Тіркелу Сайтқа кіру

Ананың тілі - жүректің үні

Тақырыбы: Ананың тілі – жүректің үні
Мақсаты: Ана тіліне деген сүйіспеншіліктерін ояту, сөйлеу тілдерін дамыта отырып көркем, шешен сөйлеуге баулу. Кітапханамен байланысты жақсарту. Ана тілін қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, кітап көрмесі.

Барысы:
Ана тілі - адам болып жаралғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Ана тілі жүректінің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа сақтап отыратын қазына. Қазақ тілі аса бай, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрымын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалаңсаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сыяр. Халықтың тіліне жырына құлақ салсаң, небір алуа-шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың.

1-жүргізуші:
Тілім менің!
Осы тілде шежірем, жырым менің.
Асан қайғы арманы, Қорқыт күйі,
Тағдырыммен тамырлас мұңым менің.
Тілім менің!
Жауға айбарым, ұраным, туым менің.
Найзасымен тең ұстап, ана тілді,
Намысымды қорғады Сырым менің.

2-жүргізуші:
Тілім менің!
Тіршілігім, танысым, құным менің!
Бас бергенмен, Махамбет тіл берген жоқ,
Тіл кесілсе, не болмақ күнім менің.
Тілім менің!
Тұтастығым, елдігім, үйім менің,
Ел қорғаған ерлерге рух берген,
Осы тілде толғады биім менің.

1-жүргізуші:
Армысыздар, өрлі де асқақ рухты тәуелсіз елдің жас ұландары! Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер күніне арналған кешімізді бастаймыз.

(Әнұран)

2-жүргізуші:
Қазақпын мен, қазақтың бөлшегімін,
Қажеті не басқаның өлшемінің.
Қазақ деген жалғыз ұлт мен боламын,
Енді міне жетеді көпке үнім.

1-оқушы:
Тілім менің!
Тілім үшін мың өліп, тірілді елім,
Аралыммен, арыммен, қатар қойып,
Тілді қорғау - парызым бүгін менің.

2-оқушы:
Туған тілім - бабам тілім - өз тілім,
Туған тілім - анам тілім - өз тілім,
Туған тілім - далам тілім - өз тілім,
Туған тілім - адам тілім - өз тілім.

3-оқушы:
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар!

- Балалар, тіл туралы біз не білеміз? Ойларымызды ортаға салайық.

«Абай мен Әбіштің сырласуы» атты қысқаша көрініс.
(Абай - ______ , Әбіш - _______ )

________: Халық бар жерде тіл бар. Тіл бар жерде өнер бар. Өнер бар жерде жанкүйер бар. Әр халықтың ана тілі - оның бақыты, оның қуанышы.
________: Туған тілің мақтан ету, оны таза сақтау, оның өрлеп, өсе түсуіне еңбек сіңіру - әрбір қазақ отбасының жүрегі.
________: Халықтың қуаты - тілдің қуаты. Біз ана тілімізді ең айтқыш, ең білгір, ең бай тілдердің біріне айналдыруымыз керек.

- Балалар, тіл туралы қандай мақалдар білеміз?
1. Өнер алды қызыл тіл.

2. Тіл тас жарады,
Тас жармаса, бас жарады.

3. Шебердің қолы ортақ,
Шешеннің тілі ортақ.

4. Тіл қылыштан өткір.

5. Басқа бәле тілден.

- Жарайсыңдар! Ал, енді қандай нақыл сөздер білеміз?
1. Әдеп басы — тіл.
2. Шешеннің тілі
Шебердің бізі. (Абай Құнанбайұлы)

3. Ұлт үшін тілінен қымбат еш нәрсе жоқ. (Мағжан Жұмабаев)

4. Сөз - халықтың қымбаттан қымбат кені. (Сәбит Мұқанов)

4-оқушы:
Ана-тілім жүрегісің анамның,
Жүрек ана, мен өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз маған керегі жоқ ғаламның.

5-оқушы:
Сенің арқаң қанып ішсем тұрықтан,
Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам.
Анашыңды ұмытқаның емес пе?
Ана тілін егер сені ұмытсам.

6-оқушы:
Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай тура қараймын,
Ана тілім, егер сені білмесем.

Ән: Көк тудың желбірегені (хор)

Мұғалім:
Қазақ тілі – бай тіл, оралымды, ырғақты теңеу-бейнелеулері ерте туған тіл. Поэзияда Абай, Ілияс, прозада Мұхтар сияқты алыптар туғызған тіл. Осындай тілімізді таза ұстайық! Ана тіліңді қадірлеу – мемлекетіңді, ұлтыңды, өзіңді қадірлеу. Қазақстан егемендігін баянды етіп, оны әлемдегі озық елдердің қатарына қосу үшін мемлекеттік тілдің жетекші рөл атқаратындығын әсте естен шығармайық.

 

dle
Пікірлер: 0
Пікір қалдыру