|
Біз бұрын мысал ретінде келтірген Оқушылар кестесін қарапайым мәліметтер қоры деп қарастыруға болады, бірақ шындығына келгенде ол қор емес, жай ғана кесте. Тәжірибеде көптеген байланысқан кестелерден құрылған күрделірек құрылымдармен жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан мұндай қорларды «реляциялық» деп атайды, яғни, бірнеше кесте арасындағы қатынастардың негізінде құрылған қор.
Егер кестелер арасындағы байланыс орнатылған болса, онда әртүрлі кестелермен тұтас мәліметтер қоры ретінде жұмыс істеуге болады.
Бірегей және түйінді көрсеткіштер
Кестелер арасындағы байланысты орнату үшін түйінді көрсеткіштерді көрсету қажет. Мұндай көрсеткіштер бір кестедегі жазбалар арқылы басқа кестедегі мәліметтерді таба алады. Негізгі көрсеткіштегі мәліметтер бір кестенің ішіндегі әртүрлі жазбаларда қайталанбауы қажет. Түйінді көрсеткіштердегі мәліметтерге жазбалар дәлме-дәл сәйкес келуі керек. Мысалы, бір сыныпта бірдей текті екі оқушы болса, онда олардың бақылау жұмыстарын тексергенде қайсысының жұмысы екенін. анықтау қиынндық туғызады. Мәлімет анық болу үшін оқушының атын қосу қажет.
Бірегей көрсеткіш-бұл мәндері қайталанбайтын көрсеткіш.
Тегі көрсеткіші бірегей бола алмайды, себебі тегі бірдей бірнеше адам болуы мүмкін. Мұндай көрсеткішті кестелерді байланыстыру үшін қолдануға болмайды.
Бірегей көрсеткішке ұялы телефон нөмірінің көрсеткішін айтуға болады, бірақ бір телефон нөмірін бірнеше адам қолдануы мүмкін.
Егер кестенің көрсеткішінің ешқайсысы бірегей ретінде жарамсыз болса, онда оны жасанды жолмен құруға болады.
Сендер көрсеткіштер типін талдау барысында есептеуіш көрсеткіш типі тізбектелген натурал сандарды автоматты түрде өспелі етіп шығаратынын байқадыңдар. Демек, осындай көрсеткіште мәліметтер қайталанбайды. Сондықтан мұндай типті көрсеткіш бірегей болып табылады, яғни, оны түйінді көрсеткіш ретінде пайдалануға болады.
Әрине, бірегей көрсеткіштер кестеде бірнешеу болуы мүмкін, ал түйінді көрсеткіштер тек біреу ғана болады.
|
Түйінді көрсеткіш – бұл жазбаны бір мағына ретінде анықтайтын көрсеткіш
|
|
Программа түйінді көрсеткішпен жеке жұмыс істейді. Ол оның міндетті түрде бірегейлігін сынақтан өткізеді. Егер түйінді көрсеткіште қайталанған жазбалар кездессе, онда қате екені туралы хабарлама шығады.
Кесте құрылымын жасау кезінде қолданушы көбінесе жұмыс барысында қай көрсеткішті түйінді көрсеткіш ретінде алатынын білмей жатады. Программа қолданушыға кесте құрылымын сақтау барысында түйінді көрсеткішті көрсетуін еске салады. Егер қолданушы қай көрсеткішті таңдарын білмесе, онда МҚБЖ автоматты түрде түйінді көрсеткішті құруды ұсынады. Сендер тек жүйенің ұсынысына дұрыс жауап берсеңдер, сол жеткілікті болады.
Кестелер байланысы
Байланыстың 3 түрі бар.
1. Бірнешеге біреу. Байланыстың бұл түрі кең таралған болып табылады. Бұған сатып алушы — тауарлар байланысы мысал бола алады. Шынында да, сатып алушы көп тауар сатып ала алады, ал тауар тек бір сатып алушымен ғана сатылып алынады.
2. Бірге біреу. Байланыстың бұл түрі Сынып жетекшісі — сынып қатынасының мысалында түсінікті болады. Бірге біреу байланысы бір кесте ретінде көрсетілуі мүмкін тәрізді. Бірге біреу қатынасы кестелерде өте сирек қолданылады.
3. Бірнешеге көп. Мұғалім — оқушы байланысы мысал бола алады. Бір мұғалімнің көп оқушылары бар, әр оқушы көп мұғалімде оқиды. Мұғалім мен оқушы сияқты байланысты кестелер арасында ұйымдастыру айтарлықтай күрделі, сондықтан байланыс үшін осындай түрдегі үшінші кестені құрады:
|
Жазба нөмері
|
Мұғалім нөмері
|
Оқушы нөмері
|
Іс жүзінде мәліметтер қорында Бірнешеге біреу типіндегі байланысты қолданады. Байланысқан кестелерде кестелердің біреуі негізгі, ал басқалары — бағынушы болады. Жазбалары аз кесте негізгі кесте болып есептелінеді.
Microsoft Access-те кестелерді байланыстыру «Мәліметтер сұлбасы» деп аталатын арнайы терезе арқылы іске асырылады және Мәліметтер қорымен жұмыс => Мәліметтер сұлбасы бұйрық жолағымен шақырылады.
Егер кестелер арасында бұрын ешқандай байланыс орнатылмаған болса, онда Мәліметтер сұлбасын шақырғаннан кейін Кестені қосу терезесі ашылады (56-сурет).
Байланыстар үшін қажетті кестелерді бірден қосуға болады немесе оны кейін де істеуге болады.
56-сурет. Кестелер арасындағы байланысты құру
Қосылған кестелер көрсеткіштер тізімімен және сары кілт таңбасымен белгіленген түйінді көрсеткіші бар жеке нысан түрінде көрсетіледі.
Байланыстыру үшін тінтуірдің сол жақ батырмасымен көрсеткішті бір кестеден басқа кестедегі сәйкес көрсеткішке апарса, жеткілікті. Байланыс біріктіруші сызықпен көрсетіледі (57-сурет).
Байланыс үшін екі кестеде де түйінді көрсеткіш болуы керек. Сонымен қатар байланысатын көрсеткіштердің типтері бірдей болуы қажет. Мысалы, Оқушы кестесіндегі Мұғалімнің тегі көрсеткішін Мұғалім кестесіндегі Код көрсеткішімен байланыстыруға болмайды. Бұл жағдайда Оқушы кестесіндегі Мұғалімнің коды көрсеткіші және Мұғалім кестесіндегі Код көрсеткіші байланысқа жарайды (57-сурет).
Байланыстарды құрғаннан кейін программа Байланыстарды өзгерту сұхбат терезесін шығарады, ол жерде құрылатын байланыстың қасиеттерін беруге болады.
Сақталған мәліметтер сұлбасы мәліметтер қорымен жұмыс істеудің кез келген сәтінде шақырылуы және өзгертілуі мүмкін.
Әрбір белгіленген байланыс тінтуірдің оң батырмасымен шақырылатын контекстік мәзір арқылы жойылады.
Егер кестелер дұрыс байланысқан болса, онда кестелердің бірінің (байланыс үшін түйінді көрсеткіш таңдалған кесте) көрінісі өзгереді. Бірінші көрсеткіштің алдында (+) белгісі бар қосымша бөлім пайда болады. Осы (+) белгісінде тінтуірді шерту арқылы байланысқан кестедегі жазбалары бар ашылмалы тізім көрінеді. Әрі осы кестенің байланысқан көрсеткіші бойынша сәйкес келетін жазбалар ғана шығады.
Біздің мысал үшін әр сынып жетекшісінің сыныбында оқитын оқушылар жайлы мәліметтері бар ашылмалы тізімді қарауға болады (58-сурет ).
58-сурет. Байланыстан кейінгі кестенің көрінісі
ТҮЙІН
- Бірегей көрсеткіш - мәндері қайталанбайтын көрсеткіш.
- Түйінді көрсеткіш - бұл жазбаны бірмәнді анықтайтын көрсеткіш.
- Көбінесе кестелерде түйінді көрсеткіш ретінде Санауыш типіндегі көрсеткіш қолданады.
- Байланыстың 3 түрі бар: Бірнешеге біреу, Бірге біреу, Бірнешеге көп.
- Іс жүзінде мәліметтер қорында Бірнешеге біреу түріндегі кестелер байланысын қолданады.
- Microsoft Access-те кестелерді байланыстыру «Мәліметтер сұлбасы» деп аталатын арнайы терезе арқылы іске асырылады және Мәліметтер қорымен жұмыс => Мәліметтер сұлбасы бұйрық жолағымен шақырылады.
- Байланыс үшін тінтурдің сол жақ батырмасымен көрсеткіштің бір кестеден басқа кестедегі сәйкес көрсеткішіне апарса, жеткілікті. Байланыс біріктіруші сызықпен көрсетіледі.
- Сақталған мәліметтер сұлбасы мәліметтер қорымен жұмыс істеудің кез келген сәтінде шақырылуы және өзгертілуі мүмкін.
|