Тіркелу Сайтқа кіру

Әліппеге деген алтын жол Апарар сені алысқа

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Майдакөл ауылы
№98 орта білім беретін мектебі
бастауыш сынып мұғалімі

Жұмағали Зоя Өмірзаққызы

 

Әліппеге деген алтын жол

Апарар сені алысқа

                                                        

 

Әліппе деген алтын жол,

Апарар сені алысқа

Мақсаты: Оқушылардың әліппеден үйренген білімдерін ортаға салу, тиянақтау, ата-аналарға өнерлерін көрсетіп, ата-анамен байланысты қамту. Мәнерлеп өлең айта білуге, берілген сұраққа, жұмбақты шешуге жауап беруге, білім-білік дағдыларын шыңдауға баулу. Сұлулыққа, өнерге, білімге, жинақтылыққа баулу.көрнекілігі: Әліппе, Ана тілі макеттері, нақыл сөздер, гүлдер, шарлар, т.б.

Барысы

(музыка ойналып тұрады)

Автор, ақсақал, немере

1-жүргізуші

Өлеңменен өлшеусіз нарқым менің,

Асқар тау арқа тұтар алтын белім.

Әліппемен қоштасу тойымызға,

Қош келдің, Айналайын халқым менің.

2-жүргізуші

Өмір берер ертеңгі бағаларын,

Әліппемен қоштаспақ балаларың.

Халқыма ұрпақ берген, өмір берген,

Қош келдің, әкелер мен аналарым.

1-жүргізуші

Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар, ата-аналар, ұстаздар! Балаларымыздың білім шыңына басқан алғашқы қадамдары құтты болсын. Армандасаң да, қиялдасаң да балалық шағың көз алдыңа келеді.өйткені биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір осынау бал күлкілі балалық шақтан басталады. Міне, бүгінбіздің бүлдіршіндер де өміріне өшпес із қалдырған Әліппемен қоштасқалы отыр. Ендеше қызықты да, ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата-аналарына өз өнерлерін көрсетуге дайын. Олай болса, 1-сыныптың «Әліппе деген алтын жол, Апарар сені алысқа» атты әліппемен қоштасу ертеңгілігін бастауға рұқсат етіңіздер.

2-жүргізуші

Нұрлы үмітін арқалаған арқаға,

Жан сәулесін тарататын баршаға.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                              

Шын пейілмен құрметімізді көрсетіп,

Бүлдіршіндерді шақырайық ортаға.

1-ж

Сусындап білім нәрімен

Халқыма ылғи бақ болсын.

Дос болып жүрер бәрімен

Елнұр менен Ақтоты.

2-ж

Еңбек ет алға талаптан,

Өмірге қадам бас ерте,

Қалмайтын ылғи сабақтан

Жанұзақ пен Ақерке.

1-ж

Үлгілі болып бәріне,

Білімді әркез азық ет.

Бойлайтын ғылым нәріне

Аяжан мен Асылбек.

2-ж

Өнерлі бол да өрге жүз,

Болмасын білім бейтаныс.

Шақырайық төрге біз,

Жаннұр менен Бейбарыс.

1-ж

Тілейік әркез жақсылық,

Жап-жарық болсын жұлдыздай.

Күттірер алда тағы үміт,

Елдос пенен Жұлдызай.

2-ж

Жүреді өңкей сайыста,

Оза шауып алда бұл.

Қиындықтарға қайыспа,

Біржан менен Гүлсезім.

1-ж

Сусындап білім нәрімен,

Бойыңа барлық жина да.

Дейтұғын озар бәрінен,

Оңталап пенен Динара.

2-ж

Алдыға шығар талапты,

Еңбекте барлық шұрай бар.

Жақсы оқитын сабақты

Азамат  пенен Нұрай бар.

1-ж

Көтеріп жүргін еңсеңді

Бойыңда болып ар, иба.

Тобымызда белсенді,

Қолғанат пен Жанелья.

2-ж

Намысты ылғи берік қып,

Білімді әр кез серік қып.

Ортада міне келіп тұр,

Әлішер мен Нәзік қыз.

1-ж

Жақсылықты жақтайтын,

Бәрін біліп жаттайтын.

Нұршат пенен Аңсат бар,

Жаман баға алмайтын.

2-ж

Ағарып атсын ақ таңы,

Жақсы тілек бар бұл жайда.

Сыныптың болар мақтаны,

Насихат пен Алпамыс.

Ертеңгілігімізді ашып беру үшін сөз кезегін мектеп директоры Жаниет Өтеген ағайға береміз.

-рахмет ағай!

1-ж

Кеше ғана қадам басқан мектебің,

Білім берді, санаң өсіп көктедің.

Бойың да өсті, ойың да өсті қарашы,

Осы емес пе, бір белеске жеткенің.

2-ж

Жақсы білі көрімдік,

Болсын бізге халайық.

Не үйреніп, не білдік,

Қане ортаға салайық.

1-ж

Сөзімізге құлақ салыңыз,

Бір серпіліп қалыңыз.

Әліппеге арналмақ,

Бүгінгі жыр-әніміз.

 

Олай болса бүгінгі кешіміздің құрметті қонағы сүйікті Әліппемізді ортаға шақырайық.

Хормен:  Әліппе! Әліппе! Әліппе!

Әліппе:

Армысыздар жас достар,

Армысыздар ата-ана.

Менің атым – Әліппе,

Болашаққа жол бастар.

 

Білім деген ғажаптың,

Әліппесін меңгерген.

Келешегі қазақтың,

Басталады сендерден.  (Өзінің сөзі бар тағы)

Хор:  Әліппе

Монтаж

Гүлсезім:

Көмегіңмен өзіңнің Әліппем,

Қырық екі таныстық әріппен.

Ең алғашқы білімді алдық мол,

Рақмет саған Әліппе.

Асылбек

Әліппем менің әліппем,

Сені қолға алып мен.

Есігін аштым білімнің

Ертеңгі сәуле жарықпен.

Нұрай

Келгенде алғаш мектепке,

Білмеуші едік әріп те.

Оқимыз қазір ертегі,

Үйреткен оны Әліппе.

Елнұр

Әліппе, Әліппе,

Арналады бүгін жыр саған.

Әліппе, Әліппе,

Алғысымыз шексіз бір саған.

Ақтоты

Әліппе білім анасы,

Әліппе кітап данасы.

Әліппе бетін ашпаған,

Адамның барма баласы.

Оңталап

Әліппе сенің сырласың

Әліппе досың болады.

Әріптердің шұғыласы

Дәптеріңе қонады.

Аяжан

Әліппем менің әліппем,

Сені қолға алып мен.

Есігін аштың мектептің

Ертеңгі сәуле жарықпен.

Азамат

Енді біз жаза білеміз,

Әріпті қосып әріпке.

Риза боп саған жүреміз,

Сүйікті біздің әліппе.

2-ж

Әріптердің тойында,

Әркім құмар ойынға.

Әріптер сыр ашады,

Әсем биге басады.

Би: Әліппе

(сахнаға Дымбілмес жүгіріп шығады)

-мыналар неге жиналып тұр?

Мұғалім: -Сәлеметсің бе, Дымбілмес! Бүгін бізде әліппемен қоштасу мерекесі ғой.

-әліппемен қоштасу? Қоштасыңдар, қоштасыңдар. –Әй мынау доңғалақтың суреті ғой. Ал мынау рогатканың суреті. Бұларды мен әліппені оқымай-ақ білемін.

Мұғалім: -О не дегенің, Дымбілмес. Бұлар О,Ү әріптері. Дегенмен, балалар Дымбілместің сөзінің жаны бар. Әрбір әріп бір нәрсеге ұқсас болады.

-Ой менен басқа білмейтіндер де бар шығар?

Мұғалім: -        жоқ, Дымбілмес, барлық бала жақсы оқиды.

-онда менің де кітап оқығым келеді.

Мұғалім: -Өте дұрыс. Тек алдымен үсті-басыңды жөнге сал. Әліппені таза, әдепті бала ғана ұстайды.

-жарайды.

Мұғалім: -Дымбілмес сен өзің біздің әріптердің қалай сөйлейтінін қарашы.

1-ж

Оқуды көп ойладық,

Қызығына тоймадық.

Әріптерді үйреніп,

Тереңіне бойладық.

2-ж

Алфавиттер шығыңдар,

Орындарыңа тұрыңдар.

Бастайық қане айтысты,

Жібермейік намысты.

Біржан «А»

Адам аузын ашқалы,

А-дан сөзін бастады.

Ата, ана, ақыл, ар,

А-мен айы аспаны.

Елдос «Б»

Б дегенім – бүлдірген,

Балдай дәмін кім білген.

Бүлдіргенді шекерге,

Батырып жер бір-бірден.

Аңсат «Ғ»

Ғимарат көп ғаламда,

Ғаламат көп ғаламда.

Ғылым қуып жалықпай,

Ғалым болам қалайда.

Ақтоты «И»

Ислам – дінім, тірегім,

Иманға толы жүрегім.

Имансыздан сақтанып,

Ибалы боп жүремін.

Азамат «О»

О дегенім орман, ну,

Отаныма қорған бұл.

Онда жеміс-жидек мол,

Орман іші толған гүл.

Нұрай «Р»

Рәміздерім – елдігімнің белгісі,

Білу керек бала дағы ең кіші.

Рәміздерім – Әнран, Ту, Елтаңба,

Рәміздерді жатқа білген жөн кісі.

 Жаннұр «П»

Парызың ақыл қосу кішіге,

Парызың сәлем беру кісіге.

Парызың халін сұрау ауырса,

Парызың көмектесу бәріне.

Нұршат «П»

Ата-анаңмен барып сен,

Пілді көрдің парктен.

Осы атауға зер салшы

Басталған қай әріптен?

Әлішер «Ү»

Үйрек десе бірінші,

Бүйрек десе екінші.

Бұл қай әріп екенін

Біреу  айтып берсінші.

Нәзік «Ы»

Кесе, шыны, пиала,

Оларсыз шәй құя ма

Қасықсыз тамақ жемейміз,

Бәрінің атын не дейміз? Ыдыс

Жанель «І»

Ірімшікті жедің ғой,

Тәтті екен ғой дедің ғой.

Оның аты біз жазған

Қайсы әріптен басталған?

1-ж

Біз өнерлі баламыз,

Шырқатып ән саламыз.

Би билейміз бұралып

Доспыз тату баламыз

Би: Водовоз

Монтаж

Ақерке

Әке, шеше атын сен,

Бізге үйреттің әліппе.

Бізге жақын нағыз сен

Сенен білдік әріпті.

Қолғанат

Бар кітапқа бас болған,

Әліппе ғылым анасы

Әліппеден басталған

Даналықтың данасы.

Жұлдызай

Алғаш рет қолыма ұстадым,

Әліппені сыйлаған ұстазым.

Білім атты әлемге аштың жол,

Рақмет саған әліппе.

Жаннұр

Әліппем менің әліппем,

Өмірді келем танып мен,

Қайталап айтам мың рет,

Өзіңе көп-көп рахмет!

Алпамыс

Бар кітапқа бас болған,

Әліппе ғылым анасы

Әліппеден басталған

Даналықтың данасы.

Жанұзақ

Енді біз оқи аламыз,

Әріпті қосып әріпке.

Риза боп саған жүреміз,

Сүйікті біздің әліппе.

Динара

Ең алғаш алғанымда әліппені

Қызығып қарай бердім әріптерді.

Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді,

Ұстазым оның кілтін ашып берді.

Насихат

Қош бол құтты әліппем,

Жол тұсауын кестің сен.

Аяулы анам болып сен,

Айыбымды кештің сен.

Бейбарыс

Қош бол құтты әліппем,

Көп нәрсені үйреттің.

Таныстырып әріппен,

Тақылдатып сөйлеттің.

Аңсат

Ашыла берді алдымнан,

Кең дүние есігі.

Соғылған сомдап алтыннан,

Әліппе білім бесігі.

Ән: Жануарлар әлемі  (Азамат, Асылбек, Аяжан)

2-ж

Бөбектерім оқы ойна,

Оқу білім саған пайда.

Кітабыңның шетін жыртып,

Сияменен бояп қойма.

Көрініс: Науқас кітап

1-ж

Әліппені алайық,

Парақтап біз қарайық.

Әріптерді үйреніп,

Әсем әнге салайық.

Ән: Мен үлкен баламын (Алпамыс Жаннұр Нұрай Қолқанат Аяжан Әлішер)

2-ж

Жайдары жүздеріңде барқыт көрік,

Жаныңның бар асылын сарқып беріп.

Жас буын өнегелі шәкірттерді,

Жүрсіңдер өз балаңнан артық көріп.

1-ж

Ұстаз, ұстаз қасиетті есімің,

Алғыс айтар бүлдіршінің осы күн

Өзің берген біліміңе қандырып,

Талай ұлан шәкірттерді өсірдің.

-Келесі кезекті балғындарымыздың өз ұстаздарына деген жыр-шумақтарына берейік.

Елнұр Гүлсезім, Ақерке Қолқанат ........................................

Би: Үнді биі Жұлдызай

(сахнаға Тапқышбек жүгіріп шығады)

-Балалар, мен Тапқышбекпін. Сендердің Әліппеден не үйренгендеріңді тамашалауға келдім. Қане, әліппеден не үйрендіңдер?

1. Алфавит сыры Гүлсезім Жанұзақ

2. Ата, бата Асылбек

3. Отан  Аяжан Қолғанат

4. Кім кінәлі?  Аяжан Гүлсезім Жанель Елнұр Әлішер Ақерке Жұлдызай

5. Санамақ  Оңталап

6. Бақа, бақа балпақ    Жанель  Нұршат

7. Не деу керек?   Азамат

8. Астана  Гүлсезім

9. Мақал- мәтелдер Ақерке, Әлішер, Жұлдызай Нәзік, Гүлсезім

10. Сал білек  Біржан

Тапқышбек: -Жарайсыңдар. Көп нәрсені үйреніпсіңдер. Олай болса мына сұраққа жауап беріңдерші?

Ең алғаш қазақ балаларына мектеп ашқан кім?   Ы.Алтынсарин

Әліппенің атасы кім?   А.Байтұрсынұлы

Тапқышбек: -жарайсыңдар. Көп нәрсе біледі екенсіңдер. Сендердің ұстаздарыңа көп-көп рахмет.

Ән:  Болайықшы осындай (Елнұр Тоты Оңталап Нәзік Жұлдызай)

1-ж

-Балалар, сендер көп нәрсені оқып үйренгендерің үшін Әліппе сендерге дән риза. Ол сендерге Жаңа жыл қарсаңында өзінің құттықтау хатын әкеліпті. Олай болса, Әліппенің құттықтау хатын сендерге тапсыру үшін мектебіміздің директоры Ж.Өтеген ағайды ортаға шақырайық.

(құттықтау хат табыстау рәсімі)

-рахмет ағай

2-ж

Біз енді әліппемен қоштасамыз,

Жолына гүлмен қосак жыр шашамыз.

Білімнің бұлағынан сусындауға

Көптеген кітаптармен достасамыз.

1-ж

Таныстырған 42 әріппен,

Қош бол менің қасиетті әліппем.

Сенің арқаң оқи, жаза білгенім,

Сауатты адам санатына кіргенім.

Әліппе: -Балалар енді мен кетейін. Сендерге кетерімде Ана тілі оқулығын таныстырайын. Менен алған білімдеріңді Ана тілімен жалғастырасыңдар.

Ана тілі:

Ана тілі пәнімін,

Ана тілі ұраным.

Ана тілі болмаса,

Мықты болмас тұрағым.  (Өз сөзі бар)

Әліппе: Қош менің кішкентай шәкірттерім. Сау болыңдар.

Хормен: Сау болыңыз Әліппе!

Ән: Әліппе Хор

2-ж

Оқы талмай, түй санаңа,

Нұр құямын, сыр құямын бойыңа.

Таза ұстап оқы мені қастерлеп

Бар білімді мен егемін санаңа.

Көрініс:   Салақ бала

1-ж

Құрметті ұстаздар, ата-аналар,

Кез келді сіздерден ақ бата алар.

Көрсетпекші өнерін сұлу қыздар,

Бар қауым тамсана таңдай қағар.

Би: Балапан

Ән: Есеп сабағы (ЕЛдос Біржан Жанель Аңсат Елнұр Жанұзақ)

2-ж

Уа, халайық, халайық

Мұнда назар салайық.

Бүркіт пенен Аишаға

Бәріміз қол соғайық.

Би:  Тау-тау Сезім

1-ж

-Балалар, бүгінгі біздің қуанышымызды бөлісуге тілшілер де келіп қалыпты. Сөз кезегінсоларға ұсынсақ.

Гүлсезім Аяжан ...................

1-ж

Кешіміз өтіп жатыр салтанатты,

Төгілген күн нұрының шапағаты.

Ата-аналар қаттырақ қол соғыңдар,

Бишілердің билері қандай жақсы!

Би: Қырманға кел қалқатай

2-ж

Мен алғаш мектеп есігін ашқанымда

Күнің болып көріндің аспанымда

Білім болып егілдің жас жаныма,

Гүлің болып төгілдім асқарыңа.

Біз дегенде ұмытып бас қамын да,

Қас қағымға қасыңнан тастадың ба?

Гүлсезім мен Ақтоты өлең шумақтарын оқиды.

1-ж

Құрметті оқушылар! Бүгін міне ең алғаш қолымызға ұстаған Әліппемен қоштасқалы отырмыз. Алдағы уақыттарда сендердің Әліппеден алған білімдеріңді ары қарай жалғастырып, үлгілі, озат, білімді азамат пен азаматша болатындарыңа сенімдіміз.  Әрдайым ел игілігі үшін еңбек етіп, егемен еліміздің ертеңі болатын өрелі өрен екендеріңді ұмытпаңдар.

Енді осы Әліппе кезеңіндегі ұмытылмас шақтарды үнемі есімізге түсіріп жүру үшін, алғашқы әріп үйреткен ұстаздарыңды ұмытпас үшін «Алғашқы менің ұстазым»  суретін ұсынғалы отырмыз. Қабыл алыңыздар.

2-ж

-Балалар, біз үшін түн ұйқысын  төрт бөліп, қуансаң бірге қуанатын, ренжісең жұбататын, сабағыңа көмектесетін, қиын есептерді бірге шығаратын, әліппені сендермен бірге оқитын асыл адам кім?

-әрине Ана.

Ақерке

Дүниеге әкелген ол да сенің анашың

Ақ сүт беріп өсірген ол да сенің анашың

Тіл алмасаң кешірген ол да сенің анашың

Мәпелеген баласын аман болшы анашым.

 

Оңталап

Әжеме тең келмейді ешбір жақтан

Олай деуге бар менің толық хақым

Әжемнің тілі менен әкем анам

Танып біліп келеді арғы заттан.

2-ж

Мың бұралған арулар билей басып

Келеді міне ортаға толқып басып

Аруларын сыйлаған халқым менің

Қарсы алайық соларды құшақ ашып.

1-ж

Ата-ананың тілегі

Адам болып өскенің

Адамдықтың тірегі

Адал болып өскенің – деп сөз кезегін ата-аналардың құттықтауларына берсек.

(4 ата-ана шығады)

 

2-ж

Әліппемен қош айтысып қаламыз

Енді қолға басқа кітап аламыз

Ата-ана қуанышқа ортақ бол

Сауатты боп шықты міне балаңыз

1-ж

Бүгінгі кеш әр үйдің той басы деп саналар

Балалардың есімі әулеттерге таралар.

Ырым етіп сондықтан ертеңгілік соңында

Ақ тілекпен баршаға шашу шашпақ аналар – деп балаларға ақ тілегін айту үшін ортаға зейнеткер ұстазымыз Ұлжан апайымыз бен ата-аналар комитетінің төрағасы Амантай ағайды және балаларымыздың әжесі Айбарша апаны шақырамыз.

-рахмет

Ән: Төлдер әні (Насихат Азамат Бейбарыс Динара Гүлсезім Ақерке Нұршат)

2-ж

Алалық келер сәтті ойға түйіп

Қалар бір шапағаты көпке тиіп

Қол жайып періштенің пейіліне

Бәріміз бір ауыздан әумин дейік – деп балаларға ақ батасын беру үшін Оңталаптың әжесі Қарашаш апаны ортаға шақырайық.

1-ж

Жүздеріңнен көрем шаттық арайын

Болсын солай әрбір күнің әр айың

Тойларыңыз құтты болсын ағайын

Тойларыңыз тойға ұлассын ағайын.

2-ж

Бүгінгі 1-сынып оқушылары дайындаған «Әліппе деген алтын жол, Апарар сені алысқа» атты ертеңгілігімізді қорытындылау үшін сөз кезегін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ізтілеуов Темірхан ағайға береміз.

-рахмет

1-ж

Барына риза болсын көрермендер

Үйренгенді көрсеттік бүгін біздер

Осыменен қоштасуды тәмамдайық

Алдымызда көбейсін нұрлы күндер.

2-ж

Балалардың білімі құтты болсын

Денсаулығы ауырмайтын мықты болсын.

Білімдерін әрі қарай дамытатын

Ерінбейтін еңбекқор күшті болсын.

1-ж

Бүгінгі «Әліппе деген алтын жол, Апарар сені алысқа» атты ертеңгілігімізге уақыт бөліп келгендеріңізге рахмет. Қош сау болыңыздар!

 

 

 

 

dle
Пікірлер: 0
Пікір қалдыру