Қазақтың салт-дәстүрі - ата-баба мұрасы
Мақсаты: Оқушыларға халық өнегесін үйрету,еліміздің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру,оқушы бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру.
Түрі: тәрбие-өнеге сабағы.
Әдіс-тәсілі: баяндау, сұрақ-жауап, сахналық көрініс
Көрнекіліктері: видеопроектр,слайд көрмелері,буклет
Барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Хор ҚР-ның әнұраны «Менің Қазақстаным»
ІІІ. Мұғалімнің кіріспе сөзі. /мақсаты,жоспары түсіндіріледі/
Ж о с п а р:
1. Салт-дәстүрің – асыл қазынаң.
2. Жеті атаны білудің мәні.
3. Тыйым сөздер.
4. Даналық сөздер – тәрбие құралы.
5. Ізгіліктің көзіндей дәстүріміз бар еді...
6. Ұмыт қалған дәстүрлер.
7. «Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен...»
М.Шаханов «Құдіретті төрт ана» - өлеңін оқып беру
Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала!
Әр адамда өз анасынан басқа да
Жебеп жүрер,демеп жүрер арқада
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жерні –түп қазығы,айбыны,
Туған тілі –сарқылмайтын байлығы,
Туған дәстүр,салт-санасы - тірегі
Қадамыңа шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы,еске алуға қаншама,
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Төртанаға әнін жалғай алмаған,
Пенделердің басы қайда қалмаған?
Төрт анасын қорғамаған халықтың,
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана – тағдырыңның тынысы,
Төртана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы.
1-оқушы:
Жер жүзінде екі мыңнан астам ұлт пен ұлыс тіршілік етеді десек,солардың әрқайсысының өзіне ғана тән әдет-ғұрыптары,салт-дәстүрлері бар. Олар –халық мәдениетінің аса мәнді құрамдас бөлігі, одан сол халыққа жататын адамдар мәдениетінің деңгейі,рухани байлығы,басқа ұлттар мен ұлыстардан,халықтардан айырмашылығының барлық белгілері
танылады. Сонымен қатар салт-сана,дәстүр қатып-семген,мәңгі өгермейтін нәрселер ем ес, елдің экономикасының,мәдениетінің өркендеуіне ілесіп, олардың озықтары одан әрі дамып,жаңғыра түседі, тозықтары қолданыстан қалып,ұмыт бола береді.
2-оқушы:
Дәстүрсіз халық жоқ. Барлық елдер секілді қазақтың да өз дәстүрі,ата-бабалары салған сара жолы,жөн-жобасы,бұлжымас заңы бар.
3-оқушы:
Қазақ – дәстүрі бай және оны қатаң сақтайтын халық. Туған халқының мінез-құлқын, наным-сенімін жете зерделеген ғұлама- Ахмет Байтұрсынов қазақтың Құдайдан кейінгі қорқатыны дәстүр бұзушылық екенін айтады. Қазақ дәстүрді білмегенді,сыйламағанды надан,тәрбиесіз,көргенсіз дейді.
Бұл - өте ауыр сөз, ауыр кінә,бірақ әбден орынды баға.Ұлттық салт-сана,дәстүр,әдет, әдептен аттап өтпейді. Және оны берік ұстайды,жас ұрпаққа үйретеді. Салт-дәстүрді сыйламағандар ауыр жазаланады.Ата-баба дәстүрін,ғұрыпты аттамайды.Ата жолына кім болса да бас июге тиіс. Бұл - ел-жұртыңды сыйлағаның.
Қазақтың туыстық,құда-жекжаттық,той-томалақ өткізу,өлім жөнелту,аруақ сыйлау, үлкен-ді,ата-ананы құрметтеу, қыз ұзатып,келін түсіру, жүйелі сөзге жығылу,тоқтау, обал-сауап, дастархан,шаңырақ, қонақ сыйлау, т.б. салт-дәстүрлерінде қаншалық адамгершілік, ізгілік, көрегендік жатыр десеңізші. Осындай дәстүрлерімізді ардақтап, қадір тұтуға ақыл-парасаты,мәдениеті, білім-білігі жетпеген жетесіз надан,көргенсіз болмағанда не болады?!
4-оқушы:
Қазақтың ертеден-ақ ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өзіндік ізгі қасиеттері, дәстүрлері,әдет-ғұрыптары бар. Сондай киелі дәстүрлеріміздің бірі – рулас ел ұрпақта-рының жеті атадан асқанша бір-бірімен қыз алысып,қыз беріспеуі. Бұл дәстүр – текті,дені сау,таза ұрпақ өсуінің кепілі. Өз ұрпағына жеті атасын үйрету атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі екені аян. Бабамыз«Жеті атасын білмеген жетесіз»деп балаларына жеті атасын,шыққан тегін үйретуді парыз санаған.
5-оқушы:
Бұрын балаға 7-9 жасында әкесінен бастап ағайын-туысын, нағашы жұртын, алыс-жақынды таныстыруға,ататегін,руын,ел-жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлінген.
«Жеті атасын білу» заң болған. Әкесі,атасы балаға тек жеті атасына дейінгі балаларының атын жаттатып қана қоймай, олардың қандай адам болғанын,ел жұрты үшін жасаған ерлігі, өнегелі істері жайында әңгіме еткен. Сол арқылы бала ата дәстүрін жалғастырса екен деген мақсат көздеген.
6-оқушы:
«Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар» деген аталы сөзді арқау етіп,баласына ата тарихын жастайынан жаттатқан. Ел-жұрт тарихын білу ер-азаматты ерлікке,елдікке,Отан сүюшілікке баулитынын білген.
Мұғалім:
Сұрақ: Жеті атаға кімдерді жатқызамыз? Кім өзінің жеті атасын айтып бере алады?
/ Бала,әке,ата, арғы ата,,баба, түп ат, тек ата /
7-оқушы:
Қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі – тыйым сөздер. Бұл сөздер арқылы есі кірген балаларды жаман әдет, жат пиғыл,орынсыз қылық, теріс мінездерден сақтандырып отырған.
Мұғалім:
Халқымызбен бірге ежелден жасасып келе жатқан тыйым заңдары бар. Ол жасқа да,жасамысқа да ортақ. Солардың бірі мыналар: Малды теппе,тізеңді құшақтама, бос бесікті тербетпе т.б өт көп. Ал сендер қандай ырым-тыйымдарды үлкен кісілердің аузынан жиі естіп жүрсіңдер? / Оның себебін түсіндіріп бере аласыңдар ма?/
8-оқушы:
Қазақ халқы ежелден ұрпақ тәрбиесіне басты назар аударған. Ұлын – қонысым, қызын - өрісім деп ойлайтын туған халқымыз баласының тәрбиелі,өнегелі болып өсуін қадағалап отырған. «Үйінде ұл-қызы бардың көрінде сөнбес жұлдызы бар» деп түсінген. Халық балаға жасында берілген тәрбиенің маңызын ерекше ұғынған. Ұл-қыздың тәрбиесіне байланысты өмірлік ережелерді,өмір тәжірбиесінен алынған сөздерді ұрпақ тәрбиелеуде тиімді қолдана білген.
Мұғалім:
Тәрбие құралы –даналық сөздер. Бала тәрбиесіне қатысты үйлеріңізде ата –аналары-ңыздың жиі қолданатын сөздері бар ма? Сол айтылған сөздерді білеміз бе,білсек айтып көрейік.
9-оқушы:
«Салтын сүйген – халқын сүйеді» немесе «Әр елдің салты басқа»деген дана халқымыз.
Маңғыстау өлкесі – салт дәстүрін мықты ұстанған,салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған текті өңір. Осы ата жолын ұстануының арқасында көптеген жағымсыз теріс қылықтардан, лас іс-әректтерден ұрпағын сақтап,тыйып ұстап келе жатыр.
Мұғалім:
Өз жерлеріңдегі бүгінгі күні көз адаыңызд өтіп жүрген ізгіліктің көзіне айналған қандай салт-дәстүрлерді атап бере аласыңдар?
Мұғалім:
Сұрақ: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей бүгінде ұмыт болған ,заман көшіне ілесе алмай,заман талабына үндеспейтін, тіпті елдің тұрмыстық-экономикалық жағдайын қайшылық келтіретін қандай салт-дәстүрлерді естулерің бар? Атап бере аласыңдар ма? Болмаса бүгінде мазмұны сақталған,кейбір өзгеріске ұшыраған қандай дәстүрлер бар?
Мұғалім:
Қазақтың күнделікті тұрмысының өзінде өлең айту - салтқа айналған. Сондықтан қазақ халқының өмірінің өзін өлең,ән-жырсыз бөліп алып қарау әсте мүмкін емес.
Біреудің кісісі өлсе қаралы - ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы – ол.
Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге әнге салады ол?
Күйеу келіп,қыз ұзат,тойыңды қыл,
Қыз таныстыр,қызыққа жүрт ыржаңшыл.
Қынаменде,жар-жар мен беташар бар,
Өлеңсіз солар қызық болама гүл?
Бала туса,күзетер шілдехана
Олар да өлең айтар шулап жана
Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,
Биде тақпақ,мақал бар, байқап қара.
Туғанда дүние есігін ашар өлең.
Өлеңмен жер қойнына кірер денең
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен
Ойлансаңшы,бос қақпай елең – селең.
- Бесік жыры
-Тұсаукесер жыры
- Жар-жар
-Тойбастар
- Беташар
- Бата түрлері
- Жарапазан
- Сыңсу.
Бекіту сұрағы :
-Дәстүр ұстау,салтын сақтау,әдеп,иман не үшін қажет?
/Оқушылардың пікірі сұралады/
10-оқушы:
Салт-дәстүрім –ата-бабам мұрасы.
Ата салтын қадірлеген қазағым,
Ардақтаған ата-баба аруағын.
Салт – дәстүрді осы күнге жеткіздің,
Көтерсең де тастай ауыр салмағын.
Салт-дәстүрің қазынаң мен байлығың,
Шапағатың,мейірімің, саулығың.
Дәстүріңді сақтап қалу жолында
Тарттың талай көп азабын тағдырдың.
Адам жоқ салт-дәстүрді қадірлемес,
Қасиетін дәстүрдің бәрі білмес.
Салт-дәстүрін білмеген адам болса,
Өміріне шапағат өңі кірмес.
Атам қазақ осылай айтып кеткен,
Ұрпағына дәстүрін тарту еткен.
Қазағым, ынтымағың мықты болсын,
Ел едің дәстүріңді сыйлап өткен.
Қорытындылау.
Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған.
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзін қалдырған.
Салт-дәстүрді ардақтайық баршамыз:
Қазақ атты,үлкен-кіші,барша жан! –дей келе бүгінгі тәрбие сағатын аяқтаймыз.
Қазақ халқының әрбір тұжырымды ойы,мақал-мәтелі,тыйым сөздері,мақал-мәтелі,тыйым сөздері – тәрбиенің мол мұрасы екендігін, оның күнделікті өмірде қажеттілігін көрдік. Халқымыздың әдет-ғұрып пен дәстүрін,тарихын біліп, оны қастерлеп,бүгініміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыру - әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз
екендігін жадымыздан шығармағанымыз абзал.
- nursulu
- 27 мая 2015
- 10013
- 0

