Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылы
№24 орта білім беретін мектебі
бастауыш сынып мұғалімі
Жанназарова Гүлзаура Көбейсінқызы
Баяндама тақырыбы: Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін арттыру жолдары
Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарда білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басты қағидалары ретінде жеке адамның білімділігін ынталандыру және шығармашылық қабілетін дамыту мәселелері айқындалып, басым міндеттер қатарына қойылған [1].
Білім беру жүйесі Қазақстанның ұлттық даму саясатында белгіленген басымдылық қатарында ерекше орында тұр. Білім сапасын арттырудың көзі – оқытудың тиімді жолдарын қолдану. Ал оқушылардың білім сапасы – ұстаздардың шығармашылыққа, нәтижеге бағытталған еңбегінің нәтижесі. Ғылым мен техника қарқынды дамып отырған бүгінгі күнде оқушының даралық қасиеттерін ескеру, жеке мүмкіндігін ашу, қабілетін, дарынын дамыту, таным деңгейін арттыру әр мұғалім мен бүтін мектептің міндеті болып табылады.
Еліміздің қоғамдық-экономикалық, саяси, мәдени дамуына үлес қосатын, әлемдік өркениетке көтерілетін білімді де мәдениетті, денсаулығы мықты, парасатты азамат тәрбиелеу, оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру - мектептің, ұстаздар қауымының бүгінгі таңдағы баға жетпес міндеті.
Баланы бастауыш сыныптардан бастап шығармашылық ойлауға, қалыптан тыс шешімдер қабылдай алуға, практикалық әрекеттерге дайын болуға әкелудің жолдарын көрсету керек. Шығармашылық — бүкіл тірішіліктің көзі. Тек шығармашылық қана қандай түрде, қандай деңгейде болмасын адамға өмірдің мәнін түсінуге, бақытын сезінуге мүмкіндік әпереді. Мұндай күрделі мәселені шешуде үздіксіз білім беру ісінің алғашқы сатылары болып саналатын бастауыш мектептің орны ерекше.
«Шығармашылық» сөзі «шығару», «ойлап табу» деген ұғымды білдіреді. Философиялық сөздікте «шығармашылық қайталанбайтын тарихи-қоғамдық мәні бар, жоғары сападағы жаңалық ашатын іс-әрекет», - деп көрсетілген [2].
Бастауыш сынып оқушыларының тұлғалылығын тәрбиелеу үшін, ең алдымен олардың қабілеттерін дамытудың мәні зор. Қабілеттер мәселесін қорытындылай келе, педагогикалық практика үшін мәні ерекше мына жағдайларға айрықша тоқталу жөн. Бірінші — адамдардың қабілеттер деңгейі жағынан тең дәрежеде болмауы. Қабілеттердің бірдей емес екендігін сыныпта отырған оқушылардың әрқайсысының әр пәнге және әр деңгейде қабілетті болатындығымен дәлелдеуге болады. Бірі есепке жүйрік болса, екіншісі тілге бай, ал енді біреулері сурет салғанды тәуір көреді. Олардың қабілеттерінің құрлымы да, оны құрайтын компоненттер де әр түрлі болады.
Екінші — адамдар бойында қабілеттің бір түрі ғана бола ма, әлде әр түрлі қабілеттің белгілері бола ма деген сауал төңірегіндегі пікірлер жайлы. Ғалымдар керісінше көзқарастардың бар екендігіне қарамастан, адам бойында әрекеттің бірнеше түрін оындай алу мүмкіндіктерін бар екендігін дәлелдейді. Мысалы ақындығымен қатар музыкаға, суретке қабілетті адамдар.
Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылықтарын, шығармашылық қабілеттерін арттыруда түрлі әдіс-тәсілдерді өз сабағымызда қолданамыз:
- Мәтін, ертегі, әңгімені өз бетінше аяқтау.
- Ақын, жазушылардың дайын мәтіндерін басқаша аяқтау.
- Белгілі мақал негізінде әңгіме жазғызу.
- Мәтін бойынша мақал құрастыру.
- Шығарма, мәтін, ертегі құрастыру. (тақырып бойынша, жоспар бойынша, тірек сөздер арқылы)
- Өлең, мақалдар құрастыру.
- Шығармадағы әңгімелерге ұқсас оқиғалар айтқызу.
- Кейіпкерге мінездеме беру.
- Шығарма бойынша сурет салғызу, ауызша суреттеу, қиялдау арқылы суреттеу,мүсіндеу.
- Рөлге бөліп оқыту.
- Логикалық ойлауын дамытатын ойындармен берілген тапсырмаларды шешкізу (анаграмма, сөзжұмбақ, ребус)
- Диалог-ертегі.
- Образға кіру.
Оқушының өз бетімен жұмыс жүргізуі - шығармашылық қабілетті дамытудың басты жолы. Бұл ізденіс, ойлау әрекетімен тікелей байланысты. Оқушының өз бетімен ізденісінде қай жаттығу ойды бекітіп, қай жаттығу шығармашылық бағытты көздейтінін мұғалім топтық жұмыс арқылы да жүзеге асыра алады. Мұғалім әрбір тақырыпты өткен сайын сөз өнерінің құдіретін оқушыға жеткізе білуі тиіс.
Мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеті мен әлеуетін танытатын жұмыстардың біразын ана тілі сабағында мәтінмен жұмыс кезінде жүргізуге болады әрі бұл пәнаралық байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту үшін бірнеше шарт орындалу тиіс:
- шығармашылық қабілетін дамытуды ерте бастан қолға алу;
- жүйелі түрде шығармашылық әрекет жағдайында болуы;
- ойлау мүмкіндігінің ең жоғарғы деңгейіне жету;
- оқушының шығармашылық іс-әрекетіне жағдай туғызу.
Жалпы қорытындылай келе, мұғалім тұтас педагогикалық үдерісте бастауыш сынып оқушыларын шығармашылықпен айналыса отырып оқу сапасын арттырады. Шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін, зеректігі, ізденімпаздылығы, еңбекқорлығы, шабытын, белсенділігін, қызығушылығын, ұстанымын оқушының жеке дара қасиетін, жан-жақты жетілген тұлға болуға тәрбиелейтіндігі сөзсіз. Бастауыш сыныпта математика, ана-тілі, қазақ тілі, еңбекке баулу, дүниетану, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, бейнелеу өнері сабақтарында және мектептен, сыныптан тыс жұмыстарда оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыруға мол мүмкіндік бар екендігіне көзіміз жетті.



