Мінезді анықтау Отырыс-тұрысқа байланысты
«Кімнің кім екенін қалай түреген тұратынынан, қалай отыратынынан-ақ білуге болады», - дейді мінез-құлық танушы психолог мамандар.
Отырғанда...
Тізеңізді бірінің үстіне бірін қоюға «әуес» болсаңыз:
Өзіңізге өзіңіз өте сенімдісіз. Қандай қиындықты да жеңе аламын, маған алдырмайтын, менің шамам жетпейтін еш нәрсе жоқ деп білесіз. Шынында да жұмыста да, тұрмыс-тіршілікте де сіз нендей тығырыққа тірелсеңіз де қиналмай шешесіз, бұзып-жарып қалайда шығатын, бәле-жаланың бәрін артта қалдыратын күш-қайрат, тескіндік табасыз. Сіздің тағдыр-талайыңызға мақсат-мұратыңызға қол жеткізіп, жаныңыз жайланып ғұмыр кешу жазылған.
Екі аяғыңызды бір-бірімен орап, матап «тастауға» дағдылансаңыз:
Өзіңізге-өзіңіздің сеніміңіз жоқ, не нәрсені де қолыңыздан келмейтіндей, шама-шарқыңыз жетпейтіндей көріп, тайсақтап, қорғаншақтайсыз да жүресіз. Бүгін шешетін, бүгін іске асыратын шаруаны ертеңге қалдыруды «жан тыныштықтың» бір жолы сияқты көресіз. «Ажалдан басқаның бәрі тезірек болғаны жақсы» деген қағида сізге жүрмейді. Бірдеңелерге қол жеткізгіңіз келсе шираңыз, батылданыңыз, әйтпесе бәрінен қорқып-үркіп, кежегеңіз кері кете берсе, қамшының сабындай келте ғұмыр өтеді де шығады.
Аяқты айқастырып, алға созып жіберуді әдет қылсаңыз:
Мінез-құлқыңыз өктем, маңайыңызды өзіңіздің айтқаныңызбен жүргізіп-тұрғызғыңыз келеді. Қашанда, қай жер, қай ортада да өзіңіз басшы, өзгелер қосшы болғанын қалайсыз. Басқалар да бар-ау демей, аяқты жамбасыңыз жер иіскеді дегенше айқастырып, алдыға «лақтырып тастайтыныңыз» да сол «менен өткін кім бар» деген ішкі өктем пиғылыңыздың көрінісі. «Алдымен сіз, содан кейін ғана біз» деп өзіңізді пір тұтатын орта болса, жұртпен тіл табысып, тіршілік ету сіз үшін қиынның қиыны. Қадір-қасиетіңіз асып, мысыңыз басып тұрмаса, кім «бұл тұрғанда, мен былай тұрайын» дейді... «Адамның күні – адаммен» болғасын «Аяз би, әліңді біл» дегенді бірауық еске алған жөн.
Екі тізенің арасын қосып, табаныңызды жерге төсеп отырсаңыз:
Маған кім не істер екен деп үнемі қорғаныста жүретініңіз болмаса, өз тарапыңыздан бастама көтеруге, ара-тұра болса да әлдебір істің басында, тізгін ұстап отыруға жоқ адамсыз. Жұрт өзіңізді сабырлы көреді, бірақ сізде одан гөрі тұйықтық, жасқаншақтық басым. Біреу бетіңізге жел болып тиді дегенше іренжіп, меселіңіз қайтып, жасып қаласыз. Ешкімге қосылмай саяқ, өзіңізбен өзіңіз жүретініңіз де содан.
Табанның ұшын қосып, өкшені алшақтатып отыруға әдеттенсеңіз:
Кінәмшіл, шамшыл бірақ батылдыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жансыз. Сізге қай істе де болады, не болмайды, жақсы, не жаман деп кесімді пікір айтудан қиын нәрсе жоқ. Көптен танитын біреулеріңіз болмаса, ешқандай ортаға сіңісіп, біреулермен емен-жарқын араласып-құраласып кете алмайсыз. Ойыңызды да, бойыңызды да ширақ ұстаңыз, өзіңізге жетпей тұрған сол.
Тұрғанда...
Қос табаныңызды қатар қойып, түзу тұрсаңыз:
Қандай жағдайда да өз қалпыңызды жоғалтпайтын, мінез-құлқыңыз салмақты, тұрмыс-тірлікке икемді, майлық-сулығыңыз бірдей жансыз. Жолдас-жора, жақын-жуықтарыңыздың артық-ауыс сөзіне, іс-әрекетіне кешіріммен қарайсыз. Бұл қасиетіңізді үйдегілер де, түздегілер де жоғары бағалайды. Сондықтан да маңайыңызға ағайын-тума, дос-жараныңыз әрдайым үйіріліп жүреді. Жағыңыз түспей жамандық көрмейсіз.
Салмақты бір аяққа салып, екінші аяғыңызды бос ұстасаңыз:
Біреулермен пікір таластыруға бейім, ойдағыңызды кім қалай қарайды деп кипақтамай ашық айтып тастайтын қызу қандысыз. Көңіліңізге алған, алдыңызға қойған мақсатыңызға иек артпай тыным таппайсыз. Көпшіліктің көңіл аударғанын, халықтың назарында жүргенді жаныңыз сүйеді.
Екі қалтаңызға қол салып, екі аяқтың арасын алшақ қойып, төңірекке нығыздана көз тастауды ұнатсаңыз:
Алған бетіңізден қайтуыңыз қиын, өзіңізге аса сенімді жансыз. Бірдеңені мақсат етсеңіз, соны қалайда орындап шығуға тырысасыз. Дегенмен тым бірбеткей, «өзім білемдіктің» маңайыңызға жұғымды қыла бермейтінін ұмытпаңыз. Үй-ішіңіздегілермен де, сырттағылармен де қалыпты қарым-қатынас жасағаннан ұтылмайсыз.
Қолтаңбаға қарап мінезді анықтау
1. Қолтаңбаның үлкендігі
А) кең құлаштылық – ауқымды мәселелерді ғана ойлап, оларды талдағанды жақсы көреді;
Ә) шағын – деректі ұғымдардың аясында ғана ойлайды.
2. Қолтаңбасының ұзақтығы
А) барынша созылыңқы – мәселелерді тереңінен ойлайды. Жақын немесе бейтаныс адамдардың ісіне рұқсатсыз араласқанды жақсы көреді;
Ә) қысқа – мәселенің төркінін бірден анықтайды. Бір іспен ұзақ айналысқанды ұната бермейді.
3. Қолтаңбасының түрі
А) дөңгелек – жұмсақ, мінезі жібектей, аса мейірімді, салмақты;
Ә) әріптерінің бұрыштары үшкір – шыдамсыздық, қатаңдық, тәуелсіздік, қыңырлық.
4. Әріптерінің ара-қашықтығы
А) әріптер бір-бірінен алыс орналасса, ысырапшыл, бірақ қолда барын өзгеден аямайды;
Ә) әріптері бір-біріне тығыз орналасса – үнемшіл, сараң (әсіресе, әріптер кішкене болса).
5. Қолтаңбаны қоюдағы қосымша элементтер
А) дөңгелек – идеялар мен шешілмеген мәселелердің аясында қалып қою;
Ә) ирек сызықтар – қыңырлық пен байқағыштық;
Б) суреттер – шығармашылық қабілет.
6. Қолтаңбаның қағаз бетінде орналасуы
А) сол жаққа еңкейіңкі – өз-өзін өзгелерге таныта білетін және қоғамдағы пікірлермен келісе бермейтін адам;
Ә) оң жаққа еңкейіңкі – барлығына түсіністікпен қарау, мінездің тұрақтылығы;
Б) әріптер тік орналасса – ұстамдылық, ақыл, қайтпас қайсарлық;
В) Қолтаңбаны әр кез әр түрлі бағытта қоятындар – тұрақсыздық пен зымияндық;
Г) жатыңқы орналасқан әріптер – маңызды психологиялық ауытқуларды білдіреді.
7. Қолтаңбаның бағыты
А) жоғары – оптимизм;
Ә) төмен – пессимизм;
Б) біркелкі – тұрақты мінез.
8. Соңғы таңбаның ұзақтығы
А) соңғы таңбаның қысқалығы талғамсыздықты көрсетсе, керісінше ұзарта түсетін адамдар байқампаз, жан-жағын үнемі бақылап жүретін жандар.
9. Қолтаңбаның астын сызу
А) төменгі бөлігін – кекшілдік, өзін-өзі жақсы көру, өзгелердің пікіріне тәуелділік;
Ә) жоғарғы бөлігі – мақтаншақтық, атақ-абыройды сүю.
Б) қолтаңбаның өзін сызу – өз-өзіне көңілі толмаушылық.
10. Симметрия
А) симметриялы – адалдық;
Б) симметрияға мән бермеу – тұрақсыздық,
11. Күрделілігі мен қарапайымдылығы
А) қарапайым – бұл адам «менде қиыншылықтар жоқ» ұстанымымен өмір сүреді;
Ә) күрделі – түймедейді түйедей етуге құмар жандар;
Б) ерекше – шығармашылық белсенділігі зор.
12. Түсініктілігі
Қолтаңбасы түсініктірек болған сайын, ол адамның мінезі ашық жарқын келеді.
13. Қаламды ұстауы
А) тым қатты ұстап жазатындар – ашуланшақ;
Ә) солғын – құпиялылық;
Б) қатты батырып жазу – өзіне деген сенімділік.
Ал Сіздің қолтаңбаңыз қандай?
Дайындаған: Анихан Асылзат
«№11 Қоскөл орта мектебі»КММ психологы
- asilzat1991
- 27 февраля 2015
- 2108
- 0



