
Ақтөбе облысы,Мұғалжар ауданы
Қандыағаш қаласы
№4 орта мектебінің
Технология пәнінің мұғалімі
Имандосова Женисгуль Мырзабаевна
Баяндама
Тақырыбы:Ұлттық, сәндік - қолданбалы өнер
Ақтөбе облысы,Мұғалжар ауданы
Қандыағаш қаласы
№4 орта мектебінің
Технология пәнінің мұғалімі
Имандосова Женисгуль Мырзабаевна
Тақырыбы:Ұлттық сәндік қолданбалы өнер
Қазақ халқының кезіндегі қолөнері сан ғасырлық ақыл-ойдың тәжірибесін табиғатты түсіне білудің, сондай-ақ дәулескер шеберлік пен даналық суреткерліктің құдіретті туындылары десек, асыра айтқандығымыз болмас. Қолөнер шеберлерінің жан дүниесінен жүрек талғамымен өріліп шыққан туындылар адам жанын рухани байытып, талғам тынысын, көңіл көкжиегін кеңейтіп, өмірге көзқарасын оңалтады. Ақиқатында, бұл – шебердің нағыз шеберінің қолынан келетін құдірет. Себебі, шебердің ол маңдай тері, ақыл-парасаты, талғам түсінігі, өмірге көзқарасы, дүниетанымы өзіндік жүрек қалауымен қайталанбас қолтаңбасынан көрініс табатын болса.
Сән және қолданбалы өнер - сән өнерінің бір саласы, тұрмыска кажетті көркем, жиһаздық заттарды жасайтын шығармашылық түрі. Негізінен, түрлі үй жиһаздарын , зергерлік ою-өрнекпен әшекейленген заттар, тіршілікке қажетті сәндік құрал-жабдықтар, сувенирлер, құмыра, сый кеселер, т.б.) жасайды. Сән және қолданбалы өнерінің материалдары - металл, керамика, ағаш, қыш, шыны, асыл тастар, сүйек, былғары, т.б. Негізгі техникалық әдістері көркем оймыш, шекіме, көркем жазба, кесте, құйма, т.б. Ол сүйек, ағаш, тері өңдеу, бедерлеу, зергерлік, инкрустация, фарфор, фаянс, кілем тоқу, көркем мата жасау секілді салаларға бөлінеді. Сән және қолданбалы өнер келелі өндірістік, технологиялық міндеттерді атқарғанымен, өз дәуіріндегі өнер мен мүліктік мөдениеттің даму дөрежесіне тәуелді болып, дәстүрлі, жергілікті этникалық ұлттық ерекшеліктің негізінде дамиды. Сәндік-қолданбалы өнерге негізделген көркем-шығармашылық сабақтар мектеп оқушыларына белсенділік береді, бейнелі ойлауын, қиялдауын да-мытуға ықпал етеді,. Мәселен, халықтың сәндік-қолданбалы өнер туындыларындағы бейнелер мен ою-өрнектерде берілген оюлар, түйсіктер мен түсініктер, тұжырымдар, халықтың дүниетанымы жеке тұлғаның эстетикалык сапаларын жетілдіре түседі. Бояу түстері мен материалдың, бұйым формасы мен нақыштарының үйлесімділігі, олардың әсемдігі мен жарасымдылығы адамның ой ұшқырына әсер етіп, оның рухани жан дүниесін байытады. Саналуан, киын да күрделі өрнектерді жүзеге асыру шығармашылықты шыңдайды, сәндік-қолданбалы өнер сабақтарында ырғақ, бояу түстері, сызбалардың икемділігі туралы негізгі үғымдарды меңгереді. Олардың әртүрлі материалдар мен құралдарды пайдалану тәсілдері туралы түсініктері қалыптасады.
Кешегі қазақтың қолөнері бүгін қайда барады? Енді осы бір толғақты сауалға жауап ізделік. Жасыратыны жоқ, бүгінде қазақ қолөнері келмеске кетіп баратын сыңайлы десек, қателеспейміз. Қолөнердің бүгінгі халіне қарасақ, ата-баба мұрасының қайсыбір керемет түрлері мен үйлесімдері (бөліктері) түрлі тарихи себептермен жалпы ағымға, техникалық прогреске, қалалық сәнге, тағы басқаларға байланысты көпе-көрінеу ескіріп, өткен өмір еншісіне айналып барады.
Ал бүгінде, яғни еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері Елбасымыздың тікелей ықпалымен ұлттық өнерге деген талпыныс бар. Жыл сайын, болмаса мерекелік іс-шараларға байланысты аймақтық, республикалық деңгейде қолөнер шеберлерінің көрмелері, ұлттық дәстүрдегі іс-шаралар өткізіліп жүр. Демек, келешек ұрпақтардың ұлттық өнерге деген талпыныстары қалыптасып келеді.
Десе де, сіздер мен біздер еліміздің ертеңі үшін бүгінгі ұрпақты білімді, өнерлі болуға баулу бағытында не тындырып жатырмыз, осы ойландырады. Осы бір қағидаға сүйене отырып, бүгінгі жастардың кейбір істеріне көңіліміз толыңқырамайды. Жасыратыны жоқ, жастарымыздың ұлтық өнерге деген көзқарасы мен бейімділігінің кемшін тұстары жетерлік. Өздеріңізге мәлім, қоғамға нарық заманы енуіне байланысты жұмыссыздық жастар еншісіне көбірек тиюде. Егер қолөнерден нәр алған жастар болса өмірден өз орындарын ойып тұрып алар еді. Қазағым: «Кәсібің – нәсібің» деп бекер айтпаса керек.
– Қолөнер дегеніміз – ол кәсіптің бірі де, бірегейі. Ал, кәсіпкерлік – ол адам баласының тіршілік көзі. Неліктен осы қолөнерге деген халықтың ынта-ықыласы төмен?
– «Не себеп?» деген сауалыңа мынадай үш себепті ұсынар едім. Біріншіден, қол үзіп бара жатқан ата кәсіпкерлікке жанашырлық керек. Содан да осы кәсіпкерлікті дамытамыз деп жүрген қолөнер шеберлеріне мейлінше қамқорлық жасалса. Екіншіден, дүкен, базарлардағы полуфабрикаттық тұрмыс заттарын ғана емес, қолөнер шеберлерінің осы заман талабына сай жасаған ұлттық тұрмыстық бұйымдарын неге пайдаланбасқа? Yшіншіден, отбасынан бастап, балабақша, мектептерде ұлттық өнерді насихаттап, оларды жас ұрпақтардың бойына сіңіре білуіміз керек-ақ. Осы үш себеп оң шешімін тапса, жастар ұлттық өнерге бейімделіп, еліміздің әлеуетін көтеруге өзіндік үлестерін қосар еді. Ғылым мен өнер егіз десек, ғылыммен ұштасқан өнер жастарды өнертапқыштық деңгейге жетелер еді.
Халык шеберлерінің колынан шыққан бұйымдарын талдап қана коймай. соларға ұқсатып жасау баланың шығармашылык жұмысқа, ұлттық өнерге сүйіспеншілігін арттьірады, әдемі заттар жасауға талпындырады.
Ұлттық сәндік-қолданбалы өнері қаншама жылдар бойы жасалып, жетіле түскен аса кәсіби дағдылар мен амал-тәсілдерге негізделген. Олар арқылы карапайым да көркем мәнерлілікке қол жеткізуге болады. Оларды жұлдызша. айшық, ирек сызықтармен бедерленген керамикалык ыдыстардан; ағаштан ойып жасалған бұйымдардан; жіптерді өру, айқастыру, шатыстыру аркылы токыған токыма үлгілерінен; құю, бедерлеу, жапсыру тәсілдерімен, асыл тастарымен, бағалы металдарымен ерекшеленген зергерлік өнер туындыларынан көруге болады. Осы техникалық әдіс-амалдарды үйрену де мектеп оқушыларына тән және бұл олардың шығармашылық қабілеттерінің байқалуына, дамуына кең мүмкіндіктер береді.
– «Өнер – ағып жатқан бұлақ, білім – жанып тұрған шырақ» дегендей, өнерлі де білімді жастар – еліміздің ертеңі. Содан да сегіз қырлы, бір сырлы қазақ азаматтарын тәрбиелеу үшін баланың жан дүниесін өнердің алуан түрімен байыту қажет-ақ. Бала бойындағы қабілетті ашып, ізденіске жетелеуде үйірменің үйретері көп.
Ел аузынан «Ұстаз пейілді болса, шәкірті зейінді болады», «Ұстаз – екінші анаң», «Ұстазыңды өле-өлгенше мадақта, сол емес пе сені қосқан санатқа» деген ұлағатты сөздер қалған. Содан да балаларды ұлттық қолөнерге баулу – менің парызым мен қарызым.
Қорыта келе тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, ағайын, ұлттық дәстүріміз бен өнерімізді жас өрендер бойына сіңіруге, көптің игілігіне айналдыруға жан сала жігер жұмсап, жұмыс істеуіміз қажет-ақ. Сонда ғана шәкірттеріміздің шеберліктері арта түсіп, ұлттық өнеріміздің өркен жаятыны ақиқат.



