
Әлемдегі ең қымбат кітаптар
Кітап – ең қымбат сыйлық. Оның арзаны да, бағасы жоғары құндысы да болады. Алайда әлемде бағасы шағын мемлекеттердің бюджетімен пара-пар кітаптар баршылық. Бірақ оның бағасы жай қойыла салатын дүние емес.
Алдымен оның қай дәуірге жататыны мен түпнұсқасы қандай екендігі қатаң ескеріледі. Егер кітаптың иегері танымал тұлға болса және өзінің суреті, қолы қойылған жазбасы болса, онда бағасы шарықтай түспек.

Гутенберг библиясы – 25-35 млн. доллар
Бұл Еуропа баспасынан басылып шыққан туынды. 1456 жылы Гутенберг осы кітаптың 180 нұсқасын басып шығарған.
Оның 45-і пергамент қағазында, ал қалғаны итальяндықтардың сулы белгілері бар қағазына басылған. Қазіргі таңда әлемде Библияның 48 нұсқасы сақталған. Оның жартысынан көбі өкінішке қарай, толық сақталмаған. Кітап бағасының жоғары болуына оның алғашқы болуы мен сапасы әлдеқайда көп рөл атқарған. Кітаптың жарыққа шыққанына 5 ғасырдан асып кетсе де, оның қағазы қатты және әріптері де толық оқылады. Гутенбергтің өзі арнайы жасаған бояудың сыры да әлі беймәлім. Бұл кітаптың барлық нұсқалары әлемнің әр түкпірінде атақты музей мен тарихи кітапханалардың сөресінде тұр.

Лестер кодексі – 24 млн. доллар
72 беттен тұратын Лестер кодексі ұлы суретші Леонардо да Винчидің астрономия мен геологиялық зерттеулерінен, су ағысы мен иірімінің суреттерінен, ғылыми бақылауы мен эскиздерінен тұрады.
Кітаптың тағы бір ерекшелігі, ол басынан аяғына дейін теріс жазылған, яғни оны айнаға қарап оқуға да болады. Кітап оны 1717 жылы алғаш сатып алған граф Лестердің құрметіне атаған. 1994 жылы Лестер кодексін 24 миллион долларға қазіргі иегері Билл Гейтс сатып алған. Кітаптың бағасының шарықтауына Леонардо да Винчидің ішіне салған суреттері әсер етіп отыр.

Шекспирдің бірінші фолиосы – 22,6 млн. доллар
Шекспирдің пьесалары алғаш рет 1623 жылы автордың өзі қайтыс болғаннан соң 7 жылдан кейін ғана жарық көрді.
900 беттен тұратын жинақта Шекспирдің 36 пьесасы тоғысқан. Автордың өлімінен кейін оның еңбектерін достары мен әріптестері топтастырып, 1000 данасын шығарды. Қазіргі таңда кітаптың 200 данасы сақталған. Оның 79 Фолджер кітапханасында сақтаулы. Пьесалардың ішінде ең қымбаты редакторлық өңдеуден өтпеген «Бірінші фолио» болып есептеледі.



