Сабақтың тақырыбы: Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығынан мәлімет бере отырып, тарихи кезеңге назар аударту, поэманың тақырыбы мен идеясын ашу. Ақынның азаматтық көзқарасын айқындау.
Дамытушылық: Оқушылардың өз бетінше іздену, әдеби шығармаларға қызығушылығын арттыру; ойлау, есте сақтау және танымдық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік: Оқушылардың бойындағы тарихи саналылықты қалыптастыру, өз ұлтына, ұлтының ардақты ұлына деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Әсемдікке, патриотизмге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Аралас сабақ
Сабақтың формасы: жалпылама, жеке, топтық жұмыс түрі.
Сабақтың әдіс-тәсілдері: түсіндіру, сұрақ-жауап, талдау, тапсырмамен жұмыс.
Пәнаралық байланыс: тарих, бейнелеу өнері, әдебиет теориясы, география
Сабақтың көрнекілігі: Сәкеннің портреті, «қазақ әдебиеті» оқулығы,хрестоматиясы,
қосымша деректер, Көкше көріністері (суреттер), буклет.
Сабақтың барысы:
1.Ұйымдастыру кезеңі: а) Оқушыларды тізім бойынша тексеру
ә) Олардың сабаққа дайындықтарын тексеру
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау:
а) «Өткен күндер» жинағының басты тақырыбы қандай?
ә) С.Сейфуллин өлеңдерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктеріне тоқталу.
б) Өлеңдеріндегі ұйқас түрлері туралы.
в) С.Сейфуллин қазақ фольклоры мен әдебиетіне қандай үлес қосты?
ІІІ. Жаңа сабақ: 1. Сабақтың мақсатымен таныстыру.
2. Жаңа сабақты түсіндіру.
Мұғалімнің кіріспе сөзі: Қазақтың ұлы даласының дәл кеудесінде жаратылыстың ғажап үзігі – сүмбіл қарағай, айна көл, зеңгір таудың басын бір жерге қосқан алып бөріктей Көкшетау тұр. Бүл тау сұлулық пен әсемдіктің ғаламат символындай, халық ұғымындағы көркемдіктің идеалына айналған. Әсіресе, қазақ өнерінің алтын кезеңі саналатын ХІХ ғасырда ақындар, сазгерлер бұл өлкенің сұлулығын жырға, әнге қосып, қалың жұртшылық , жалпақ елдің санасына әдемі эстетикалық сурет етіп сіңіріп жіберді.
Поэманың сюжеті мен композициясы
Поэманың сюжеті: Бір оқиғадан кейін екінші оқиға туып отырады. Қосалқы эпизод, шегініс, авторлық қосымшалар жоқ .
Композициясы: «Көкшетау» поэмасы – бір ырғақпен, ұзын-сонар баяндауға құрылған шығарма емес, ол әр түрлі көлемдегі, әрқайсысына жеке-жеке ат берілген негізгі 4 бөлім, 47 тараудан тұрады. Поэманың 9 шумақтан, 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған прологі (кіріспе бөлімі) эстетикалық тұрғыдан өте көркем, идеялық, мағыналық жағынан шыншыл да терең.
«Көкшетау» поэмасы: оқиғаларға қолма-қол баға беру, тікелей оқырманмен сырласу, өмір ағымы, заман қабағы, мезгіл мінезі туралы толғану, пәлсапалық-лирикалық түйіндер кездеседі.
Поэманың негізгі бөлімдері (халық аңыздарын пайдаланған)
- «Көкшетау». Ақын Көкшетаудың көкке бойлаған қарағайын, көк желекті аппақ қайыңын, басынан мұнар кетпес шыңына қонған көк қаршығаны, алтын кесе – сексен, дертке дауа, жұпар иісті ауасын жырлайды.
- «Жеке батыр» - атанған таудың аңызын үш шумақ өлеңмен қысқа қайырады. Биік жоталы, таудай басына дулыға киген, сақалы төсін жапқан, қыр мұрынды, жасы қырыққа таяу келген батыр шалқасынан көлбеп жатыр.
- «Бурабай» – тасқа айналған Бура, көлдің Бурабай аталуы – бұл тым ескіден келе жатқан көне мифологиялық аңыз. Көлдің, жердің, таудың, киелі иесі, жазықсыз жануарды атып, қылмыс жасаған, табиғат киесінің кесіріне ұшыраған Қасым төре туралы баяндалады.
- «Оқжетпес» – аңыз бойынша қалмақ қызының 2-шарты таудың басындағы найза ұшына байланған орамалға батырлардың садағының оғы жетпегендігінен «Оқжетпес» деп аталғандығы айтылады.
- «Жұмбақ тас» – Қалмақ қызы төнген жартасқа шығып тұрып соңғы шарт - жұмбақ өлең етіп, өз басынан өткен оқиғаларын бірнеше тараудан тұратын ұзақ, қызықты хикая қып айтады. Қыз жұмбағының соңында «Тау, Бүркіт, Сұңқар, Лашын, үш Жапалақ – айтыңыз, қайсысының ерлігі артық?» деп сұрақ қоя аяқтайды. Егер біреу жұмбақты шешкен жағдайда қыз өзін суға тастамақшы болады. Қыздың тұрып жұмбақ жасырған тасы «Жұмбақ тас» деп аталған.
- «Кенесары үңгірі» сипаттарын, табиғи сұлулығын бейнелейді.
- «Әнші-ақындар» бөлімінде Көкшетау атырабынан шыққан әйгілі ақындар, әншілер, серілер, палуандардың портрет галереясын жасайды. Олар жеке-жеке аяқталған, көркем портрет, тарихи жыр, батырлық баллада секілді. Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ , Қажымұқан, Біржан сал, Ақан сері – бұлардың әрқайсысының өнерлілігі, өмірдегі ерекшеліктерін, романтикалық, кей тұстағы трагедиялық тағдырларын ақын дәл детальдар, метафора, сюжет арқылы даралап, образды түрде бейнелеп берген.
Идея және образ. Поэманың ең негізгі бөлімі: қазақ-қалмақ қарым-қатынасының
бір оқиғасына арналған.
а) Ұрыста қолға түскен тұтқын қыз бейнесінің суреттелуі. Өлім тұзағы мойнына тасталып, енді бір батырдың тақымында кеткелі тұрған тұтқын қыздың шарты:
бірінші – шың басындағы жаулықты атып түсіру;
екінші – төрт жігітті арқалап жартасқа жүгіріп шығу;
үшінші - өлеңмен айтылған жұмбақты шешу.
ә) Абылай мен оның батырлары туралы.
б) Адақ батыр бейнесіне тоқталу (Арғын елі Қуандықтан шыққан, кедей)
ІV. Сабақты бекіту: Венн диаграммасы бойынша салыстыру
С.Сейфуллиннің М.Жұмабаевтың
«Көкшетау» поэмасындағы «Батыр Баян» поэмасындағы
Көкшетау суреті Көкшетау суреті
V. Сабақты қорыту:
1. «Көкшетау» поэмасы қалай жазылған?
2. Поэма неше бөлімнен, неше тараудан тұрады?
3. Поэманың мазмұны түсінікті ме?
4. «Көкшетау» поэмасында ақын халық аңыздарын қалай пайдаланған?
5. Жанрлық формасы жағынан «Көкшетау» - күрделі композициялы, сан алуан образдар галереясы жасалған, бірнеше сюжет желісі бар, әр түрлі көркемдік деңгейдегі стильдік жүйелердің басын біріктіретін полифониялық, көп әуезді, мол сарынды поэма.
VІ. Үйге тапсырма: 1. «Көкшетау» поэмасының мазмұнын білу, өзіңе ұнаған
бөлімінің суретін салу, кейіпкерлерге мінездеме беру.
2. «Көкшетау» поэмасынан үзінді жаттау.
VІІ. Оқушыларды бағалау: Сабақ барысында белсенділік танытқан
оқушыларды бағалаймын.


