың ғжайып ақыны. Ақынның өзі «Кімде –кім шынымен менің өткен өмірімді білмек, зерттемек болса, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпасын. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін» деген екен.
/ «Арманда ұлым». Оқитын: Қуанов Ғалым /
1-жүргізуші. Аяжан: Міне, бүгінгі кешке қатысқан тыңдарман қауым, Мұқағалидың сырлы, әуенді, мұңды жырларына қанық болдыңыздар деп ойлаймыз.
2-жүргізуші. Інжу: Жылдар тізіліп өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түседі. Оның рухани қазынасын ұлт иелігіне асыратын XXI ғасырдың жастары-сендерсіңдер!
1-жүргізуші. Аяжан: «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали жырлары жылдан -жылға, ғасырдан- ғасырға жалғаса бермек! Мұқағали-мәңгілік өмір!
2-жүргізуші. Інжу: Сонымен, ақиық ақын Мұқағалиға арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кешіміз аяқталды.
1-жүргізуші. Аяжан: Келесі көріскенше амандықта болайық.
- nursulu
- 20 мая 2015
- 1584
- 0

