Ашу –дұшпан, ақыл – дос
Ақыл адам көрігі, ақылдың сабыр серігі
М.Әуезов
Мақсаты: Оқушылардың «ұстамдылық», «сабырлылық» адами қасиеттері туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
-ұстамдылық, сабырлылық, ақылдылықтың мәнін түсіндіру;
-өзара жағымды қарым-қатынас жасау іскерліктерін дамыту;
-ұстамдылыққа, сабырлылыққа тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар: оқулық, дәптер.
Шаттық шеңбері
Балалар шеңберге тұрып бір-бірімен амандасады. Бірлесе өлең жолдарын қайталайды.
Бізге ашық күн керек
Бізге ашық күн керек Жеңдіріп бір ашуды
Аспан керек мөп-мөлдір Ақылға әркез келеміз.
Қуанышқа тұр бөлеп, Азамат боп ер жетіп,
Бақытты өмір төккен нұр. Ағаларға ереміз.
Әңгімелесу
Мұғалім сабақ тақырыбының мәнін ашу мақсатында әңгімелесу жүргізеді.
1. Өлеңдегі: «Жеңдіріп біз ашуды
Ақылға әркез келеміз», -дегенді қалай түсінесіңдер?
2. Сендердің ашуланған кездерің болды ма? Не себепті ашуландыңдар?
3. Сол уақытта қандай күйде болдыңдар?
4. Сол күйден шығудың қандай жолдарын іздестірдіңдер?
5. «Ашу –дұшпан, ақыл-дос» деген мақалды қалай түсінесіңдер?
Балалардың жауаптарын мұғалім түйіндейді
- Адамдардың ойланбай істеген істерінің арты кикілжіңге апарып соқтырады. Кикілжің болған жерде міндетті түрде ашу туындайды. Ашу адамның өзіне де,өзгелерге де, айналасына да зиян. Өйткені адамның көңілі түседі, ешнәрсеге зауқы болмайды, жағымсыз сөздер айтады, айналасындағыларды ренжітеді. Ашу үстінде дұрыс шешім табу да қиынға соғады. Сондықтан да қандай жағдай болмасын ақылға жеңдіріп сабыр сақтап, ұстамды бола білу керек. Біз бүгінгі сабақта ашуланбау, сабыр сақтаудың адами қарым-қатынастағы мәні туралы әңгімелесеміз.
Мәтінмен жұмыс
Оқушыларға сабақ тақырыбының мәнін түсіндіру мақсатында әңгімелеу ұйымдастырылады.
Әңгіме : «Сурет» Ж.Дәуренбеков
1. Саматқа Азамат неліктен ренжіді деп ойлайсыңдар?
2. Азаматтың ашуының басылуына не себеп болды?
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Әңгіме: «Сырғанақта» Н. Носов
1. Әрі қарай не болды деп ойлайсыңдар?
Әңгімені жал,астырып көріңдер.
Балалар әңгімені жалғастырып айтады.
Түйіндеме
Түйіндемеде Данышпан атаның кеңесі ұсынылады.
Данышпан атаның кеңестері:
• Ашу қысқан кезде өзіңді-өзің ұстай біл.
• Ашуланған кезде бірден іштен онға дейін сана.
• Жақсы нәрсе туралы ойла.
• Өзіңді ұстамды сабырлы адаммын деп ойла.
• Басқа адамдарды ренжітетініңді ойла.
• Соңынан өкінетініңді есіңе ал.
• Ашуды ақылға жеңдір.
Ойын-жаттығу
Оқушыларды ашудан қашық болуға дағдыландыру мақсатында «Неге ұқсатамын» атты ойын ұйымдастырылады.
Балалар ашуланып тұрған адамды неге ұқсататындарын және не себепті оларға ұқсататынын кезегімен айтып шығуы тиіс.
Мысалы: Ашуланған сәттегі адамның бет-жүзін найзағайға, түнерген бұлтқа,қызып тұрған үтікке, лапылдаған отқа,айдаһарға, дауылға ұқсатулары мүмкін.
Дәйексөз
Сабақта айтылған ойлар мұғалімнің дәйексөз мәнін түсіндіруімен қорытылады:
- Ашуды жеңудің ең тиімді жолдары – ақылға салу, сабыр сақтау, ұстамды болу. Ақылды, кішіпейіл, әділ, батыл, қайырымды, мейірімді адам ашулана қоймайды. Ашуын ақылға жеңдіреді. Сондықтан да белгілі жазушы Мұхтар Әуезов: «Ақыл-адам көрігі, ақылдың сабыр серігі», деп өте орынды айтқан.
Жаңа ақпарат
«Іс-әрекеттің байыбына бара алатын, жақсымен жаманды айырып, дұрыс бағасын бере алатынадамды ақылды адам дейді» деген жаңа ақпарат арқылы сабақтың негізгі ойы түйінделеді.
Тапсырма
Оқушылардың білімдерін бекіту үшін тапсырма беріледі. Тапсырма бойынша балалар «Досың ашуланған кезде оған қандай ақыл айтар едіңдер?» деген сұраққа жауап береді.
Дәптермен жұмыс
Оқушылардың сабақтан тйген ойларын бекіте түсу үшін тапсырма беріледі.
Дәптерде берілген даналық сөздерді оқып, олар бойынша түсініктеріңді бос жолдарға жазыңдар.
Сабыр түбі –сары алтын.
Қайтіп кірер есікті қатты жаппа.
Шығармашылық жұмыс
Жүректен жүрекке
Сабақ соңында оқушылар өз сыныптастарына кезегі мен осы сабақ тақырыбының мазмұнына сәйкес тілектерін айтып шығады.
Өлең оқиды.
Аға ақылы
С. Мәуленов
Кім үлкенді тыңдаса,
Кім үлкенді сыйласа,
Үлкен болған кезінде
Сыйлы болмақ өзі де,
Ән: «Біз бақытты баламыз»
- m10121989
- 12 февраля 2015
- 3918
- 0

