Тіркелу Сайтқа кіру

Үштілділік-жаһандануға апарар жол

Шығыс Қазақстан облысы Өcкемен қаласы

Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

Ахметова Айжан Сакасыновна

 

 

Үштілділік-жаһандануға апарар жол

 

         Елбасы  Н.Ә.Назарбаев    «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында  үштілділік  мәселесін  қозғаған еді.Өзіміздің төл тіліміз қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі.Бүгінгі  таңда әр мектептің   ұстаздар қауымы  үш тілді еркін  меңгеруді қажет  еткен  шәкірттерді   тәрбиелеп  жатыр. Үш тілді меңгеру-заман көшінен  қалмаудың бірден- бір жолы.Кезінде ақын  Қадыр Мырза Әли: « Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,- деп  әр қазақ  баласының  ана тіліне  деген құрметі  өзінен  бастау алатындығын  баса  айтқан еді.Отанын, туған  елін   сүйіп, халқының  намысын жоғары  қоятын  кез  келген  қазақ  өз  ана тілін  жетік  білуі тиіс.Осы тұста өкініштің  жоқ  еместігін де айта кеткен жөн.Оған себеп мынау:өз тілінде  сөйлей  алмай, орыс тілінде  еркін сөйлеп  тұрған  жастарды  көргенде  не дерсіз?Ұлы Абайша  айтқанда: «Қайнайды қаның, ашиды жаның» дегеннің  дәл   өзі.Десек  те көпке  топырақ  шашудан  аулақпыз. Болашағына  зор  сеніммен  қарайтын, ертеңгі күннен  үлкен  жақсылық  күтетін   жалынды жастардың  қатары көбейіп келе жатқаны  көңілді   марқайтады.

    «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген халық нақылы үштілділіктің  мақсатын  айқындай  түскендей.Терең  білімді  қажет ететін мына  заманда бәсекеге  қабілетті  елдердің қатарына  қосылу  жолында  көп  тіл  білудің  де  маңызы  зор.Заманына  қарай жастардың  басқа  тілдерді  үйренуге  деген қызығушылығы да басым екендігі  соңғы жылдары  ерекше  байқалады.Тіл үйренем деген, басқа елде білім алам деген жас үшін мүмкіндік мол, жол  ашық,оған  ешкім шектеу қоя  алмайды.Тек алға қойған мақсатқа жету жолында көп ізденіс пен еңбек қажет.Бойындағы  күш  жігеріне, біліміне  сенген, жыл  сайын  өздерінің  бағын  сынап, міндетті  сынақтардан  мүдірмей  өтіп, шет елдерге  білім  алуға  кетіп  жатқан  жастарымыздың   саны  артып келеді.Өзге  мемлекеттерде  білім  алып, ел көріп, жер көріп, тіл үйреніп,туған  жеріне  оралып, халқына  қызмет етіп  жатқаны  қаншама. «Жас келсе,іске»  демекші, олардың  еңбекке  араласқанына   көп  болмаса да, оқып жүріп  жинаған   тәжірибесі  де жетерлік.Елбасының   сенімін  ақтап, кез келген   салада  абыройлы еңбек етіп  жүрсе, одан  асқан  арман  бар  ма?Әлемдік  деңгейдегі  ағылшын  тілін  білмесе, олардың  шекара асып,өзге  мемлекеттерде  білім  алуына   мүмкіндік  те болмас  еді.Мектеп  оқушыларының  сабақтан  тысқары   уақытта  түрлі  тіл үйрену  курстарына  барып, білімдерін  арттырып   жүргені -құптарлық  іс.Алтын  уақыттарын   зая   кетірмей, пайдалы іске  жұмсағаны дұрыс-ақ.

    Елбасының  үштұғырлы  тіл  саясаты- ел болашағын баянды етер жол.Тәуелсіз  қазақ  елін  мықты, өзгелерден   биік, жоғары білімді мемлекет  ретінде таныта білгеніміз  дұрыс.Шет тілдерін  үйрену ана тілімізді  ығыстыру емес, керісінше мемлекеттік  тілді   дамытып, орыс  тілін  қолдау  деген   сөз.Ұлы Абай  мен Пушкин  сөйлеген  тіл, Қазақстандағы Ресей жылы,Ресейдегі Қазақстан жылы ұмыт болған жоқ, әлі күнге дейін  санамызда сақталған. Көршілес елдермен достық қарым-қатынаста болу, олардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сыйлау-мәдениеттіліктің   белгісі.

   Жүзден  астам  ұлттардың  мекеніне  айналған  Қазақстанда  әр  ұлт  өкіліне өз  тілінде  сөйлеуге шектеу  қойылмаған,керісінше салт-дәстүрлерін  ұмытпай, жаңғыртуға  қолдау  көрсетіледі.Елбасымыз  Нұрсұлтан  Әбішұлының  «Ана тіліміз – бізді ғасырдан ғасырға, заманнан заманға аман жеткізген бірден - бір арымыз да, нарымыз да» деген сөзі болашақ ұрпақтың тіліміздің құдірет-қуатын кемітпей, оның рухын биік ұстауға шақырады.Бұл-билік  басында  отырғандарға  сабақ  боларлықтай  сөздер,өйткені  екі  ауыз  сөздің   басын  құрап,ойын жеткізе   алмай   отырған  азаматтар   кімге үлгі  көрсете  алады.  Сондықтан  тілді  үйрену  мен  білуді  жоғары  жақта  отырған  басшылардың  өзі  қатаң  түрде  ескерулері  қажет  екені  айтпаса  да  түсінікті.Көп тілді  білетін  адамды көріп  сүйсінеміз, қызыға қараймыз.Осындай   мақсатпен   мектептерде  өтіп  жататын  сыныптан  тыс  шаралардың  да үш тілде өтіп  жататындығын  ескерсек, оның  пайдасы мол  екендігі  анық.Бұл-жетістікке  жеткізер  жол.

Ағылшын  тілін  білмейінше қазіргі  заманда  алдыға    басу  мүмкін  емес,

өйткені  халықаралық  қарым-қатынас, жаңа технологияларды меңгеру  үшін  тіл  маңызды.Халықаралық  сипат  алған  ағылшын  тілінің рөлі  өте үлкен.Әлемдегі  көптеген  елдер  ағылшын  тілінде  сөйлейді.Осыдан-ақ  оның   болашағы  зор  екендігі  байқалады.Биылғы  жылы  бүкіл  әлемді таң  қалдырған, Астана  қаласында өткен  «ЭКСПО -2017» халықаралық    көрмесіне келгендердің  басым  бөлігі шетелдіктер болды .Ал  олардың  көпшілігі   ағылшын  тілінде  сөйлейді.Егер елімізде  ағылшын  тілін  білетіндер  жоқ  болса, онда мұндай  керемет  көрмені  жоғары  деңгейде  өткізу  мүмкін  болмас  еді.Ағылшын  тілін  үйренгеннен ешкім ұтылмайды.Ал  тілді  білмей  тұрып, бәсекеге  қабілетті  тұлға  қалыптастыруға  жете  алмаймыз.Алпауыт  мемлекеттермен  тереземіз  тең  болу  үшін  көптілділікті  меңгерген тұрғындарымыз  көп   болу керек. Көптілділікті  меңгеру - Қазақстан  үшін  ғана  емес,бүкіл әлемнің  алдында  тұрған  үлкен  мәселе.Еуропада  мектеп  түлектері бірнеше  тілде  еркін  сөйлей алатындығын  ескерсек, жастарымыздың   барлығы  үш тілді  еркін   меңгеруі  тиіс.Бұл саясатты   қабылдағысы  келмейтін  жандар  әлі  де   бар.Біздің  небір  тамаша  туындыларымыз  ағылшын тіліне ,басқа  тілдерге  аударылмаса,онда  оны  кім  оқиды,бізді  кім  таниды,біздің әдебиетіміз бен  мәдениетіміздің  бар  екендігін  қалайша  дәлелдейміз? Міне, мәселе осында.Біз өзге  тілдерді  үйренбей, қашқақтап  жүрсек, рухани  байлығымызды  өзгелерге  көрсете де алмаймыз. Ағылшын  тілін  үйрену басқа  тілге  қиянат  жасау  деген  сөз емес.Көп  тіл  білген  адам   көп  нәрсені  біледі,көптен  құр қалмайды,керісінше  көп  ұтады.Көп тіл білген адам  бәсекеге қабілетті тұлғаға  айнала алады.Осындай  тұлғаларды  тәрбиелеп  шығару,өз қабілетін   ашуға  мүмкіншілік  беретін   жол-үш  тілді  оқыту.Кешегі тәуелсіздікті  аңсаған,қолына найза  ұстаған, елім, жерім деп еңіреген Күлтегін, Махамбет, Исатай сияқты бабасы   бар  халық   ешқашан  мойымайды,ешқашан  еңсесі  түспейді.Талай  қилы  жолдардан  өтіп,қиындықтарды  жеңіп  өткен қазақ   халқына көп тілді  білу қиындық  тудыра  қоймас.Оқушылардың тілді меңгеруінен бөлек кейбір техникалық  мамандықтар   пәнінің  мұғалімдерін ағылшынша  үйрету  қолға алына  бастады.Бұл- оқушының тілдерді меңгеруіне ықпал ететін жол.Тілді оқуда  үлкен  бетбұрыстардың   жүре  бастағаны  да сезіледі.Үштілді оқыту-ғылым құпияларына үңіліп,өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін  басты қажеттілік.Ұлт  тағдырына  немқұрайлы  қарамай, оған жанашырлық  таныту-кез келген  адамның  ел  алдындағы  парызы. Сондықтан  ұрпағымыз білімді болсын десек, бүгінгі  күннен  қалмай, тіл үйреніп, рухани  дүниемізді  молайтайық.

 

                                                                

Қолданылған  әдебиет:

 

1  Н.Ә.Назарбаев  «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан».Астана, 2007 ж.

dle
Пікірлер: 0
Пікір қалдыру