9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні.
1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы 4 жылға созылды.
Қазақ жерінде болмаса да, бұл Ұлы Отан соғысының қазақ халқының тарихынан алатын орны ерекше.
Себебі бұл соғысқа Қазақстаннан 1млн. 70мың адам қатысса,олардың басым көпшілігі ұрыс даласында қаза тапты,ал бірі хабар- ошарсыз кетті.Олар Отан үшін жанын қиды.
Сол соғысқа қатысқан қазақ батырларының ерлігі еш ұмытылмайды.Олардың ішінде:Бауыржан Момышұлы,Талғат Бегелдинов,Рақымжан Қошқарбаев сынды аталарымыз ерлік көрсетсе,Мәншүк Маметова,Әлия Молдағұлова деген батыр әжелеріміз сол кездері жас болса да өздері сұранып соғысқа аттанған. Отан үшін жандарын қиған.
Батырлар туралы өлеңдер.
Жансая: Қайтпаған дауылдан
Кек алған жауынан.
Халқымның қастерлі,
Жайсаңы Бауыржан.
Қазақтың қаны үшін
Жүрегі ауырған
Елінің намысын
Қорғаған Бауыржан.
Ерлан: Өр тұлғалы келбетті
Қошқарбаев Рақымжан
Сын сағатта ерлепті,
Ер сүйсінген батыр жан.
Қарақат: Батыр Талғат ағамыз
Құртып талай жау мысын
Мейірімді кескін жүз
Ерге біткен мінезі
Кеудесінде қос жұлдыз
Екірет батыр - бір өзі.
Ақжол: Жер мен көктің арасын
Шарпығанда қалың өрт.
Әлия орыс қаласын
Азат етіп болды мерт.
Мадина: Мәншүк атыс толасында,
Жүр орманның арасында.
«Мені ал,мені ал»деп алуан гүл
Қойнына оның таласуда.
Тығылып гүл омырауға,
Сұрағандай жанға сауға.
Ант еткендей тұрды Мәншүк
Гүлді жауға таптатпауға.
Мейрамбек: Аттары әнге ұласқан
Нұркен боп ашық тұр аспан,
Табылар Мәншүк,Әлия
Қарасаң әрбір кластан.
-Міне,осындай батыр ата-әжелеріміздің арқасында жеңіске қол жеткізіп,1945 жылы 9-мамырда Жеңіс күні тойланып,жеңіс туралы өлеңдер шырқалды.
Ақжол: Жеңіс келді далама,
Жеңіс келді ән болып.
Жеңіс келді қалама,
Келді ауылға сән көрік.
Аружан: Ұлы күшке сенген күн,
Фашистерді жеңген күн
Қырмызы гүл,қызыл гүл
Құшақтарға енген күн.
Ақтілек: Енді соғыс болмасын!
Қабаққа қайғы қонбасын,
Жер бетін өрт шалмасын.
Әр күні бейбіт таң атып,
Әлпештеп жұртты оятып,
Әр күні көкке күн шықсын!
Күрсінбесін аналар!
Күле берсін балалар!
Альбина Т.: Есігіне әр үйдің
Бесігіне сәбидің
Мәңгілік бақыт орнасын
Болмасын соғыс болмасын!
Хор: Мәңгілік бақыт орнайды,
Болмайды соғыс болмайды.
Жеңісті қолдан бермеген батырларымыздың ерліктерін айтып жеткізу мүмкін емес,ендеше «Сөздің көркі-мақал»демекші, келесі кезекті ерлік туралы мақал мәтелге береміз.
Жансая: Ердің ісі-елдің мойнында,
Елдің ісі-ердің мойнында.
Ерлан: Жауға жаныңды берсеңде,
Сырыңды берме.
Қарақат: Тура ағаш үйге тіреу,
Тура жігіт елге тіреу.
Ақжол: Батырға оқ дарымайды,
Батылға жау жоламайды.
Мадина: Қауғадан шошынған мал оңбас,
Жаудан шошынған ер оңбас.
Мейрамбек: Батырлық айқаста танылар.
Аружан: Ерді қорласаң састырар,
Асты қорласаң құстырар.
Ақтілек: Ақылдан асар амал жоқ,
Батылдар алмас қамал жоқ.
Альбина: Ер жолдасы-тәуекел.
Бүгінде Жеңіс күні мерекесі адамдардың ұлтына, дініне, тілі мен мәдениетіне қарамастан ортақ қуаныш күні.
Ән: «Әр қашан күн сөнбесін»
-Міне,биыл сол Ұлы Жеңіске жеткенімізге 68 жыл толып отыр.Арада қаншама жылдар өтсе де біз қастерлі мейрамның мән мағынасын ұмытпауымыз керек.Отан үшін отқа түскен ата-әжелерімізді де еш естен шығармауымыз керек.Еліміздің болашағы мына сендерсіңдер ендеше аспандарың ашық болсын, болашақтарың жарқын болсын,Отанға деген сүйіспеншіліктерің арта берсін.Жеңіс күні тағы да құтты болсын!
Осымен 1 «А»сыныбының тәлім сәті аяқталды,тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет.
- Танатарова_Разия
- 3 марта 2015
- 1680
- 0

