Өзiн-өзi тану сабағы Мектеп:Арбиген жалпы орта білім беру мектебі. Мерзiм____________ Тақырып: «Сүйіспеншілік-өмір өзегі» Құндылық: Сүйіспеншілік Қасиеттер: Махаббат,сыйластық,мейірімділік, жақсы көру. Мұғалiм: Айтымова А.С Сынып:5 Оқушылар саны:_8_ Сабақтың мақсаты: Оқушыларға өмірдің мәні сүйіспеншілікте екенін түсіндіріп, балалар бойында мейірімділік, сыйластық қасиеттерін дамыту. Міндеттері: Білімділік: Әлемдегі бар жақсылық сүйіспеншілік арқылы келетініне көз жеткіздіру.Баланың жан дүниесіне үңіліп, түсіне білуге, сүйіспеншілікті танып, оны құрмет тұтуға баулу. Дамытушылық: Өзіне, ата-анасына, Отанына деген сүйіспеншілікке байланысты ой-өрістерін дамыту. Тәрбиелік: Сүйіспеншілік, мейірімділік сезімдерін ояту, жандарын нұрландыру, көңілдерін қуанышқа бөлеу, оқушыларды өз Отанын, туған жерін, ата - анасын сүюге тәрбиелеу. Сабақ барысы: 1 Ұйымдастыру кезеңi. Сәлеметсіздер ме балалар! Көңіл күйлеріңіз қалай, бүгін сабақта кім жоқ? Сабаққа дайындығымыз қалай, оқу құралдарымыз: оқулық, дәптер, күнделік, қалам және түрлі-түсті қарындаштарымызды түгендейік. Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену» Әуен: Пионино-мои чувства Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге н/е парта үстіне қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін. Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады.Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты. Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын бастағанын елестетіңіз.Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен тек жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді. Нұр бірте, бірте қарқын және щұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын. Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын.... Ғаламның барлық түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрмын....Нұр менің ішімде.... Мен Нұрмын» Осындай НҰР, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз.... Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет. Нұрға бөлену кезінде қандай сезімде болдыңыздар? Қорытынды: Сонымен, балалар, жаттығу барысында нұрға бөленген кездегі мейірімділігіңізді және ішкі тыныштықты жүректеріңізде үнемі сақтаңыздар. Ресурстар: 2.Үй тапсырмасын тексеру. Үй тапсырмасына 10 –шы тақырыптағы З.Воскресенскаяның «Ана» атты әңгімесін оқып, өз түсінігіміз бойынша талқылап келу берілген. -Неге ананың қолы ең қасиетті, аялы дейміз? -Ал ананың жүрегін ең сенімді және сезімтал жүрек, оның сүйіспеншілігі неге ешқашан сөнбейді дейді? -Неліктен көзінен еш уақытта еш нәрсе де қалтарыс қалмайды дейді -Неліктен адам есейіп кетсе де анасының махаббатын аңсайды деп ойлайсындар? -Адамға риясыз сүйіспеншілік қаншалықты қажет? -Сүйіспеншілік сезімі болмаса, не болар еді? -Сүйіспеншілік өмір-өзегі дегенді калай түсінесіздер? -Дұрыс балалар сенің жасың қаншада болсын-мейлі бес жас болсын, мейлі елу жас болсын, саған әрқашан ана керек, оның аясы, мейірімі керек. Сенің анаңа деген сүйіспеншілігің неғұрлым зор болса, өмірің де соғұрлым шексіз қуанышқа, шалқар нұрға бөленеді. Сабақ барысын талқылау: Дәйек сөз. Көрнекілік ретінде интербелсенді тақтаға жазып көрсету. «Адамның жақсысы - адамға сүйіспеншілікпен қарағандар» Абай Құнанбаев -Абай Құнанбаев кім? Ақын, жазушы, дана -Абай Құнанбаев атамызды есімізге түсірейікші, оның қандай шығармаларын білесіңдер? Үш рет дауыстап айту және жұмыс дәптеріне жазғызу. -Дәйексөздің мағынасын калай түсінесіңдер? - Жақсы адамдар қандай адамдар? - Адамға риясыз сүйіспеншілікпен қарау дегенді қалай түсінесіңдер? - Риясыз сүйіспеншілік дегенді қалай түсінеміз? - Риясыз сүйіспеншілік неліктен адам жанын нұрға, көңілін қуаншқа бөлейді? Қорытынды: Әрбір адам өзіне, ата-анасына, Отанына сүйіспеншілікпен қарайды. Әлемдегі барлық жақсылық сүйіспеншілік арқылы келеді. 3.Әңгiмелеу (аңыз). Мұғалімнің сыйы «Ана махаббаты» аңыз әңгіме Бір күні балалары бір келісімге келе алмай анасына келіп сұрақ қояды: -Анашым, сіз біздердің қайсысымызды ерекше қатты жақсы көресіз? Анасы үндеместен, шырақты жағып былай дейді: -Мынау- шырақ, ол — мен! Оның жалыны- менің сендерге деген сүйіспеншілігім.Осыдан кейін анасы тағы бір шырақты алып, өз шырағы арқылы жақты. -Бұл менің- тұңғышым, оған мен өз жылуым мен сүйіспеншілігімді бердім. Қараңдаршы, екінші шырақты жағуыммен менің жылуым, сүйіспеншілігім азайды ма? - Жоқ! -Менің шырағымның жалыны бір қалыпты. Сонымен анасы қанша баласы бар сонша шырақ жақты. Шырақтың жалыны көбейіп, одан сайын көп жылу берді… Аналарың сендерді үнемі сүйіспеншілікке бөлейді, ал сендерде аналарыңды үнемі риясыз сүйіспеншілікке бөлеңдер! Сұрақтар: 1.Балалар не себепті келісімге келе алмады? 2.Ана өз сүйіспеншілігін қалай көрсетті? 3. Риясыз сүйіспеншілік дегенді қалай түсінесіңдер? 4.Өзімшіл сүйіспеншілік деген не? 5.Өзара сүйіспеншілік деген не? Қорытынды: Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі. Ананың көзінен нұр төгіліп, жан-жағына шуағын төгеді. Ананың жүрегі ең сенімді және сезімтал жүрек, оның сүйіспеншілігі ешқашан сөнбейді. Асыл Ананың құшағында мейірім алып жүрген біз – алтын Ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейікші! 5.Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс. Оқушыларды түсті қағаздар арқылы екі топқа бөлемін. (қызыл түс және көк түс) 1 тапсырма 1 топқа: «Ана» сөзіне топтастыру жасау, яғни анаңның жақсы көргенде айтатын сөздерін жазу 2 топқа: «Әке» сөзіне топтастыру жасау, яғни әкеңнің жақсы көргенде айтатын сөздерін жазу 2 тапсырма 1топ: анаға арнап төрт жол өлең шығарады. 2топ: әкеге арнап төрт жол өлең шығарады. 6.Топпен ән айту «Ана туралы жыр» Сөзі: Ғ.Қайырбековтікі, Әні: Ш.Қалдаяқовтікі Әлемнің жарығын сыйладың сен маған. Даланың әр гүлін жинадың сен маған. Сен бердің құстардың қанатын самғаған, Балалық құштарым өзіңе арналған. Қайырмасы: Әлдилеп,аялап,өсірген жемісің, Самал жел, сая бақ құшағың мен үшін. Есейіп кетсем де,мен саған сәбимін. Көңіліңді көктемдей көзіңнен танимын. 7.Үй тапсырмасы. 40 бет 11 сабақ «Отбасы татулығы» аңыз әңгімені үйде оқып мазмұндап келу 8. Соңғы тыныштық сәті: (Жайлы, баяу музыка ойнап тұрады) Мұғалім: Шеңбер құрып отырыңыздар, қолдарыңызды тізелеріне немесе үстел үстіне қойыңыздар, аяқтарыңызды айқастырмаңыздар. Арқаларыңызды тік ұстаңыздар... Көздеріңізді жұмыңыздар. Терең тыныс алыңыздар. Менің айтқанымды іштей қайталаңыздар. Бүгінгі сабақта қандай қасиеттер туралы айтылды? Жақсы көру және кішіпейілдік, жомарттық, мейірімділік ізгілік. Ал бұл қасиеттерді біз жүрегіміздегі риясыз сүйіспеншіліктен аламыз. Осымен сабақ аяқталды Сау болыңыздар!
- АЙКЕРИМ
- 24 января 2016
- 2747
- 0

