
Тақырыбы: Тазалық-денсаулық кепілі
Мақсаты: Халқымыздың тәлім алар, тәрбиеге айналдырар өнегесі-сабын қайнатумен таныстыра отырып, алабота өсімдігінің пайдасын білу. Балаларды тазалыққа үйрету. Мәнерлеп оқу біліктерін дамыту.
Көрнекілік: Плакаттар, алаботаның суреті, Кірқоймас макеті, сабын,айна, сүлгі, тарақ.
Би «Қамажай»(Арайлым, Ұлдай,Ботагөз)
Мұғалім:
- Сәлеметсіздер ме, ата-аналар, ұстаздар! Бүгінгі біздің тазалық жайында өтетін тәрбие сағатына қош келдіңіздер! Балалар, үнемі таза жүруіміз керек.
Кір болсаңдар түрлі аурулар немесе жаралар пайда болады. Өздеріңді күтіп, таза жүріңдер!
Балалар, бізге бүгін қонақ келеді. Келген қонақты дұрыс қарсы алайық. Қонақтарды қарсы алу рәсімдерін қалай біледі екенбіз, оны мен қадағалап тұрамын. Міне, алғашқы қонағымыз да келіп қалды (сыныпқа Кірқоймас кіріп келеді).
Кірқоймас:
- Сәлеметсіздер ме, балалар! Мен Кірқоймаспын. Мені сендер жақсы білесіңдер. Күнделікті ертемен жуынасыңдар, үнемі қолдарыңды шаясыңдар.
Айбек:
- Сәлеметсіз бе, Кірқоймас! Жоғары шығып, төрге отырыңыз.
Мұғалім:
-Тағы да қонағымыз келді. Бұл бала қай бала?(сыныпқа таза, ұқыпты бала кіреді)
Ақылбек:
-Қарашы үстіне, өзіне,
Бір кіршік түсті ме көзіңе?
Альбина:
-Тап-таза ақ қағаздай,
Киімі мұнтаздай.
Жарайсың, балақай!
Дейміз біз мадақтай.
Хор: Болайықшы осындай
Таза бала (Дастан):
-Мен таза баламын. Кірқоймас екеуміз доспыз. Мен үнемі таза жүруді ұнатамын. (Осы кезде есік ашылады, сыныпқа кір қожалақ баланы сүйреп, екі тазалық секторлары кіреді.)
Тазалық секторлары: (Баян, Махаббат)
-Осы сыныпқа Кірқоймас пен тазалық сүйгіш балалар келді деген соң, біз мына Қарабайды (Бердіғали) ертіп келдік. Бұған не айтасыңдар?
Дінмұханбет:
-Қарашы үстіңе,
Өзіңе адам ба?
Түсті не көзіңе?
Бет-аузы кір айғыз,
Бес батпан.
Данияр:
-Мойнына күс қатқан,
Тырнағы сояудай.
Аяқ-қолы жарылған,
Батпаққа малынған.
Жансүйген:
-Ұят-ай, балақай,
Дейміз бе мазақтай.
Көрінбе ешкімнің көзіне
Жүрме енді сен бұлай.
Қуанбек:
-Бақа, бақа бақ-бақ,
Сені жүрсем мақтап.
Бақа, бақа бақ-бақ,
Жүру үшін мақтап,
Болу керек аппақ.
Қарабай (Бердіғали)
-Балалар, мені мазақтамаңдаршы. Мен қателігімді түсіндім. (жылайды)
Арайлым:
-Тазалық керек басқа да,
Тазалық керек шашқа да.
Шашы таза, келісті,
Болсаңшы анау баладай.
Кірқоймас:
-Балалар, Қарабай қатесін түсінді. Оған көмектесейік. Ол үшін менің көршілерім керек. Оларды шақыруға қалай қарайсыңдар?
Оқушылар:
- Иә, шақырайық.
Ұлдай:
-Ертемен күнде сен,
Қолыңа сүйкесең,
Кетіп кір-ласың,
Тап-таза боласың.
Бұл не? (Сабын)
Райымбек:
-Шомылған баланы,
Аймалап алады.
Сипайды қолын да,
Сипайды жонын да. Бұл не? ( Сүлгі)
Кірқоймас:
-Қарабай, міне сенде тазалыққа керекті заттардың бәрі болды. Енді не істейсің?
Қарабай (Бердіғали)
-Мен жуынып, тап-таза болып жүремін. Кір болып жүру шынындада ұят екен. (Жуынуға кетеді)
Мұғалім:
-Қарабайдың кірін кетіретін не бар?
Оқушылар:
-Сабын,су.
Мұғалім:
-Ал осы сабын қалай жасалады? (Оқушылар өз ойын айтады)
-Ұзақ ғасырлар тарихында зауыт, фабрика болмаса да қазақ халқы тұрмысына керек сабынды қолдан жасаған. Ол үшін алабота, малдың сүйегі мен майы керек. Алабота-шөптекті өсімдік. Ол жол жиектерде, мал қораның маңында қаулап өседі. Оны өртейді, өртегеннен кейін күлі қалады, мұны сақар дейді. Ал шешелеріміз қысқы соғымның сүйегін шашау шығармай, қапқа салып жинайды. Сол сүйекті қазанға салып қайнатады. Малдың майын қазанға салып шұжғырады. Енді қазанға осы үшеуін бірге салып қайнатады. Оны бірнеше сапырып, тұндырады. Әлден уақытта шидің үстінде сопақша, төртбұрышты қара сабындар тізіліп жатады. Осыны бұзаушық дейді.
«Жалқаубе»к әніне қойылған би: Шұғыла, Балнұр, Зияда, Ақгул, Жадыра.
Қорытындылау: Қарасабынның пайдалы екенін айта отырып, плакаттардағы сөздерді оқимын. Таза жүрсең деніміз де сау болады. Сондықтан халқымыз «Тазалық-денсаулық кепілі» дейді. Осымен бүгінгі тәрбие сағатымыз аяқталды.
Хор: Менің Қазақстаным.



