ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ-ЖАСТАРҒА ӨНЕГЕ
Байтубетова Қарылғаш Каримжановна
Тарих пәні оқытушысы
Атырау облысы, Мақат ауданы, Доссор поселкесі
Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі
Патриоттық сезім, адамгершілік –
жеке бастың, ұлттың, Отанның мақтанышы.
Б. Момышұлы
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан -2030» стратегиялық даму бағдарламасында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» деген сөзі бүгінгі жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.
Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен батырлардың әсіресе Абылай хан бейнесін таныту мақсатында «Көшпенділер» кинофильмнен үзінді, Отандық кино әлемінде үздік дәрежеде әлемге танытқан Сартай, Таймас, Қорлан батырлардың ерлігін паш ететін бәрімізге белгілі «Жаужүрек мың бала» фильмінен үзінді көрсету арқылы біріншіден, пәнге қызығушылығын арттырып, екіншіден, әр баланың бойындағы патриоттық сезімнің еселей түсірдім деп есептеймін. Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісін өткен мезгілде Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйін, шығармалары, әсіресе, «Баймағанбет Сұлтанға айтқаны», «Ереулі атқа ер салмай», «Әй, Махамбет жолдасым» өлеңдерін тыңдату арқылы студенттердің өз еліне деген елжандылық рухын арттыра түстім деп ойлаймын.
Сонымен қатар, жастардың бойында өз еліне, жеріне деген құрмет сезімін ояту мақсатында колледжішілік І-ІІ курстар арасында «Қазақстан: кеше, бүгін, болашақта» деп аталатын пікір сайыс өткізіп, студенттердің отанға, қазақ тарихына деген көзқарастары мен пікірлерін тыңдадым. Студенттер өздері жасаған слайдтар арқылы өткен Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанды салыстыра отырып, өз ойларын білдіріп, бір-біріне сұрақтар қойып, болашақта Қазақстанның өркениетті елдер қатарына енуі үшін қажетті мәселелерді атап көрсетті.
«Біздің алдымызда тұрған басты міндет – тәуелсіз Қазақстанның әр жас жеткіншегінің жүрегінде Отанына, жеріне, еліне деген ыстық сезім, шынайы сүйіспеншілік ұялату. Сондықтан біз адамзаттық көзқарасы қалыптасқан, әлеуметтік белсенділігі жоғары отаншыл ұрпақ тәрбиелеп өсіруге аса көңіл бөлуіміз керек». Осы мақсатта Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Орақ Әбуұлымен біріге отырып «Ерлікке тағзым ету - ұрпақ парызы» атты Ауған соғысының ардагерлерімен Ауған аумағына шығарылғанына 25 жыл толуына орай кездесу кешін өткіздік. Тәрбиелік шараның басты мақсаты - Отан алдындағы антына адал болу, патриоттық рухтың үлгі –өнегесі болып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер қатарына жан жақты жетілген жастарды тәрбиелеу еді. Кездесуге Ауған ардагерлерінен Оралбаев Саламат, Текеев Серікбай, Иманғалиев Есмұрат, Нұржекенов Түгелбек сынды ағаларымыз қатысып, Ауған ардагерлері соғыс уақытындағы өздерінің патриоттық борышын өтеу кезіндегі қиыншылықтарды айта отырып, студенттердің қойған сұрақтарына жауап беріп, қазақ халқының ұлтжандылық, отансүйгіштік, патриоттық сезімінің жоғары екенін, болашақ ұрпаққа да өз елінің сенімді жауынгер-азаматтары болуларын тіледі.
“Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашан да қарыздармыз”, - деген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың ұранды сөзін басшылыққа ала отырып, студенттерге қазақ батырларының тарихта алар орнын көрсетіп, студенттерді елін, жерін сүюге, ұлтжандылық сезімін оятып, азаттық, бостандық үшін күрескерлерді мақтан тұту сезімдерін қалыптастыру мақсатында І курс студенттеріне «Ұлт-азаттық жолындағы күрескерлер» тақырыбында сабақ өткізіп, болашақ жастардың қазақ батырларының игі дәстүрін сақтайтын, күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болатын ұрпақ екендіктеріне тоқталдым.
І курс студенттеріне «Монғол шапқыншылығы» тақырыбын өткенде, Отырар қаласын ерлікпен қорғаған қала басшысы Қайыр хан мен қала халқының жаумен шайқасын әңгімелей отырып, Қайырхан ерлігіне ерекше тоқталып, тіпті жауы болса да, Шыңғыс хан: «Осындай (Қайырхандай) жауынгерім болса, жүз жауынгер татыр еді», деп ержүректілігін мойындағанын айта келіп, қала қақпасын ашып берген Қараша қолбасшының опасыздығына тоқтала отырып, Отанын сатқан адамға еш кешірім болмайтынын, оқушыларды өз Отананын қорғау-қасиетті борыш екенін, оның бізге ата-бабамыздан қалған аманат екенін айтып өттім.
Әрбір адамға ең жақын, ең қасиетті мекен-туған жері, туған жерінің тарихы, тарихи-мәдени ескерткіштері, табиғаты екенін ұғындыра отырып, қойнауы «қара алтынға» бай, тарих пен шежіреге толы Доссор өлкесінің тарихы, мұнайшы ардагерлері мен қаһарман батырлары туралы түсінік беру масатында, өз еліне деген патриоттық күшті ұлғайту үшін 170 тобына «Мұнайлы өлкем Доссорым» тақырыбында этнографиялық сайыс өткіздім.
Қорыта келе, өткені мен бүгінін таразыға сала алатын, келешегінің сабағын ертеңіне бағдар еткен рухтары асқақ, жандары таза жастарды тәрбиелеу-бүгінгі күннің міндеті. Ал менің басты міндетім-біздің Отанымыз-Қазақстан Республикасы екенін және Отанды қорғау қасиетті борыш екендігін үнемі айтып отыру. Сонымен қатар, жастардың Отан тарихына деген ынтасын, сабақтағы белсенділігін арттыру мақсатында тарихи оқиғаларды, тарихи дәуірлерді, қазақ тарихының батырларын, қоғам қайраткерлерін әсерлі баяндай отырып, жастардың өткен тарихты дұрыс бағалай білуіне көмек көрсету. Ендеше, жастарымыз осы мемлекеттің мүддесін қорғайтын патриоттары болуы керек. «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол - Тәуелсіз Қазақстан. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз. Ол үшін әрбір азамат еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халықтарымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жан – тәнімен сезінуі керек» - деген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сөзі партриоттық ұғымның, ел мен жердің бүтіндігін сақтау, халықтар достығы мен бірлігі екенін нақтылай түседі. Ендеше, құрметті әріптестер, жас ұрпаққа ұлттық, патриоттық тәрбие беру басты мақсатымыз екенін ұмытпайық.
- Карлыгаш
- 19 мая 2015
- 910
- 0



