Тіркелу Сайтқа кіру

Әулет педагогикасының қағидалары

           Әулет пелагогикасының қағидалары ( Алғашқы әңгіме)
Тәрбие әдісі бұл мектеп тәжірибесінде тәрбиеге қойылатын мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдаланылатын жол. Тәсілдер-тәрбиелеу санасына,еркіне, сезіміне, іс-әрекетіне әсер ету шаралары. Тәрбие тәсілі-жалпы әдістің бөлігі, жеке дара әрекет (әсер ету), нақты іс. Тәсілдер-бұл тәрбиешінің қойылған мақсатқа тез жетуі үшін тәрбиеленушімен бірге салатын соқпақ жол деуге болады, Егер оны басқа тәрбиешілер де пайдалана бастаса, біртіндеп ол үлкен даңғыл жолға-әдіске айналады.Бұл бүгүнгі педагогикаға сүйенген тұжырым.М.Жұмабаев былай дейді. «Әрбір ұлттың бала тарбия қылу туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар.Ұлт тарбиясы баяғыдан бері сыналып,көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандық-тан,әрбір тарбияшы,сөз жоқ,ұлт тарбиясымен таныс болуға тиісті.Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, ұстаз баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» Осы кезге дейін Қазақстанда ,ұлттық тәрбиеге қатысты, әжептәуір зерттеу жұмыстары жүріліп,қомақты білім қоры жиналған.Көпшілігі арнаулы педагогикалық орта және жоғарғы мектептерде берілетін этнопедагогикалық білім, пәндік курстар төңірегінде болып келеді. Ал,қалғандарының ішінде,қазақтың белгілі дәуірінде, кезеңінде өмір сүрген ойшылдар мен ақын-жырау, ағартушылардың ой-пікірлері сараланадыЖалпы білім беретін мектептерде 3-4 бағытпен жасалған,ұлттық тәрбиелік- арнаулы бағдарламар мен тереңдетілген сабақтар,факултетивтер оқытылады.(Ұлттық тәрбие ілімін оқыту,білім беру ісі анағұрлым жүйеленген,жолға қойылған.Бұлай деу,бәрі де болды,жетер енді деген тоқмейілсіну бола қоймас)Бүгінгі жастардың тәрбиеленген денгейі, олардың игерген ұлттық әдеп,мінез-құлық,дағды–әдетінің шама-шарқы тіптен төмен жатыр.Мәселен, «иманды ұл,ибалы қыз» тәрбиелеген қазақ жолы дінге қатысты делініп, ескерусіз қалған.Ұлттық тәрбиенің ауданды тәрбие құралы «олар ескі наным-сенімге байланысты туындаған» деген айдар тағылып қолданыстан шығып қалған. Ұлттық тәрбиенің негізгі мұраты «сегіз қырлы бір сырлы»қазақ азаматын дайындау; адамгершілігі, кісілігі мол,өнер білімді,шаруаға епті,іске-шебер,шаңырақ иесін, отағасын, кәсіпшіл-көпшіл ұлттық тұлғаны қалыптастыру екені белгілі.Осы мақсатқа жету үшін,қандай қағидаларды басшылыққа алып,іс-әрекетінде нендей ережелерді ұстанған? Ұлттық тәрбиеде ұстанған қағида жоқ,ол, кездейсоқ іс-қимыл арқылы,болжаусыз түрде, бейберекет жүрілген өмір құбылыстарының реттеусіз әрекеті деп айтушылар бар болғанымен, «міне,мынандай қағидалар болған»деп, ғылыми тұжырым жасап,уәж айтушы да жоққа тән. Сондықтан, бүгінгі ата-аналар,ұстаз-тәрбиешілер ұлттық тәрбие тәжірибе-сіне бет бұрғанымен «дәл осылай»деп,басшылық ететін,есінен шығармай үнемі санасатын қағида қалмаған тәрізді. Олар,амалсыздан «нәтижесін Аллаһ біледі», «кезі келгенде көрерміз», «уақыт көрсетеді», «тисе терекке, тимесе бұтаққа»деп, «әйтеуір зияны жоқ шығар» деп нені ойға алса,соны жүзеге асыратын болған. Ұлттық тәрбие нәтижесіне негіз болып,оның нәтижелі болуына тура ықпал жасайтын, ауыздан-ауызға тарап, жазылмаған заңдай қалыптасқан,тәлім-тәрбие игерту,қазақ үрдісіне сіңіскен,қалыптар мен ережелер жиынтығын,біз,тәрбиенің қазақи қағидалары деп атадық. Ондай ұғымдарды жалпы және ерекше қағидалар деп екіге топтастыруға болады. Бірінші.Тәрбие-екі жақты әрекет.Ұрпақты өсіріп,оны айтулы азамат болдырып тәрбиелеу ата-ананың, тәрбиелеуші-ұстаздардың абзал борышы, өмірдің бұлтартпас заңдылығы екенін түсіну.Ұрпақ алдындағы борышын абыроймен атқару саналылығы. Ұрпақ тәрбиелеу: ел алдындағы,Аллаһ алдындағы өлшеусіз қарыз, мойындалған парыз.Атам қазақ ұлым өсіп ер жетсе,есігім жабылмайды,әулетім жалғасады.Қызым бой жетсе ,өрісім кеңейеді, достығым, тірегім нығаяды» дейді. Ал,А.Байтұрсынов:«Балам дейтін жұрт болмаса,жұртым дейтін бала да шықпайды». «Өсетін ел ұрпағын ойлайды.», «Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған,жақсы –жаман болса да,бала-солардан»,«Ата–ана ақылы сайрап жатқан жолмен тең.»Ал,ұлы педагогтар былай дейді. «Әйелдің өз перзентін үйретіп, өсіруге ұмтылуы қанында бар және оған мұнымен бірге осыған сай қабілет бар».К.Ушинский «Сіз ұлыңызды немесе қызыңызды тек қана өзіңіздің ата-аналық қуанышыңыз үшін ғана дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жатқан жоқсыз. Сіздің отбасыңызда және сіздің басшылығыңызда болашақ азамат, болашақ қайраткер және болашақ күрескер өсіп келеді.»А. Макаренко «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» Қазақ халқы ұлық педагогтардың өсиет-өнегесін естіп білген-білмегенін айта алмаймын.Алайда,ұрпақ алдындағы тәрбиелеу борышын абыроймен атқарып келгенін дәлелдей аламын.Кешегі отағасы-әкеде суық қабақ, отанасы-шешеде өр мінез,қазыналы қарттарда ақылман абыздық болған. Иә,кешегі отбасында; сотқарын сүмірейтіп отырып, түзеп алатын талқысы,жетесізін желкелеп отырып жөнге салатын айбары,жалқауын зорлап отырып еңбекке жұмылдыра алатын уыты,дөрекілерді жүндей түтіп, жібектей мінезді ұл мен қыз жасай алатын тезі, бәрі бәрі болған. Осының бәрінде,әкенің орны ерекше еді. «Әке-асқар тау, ана қайнар бұлақ,бала-жағасындағы құрақ».Әке әркімнің сүйенер тіреуі.Әке әркімге қымбат.Әкені ардақтай білу ата салтымыз. Отбасында, әкенің отырар орыны, жатар жайы, ішер асы, сөйлер сөзі ,атқарар қызметі бәрі-бәрі айрықша еді. Оның жаңағы аталған тұтынатын бұйымы,іс-әрекеті бала үшін киелі де,салмақты. Мысалы әкенің бас киімі қайда тұру керек,оны қалай дайындап, ұсыну керек,басқа адам немесе балалары кіюге болама,жок па?Тізе берсек,әкеге қатысты әдептің қалыптары мен өлшемдері көп-ақ. «Алты аға бірігіп әке болмас,жеті жеңге бірігіп ана болмас», «Өсірген баптап баласын, әкеден үлгі аласың.Бар өнерін үйреткен,әкелер тіптен салмақты-ақ, Айтайын шын жүрекпен.Әке деген ардақты- ат.Ту етемін, қашанда, Әкетайым, ардақтап!»Құрмет пен ардаққа лайық әкені өмірге дайындаған ұлттық үрдісіміз негізі осал емес!Ол -олма,әкелер, ұрпағының келешекте жан бағып, тіршілік жасар кәсібін, талғажау ететін «нан-бауырсағын» бала жанқалтасына салып беретін.Иә,біздің аталар-ымыз, «үй-іші әкеге,әлеумет рубасына бағынған,тапқа жікке бөлінбеген қазақ орта-сында туып өсті.» «Әкеге бағыну-Аллаһқа бағыну»- деген екен Пайғампарымыз(с.ғ.с.). Ал,біздер анамыздың:«Әкең келе жатыр!»-деген бір ауыз сөзін естігенде,әке алдында мінез-құлық,іс-әрекетімізден, емтихан тапсыратын шәкірттей дайындалатынбыз. Әкеміз бізге-пайғампар еді. Ата-анаға сәбилері періштелер еді. Айналамыздағы туыстар біз үшін сақабалар болатын. Баршаға жар салып, М.Жұмабаев: «Күн шығыста ақ алтын бір сызық бар:Мен келемін,мен пайғампар-Күн ұлы.»-деді емес пе? Күні бүгін қазақтар өзінен үлкендерді;«Пайғампар-пейілді,пайғампар-ниетті,пайғампар-көңілді,пайғампар жастағы» -деп сыйлап, құрметтеп, сөз тәмсілі етеді. Хазреті Хасан Басри қағбаны тәу етіп жүріп,жүк арқалаған бір жас жігітті көріпті.-Не үшін жүгіңмен бірге тәу етіп жүрсің?-деп сұрапты. Арқалап жүргенім жүк емес, әкем.Қасиетті қағбаға әкемді жетінші рет арқалап әкелдім.Өйткені ол менің бойыма имандылық нұрын септі. Мені исламның көркем мінезімен тәрбиеледі.-деп жауап беріпті.Сонда хазрет:-Әкеңді осылай қияметке дейін арқалап жүрсең де,бір рет ренжітсең,бұл жақсылықтарыңның барлығы босқа кетеді. Егер әкеңді бір рет қуантсаң,осыншама қызметтің сауабына жолығасың,-деген екен Қасиетті де,киелі,ардақты да,айбарлы-Қазақ Ана-отбасының берекесі,бірлік пен ынтымақтың ұйтқысы болумен қатар қоғамда үйлесімділік пен қарым-қатынас жарасымды-лығының негігі тірегі болған. Сондықтан, Ана- ұлттың ұлт болып қалып-тасуына, сақталуына,дамуына тура ықпал етуші –қоғам мүшесі.Ол-ата салттың,отбасы тәрбие дәстүрінің сақтаушысы,таратушысы,жаршысы,әулет мектебінің тең дәрежелі-бас ұстазы.Қазақ халқының күллі өнері мен мәдениетінің-падишасы, төл иесі.Қазақтың күрсескерлік, жауынгерлік,ерлік дәстүрлерінің нағыз майталманы,бірегей пайғампары. Ана үйдің шырағы,әке үйдің пырағы. «Ана -сая болар бағың болса,әке-асқар тауың» дейді қазақтар. Отбасының алтын қазығы-Ана.Ана тәрбиесі қызға,әке тәрбиесі ұлға үлгі. Ана-ақылшың,әке-қамқоршың,аға-қорғаушың,інің-сүйенішің,қарындасың-қанатың.Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем,Ананың мейірімі көзінде,ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде.Ана мен әкенің тәрбиедегі орны туралы түсінік қазақ халқында ерте қалыптасқан әрі ауқымды-ақ.Ата-ананың борышын орындауда қазаққа тигізген мұсылман өркениетінің ықпалы орасан зор болған.Адам бойындағы асыл қасиеттердің барлығы ананың ақ сүтінен жаралып,күннің нұр шапағынан нәр алып,бүр жаратынын атам қазақ ерте заманнан-ақ білген ғой.Алаш баласының ананы айрықша ардақтап,есімін асқақ ұстайтыны да содан болу керек. Шынында да ел бастаған көсем де,топты жарған шешен де,аузын айға білеген ақын, семсерін көкке суарған батыр да,ой кенін қазған ғалым да,әлемді аузына қаратқан дарын да анадан туған. Туған халқының атақ данқын дәуірлетіп,дүйім дүниеге танытатын аналар емес пе? Иә,олар қазақтың алтын құрсақты,абзал жанды аналары!Атам қазақ осындай аналарды арман етті және сенімді түрде өмірге дайындады.Олардың арман мұраты тамаша табыспен орындалып отырған.Сол бір еңбек пен тәрбие негізінде олар өмірге келді және олардың есімі, өнегесі,ғибратты ғұмыры тарихта қалды.Тіпті Аллаһ тағаланың өзі әз-ананы ерекше жаратты. Аллаһ ананы барлық жақсылық атаулыны жұдырықтай жүрегіне сыйдырып,жан дүниесі тек мейірімнен суарылған,жан-жағына күннің көзі сияқты нұр-шуақ сеуіп тұратын,көп қырлы жахут гауһардай етіп жаратты. Сулудың сулуы,әсемнің әсемі, асылдың асылы –Ана ғана. Онымен теңдесер жаратылыс жоқ!Ананың алдындағы перзенттік парыздың өтелмейтіні рас.Бірақ өтеу үшін жаныңды да аяма! «Жұмақтың кілті анаңның табанының астында жатыр» деген ұлағатты сөз бар, қазақта.Ананы, барыңды салып бас иіп, алақаныңа салып аяласаң, айтқанын орындап, құрметтеп құлдық ұрсаң, кілтке қолын жетіп қалуы мүмкін.Үмітіңді үзбе, тырысып бақ!Пайғампарымыз (с.ғ.с.)дың өсиетін әсте есіңнен шығарма.Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): «бала дүниенің хош иісі»-деген.Қазақ халқының тұрмыс тіршілігіне мусылмандық әдептің орнығуы, біздің дәстүрлі әдептеріміз нығаюына,оны өмірде басшылық етіп ділімізге сіңіруде үлкен әсерін тигізді. Мәселен, Құранда: «Біз адам баласына ата-анаға жақсылық қылудын ұсқадық», (Ганкабут.с.8)десе, «МенНәбиден(с.ғ.с.): АллаһТағаланың ең жақсы көретін амалы қандай?-деп сұрадым, Ол(с.ғ.с.): «Уақытылы оқылатын намаз», -деді.-Одан кейін ше?—Ата –анаға жақсылық істеу.-Ал,Одан кейін ше?—Аллаһ Тағала жолында арпалысу.» (Абдуллаһ ибн Масьуд)-деп айтты.Ата -анаға жақсылық істеу исламда өте жоғары дәрежеде маңызға ие. Пайғампарымыз(с.ғ.с.): «Аллаһ Тағаланың разылығы ата-ананың разылығында,ал ашуы ата-ананың ашуында» (Абдуллаһ ибнОмар),-деп көрсеткен. «Пайғам-пардан(с.ғ.с.): Я,Расулуллаһ, жақсылықты алдымен кімге істейміз?-деп сұрағанда. Ол(с.ғ.с.)-«Анаңа!»-деді.Онан кейін ше?-Анаңа!-Ал, онан кейін ше?-Анаңа! Ал,Онан кейін ше? –Әкеңе!(Әбу Һурайра)-деп, анаңа деген сөзді үш рет,ерекше мән беріп қайталаған.Ата-анаға жұмсақ сөйлеу,ата-ананың өсіріп жеткізген қарызын қайтару туралы әдептер хадистерде тым ашық көрсетілген. Егер ата-ананы қадірлемесе тартатын азап, көретін жамандықтарын да, әдепсіздіктің алдын алу және жою жолдарын да нұсқап берген. Мысалы ата-анаға жақсылық істегеннің ғұмыр жасын ұзақ етсе,ата-анасын кәдірлемесе,оның көз жасын төксе,дөң айбат сөз айтса,ата-анаға қарсы келсе, қарттарға қарамай қойса тым ауыр күнәға жазылып, тозаққа кіретіндігі нақты дәлелдермен ұқтырылады. Айталық,«Нәби(с.ғ.с.)үш қайтара; «Қорболсын! Қорболсын! Қорболсын! -деген. Маңайындағылар;«Я,Расулуллаһ (с.ғ.с.), кім?-деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.) «Ата анасы немесе ата-анасының бірі қартайған шағында (оларға қарамаудан) тозаққа кірген адам» Ұрпақ ата-анаға борышты екенін түсініп,ағайын туыс,ата-баба намысына, абырой-атағына кір келтірмей мейлінше оны әспеттеп ардақтау зор міндет,үлкен бақыт.Жақсы бала ата-ананың аңсаған қуанышыШығыс халықтарында айтылатын «Бала қымбат болса да, баланың тәрбиесі одан да қымбат»деген нақыл сөз бар. Бала ата-анасын қуантарлық іс-істеген кезде олардың төбесі көкке жеткендей болады.Ата-ана баласына кішкентай кезінен бар жақсылықты үйіп-төгіп өсіреді. Бала бақыты үшін қолынан келгенін аямайды.Міне,бірінші кезекте бала ата-ананың осы бір еңбегін жете түсінуі керек. Бала дайын тәрбиені үнсіз мәжбүрлі игеруші жасық,әлжуаз, талапсыз, керенау жан емес.Ол өсіп жетіліп келе жатқан,ұшқыр ойлы,терең сезімді, ынталы, дамуға құмар,көруге қырағы, естуге алғыр,жалын атқан жас болғандықтан тәрбиені саналы игеруге тиіс.Ондай қарым-қабылыт барлық балада бар. «Тәрбие дегеніміз баланың үстіне кигізе қоятын дайын киім емес.Тәрбие жұмысының мыңдаған түрі мен қыры бар. Олар тәжірибеде сынала келе нәтижеге ие болады».( М.Ғабдуллин) Дәлірек айтқанда тәрбие жат жұрттан әкеліп жаба салатын жабу емес! Тәрбие біреудің екіншіге сыйға тартар мұрасы да емес,көзсіз қабылдар сүйекке сіңірер уыты да емес, тәрбиешінің еңбегін ақтар жемісі бар, тәрбиеленушінің арымен ақталар қайырымы бар, саналы жолмен жас өспірім бойына жұғысқан ырыс,басына қонған бақыт.Тәрбие ісінде,мұрат мақсатың орындалса,одан асқан қуаныш болмайды. «Басына бақ жұғысып,құт қонатын қазақтың ұлы құлықты, қызы қылықты келеді.Себебі-қазақ,Алладан сұрап, қалап алған ұрпағын олар қанша көп болса да, «Алла аманаты ,Тәңір сыйы»,- деп көріп,оларды-«Сүйіспеншілік бесігіне бөлеп, Махаббат жөргегіне орап, Мейірім уызымен ауыздандырып өсіреді.» Сондықтан қазақ баласына сүйіспеншілік, махаббат,мейірім, сыпайылық, имандылық қатарлы асыл қасиеттер ана сүтімен беріліп, дамып жетіледі.Қазақ ұрпағын жетімсіретпейтін себебі осында.Жетім өскен ұрпақ аталмыш бесікке бөленбей мейірімділік уызына жары-майды.Сондықтан,тәрбие мейірімділік алақанында әлпештеніп, жүрек жылуы бесігіне бөленіп, жүрек қылына тербеліп, рухтан үндестік табатын рухани нәзік құбылыс, жан сезімінің жайдарлану,рахат табу,адам талғамына сәйкестіктігін көрсететін асыл мұраттың орындалуы.Баланың ата-ананы ардақтап,өзінің перзенттік қарызын бір сәт естен шығармауы,тіпті олар келмес сапарға аттанған соң да олардың рухы мен аруағы алдындағы міндетін ұмытпауы-адамгершіліктің белгісі.Бұл- жас болсын, жасамыс болсын баланың өмір бойы өтеумен болатын қарызы, парызы. Қазақ:-Ей балам!Сен әуелі ата-анаңды құрметтеп,олардың қас-қабағына қара.Оларды шын пейілмен сүйе біл,ренжітпе. Атаң қорғаның,анаң қазығың екенін есіңнен шығарма. «Атаңа не істесең алдыңа сол келеді.»Ата-анаңның абыройы үшін күрес. Олардың атына кір келтірме.Ал,Киікбай шешен:«Ақылым-атам, білімім-бұрыңғы бабам, салтанатым- сабырым,сүзіп сөйлейтін сөзім.Нан табарым–нарым,жанашырым-анам мен жарым,-деген. Тәрбиеде тәрбиеленуші де,тәрбиелеуші де бірдей міндетті,бірдей жауапты болу керек деген қағида осыдан туындаған.Ата-әже,әке-шеше өз міндетін атқара алатын, бала да тәрбиеленуге келетін,оны саналы түрде бойына сіңіре алатын болуы шарт.Көлгір тәрбие дәру болмайды. Екінші.Тәрбие нәтижесі ортаға байланысты,орта тәрбиелі болсын Балапан ұяда нені көрсе ұшқанда соны алады.Ағаға қарап іні өседі.Алдыңғы арба қайдан жүрсе, соңғы арба соңынан жүреді.Екі қарттың ортасында бір бала дана болады.Екі баланың жанындағы бір қарт бала болады.Қатарына қарап бала өседі.«Адамның адамшылығы - ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.» – Абай.Қоршаған ортаға, адамдарға, өзiне, өмiрге деген көзқарастарда жеке адамның дүниетанымы, көзқарасы, ұмтылысы, нанымы байқалады. Сондықтан жеке адамның адамгершiлiк сферасын қалыптастыру-тәрбиенiң өзегi.Бiздiң қаншалықты өзiмiздi және өзгенi түсiнетiмiзге байланысты болады. Иә,қазақтар ұл мен қыз тәрбиесіне тым терең бойлап,олардың жас ерекшелігі мен табиғи өзгешеліктерін үнемі жадында ұстап,тәрбиелеу жолын тамаша таңдай білген.Сондықтан адамды өзiн қоршаған әлемiне және қатынасына байланысты анықтайды. Адамның қоршаған ортаға қарым-қатынасы оның өзiндiк көзқарасынан, сенiмiнен, дүниетанымынан, басқа адамдар мен қатынасынан,ең бастысы оның әрекетiнен (еңбек, оқу, т.б) көрiнедi.Үлгі-өнеге-өте əсерлі тəрбие əдісі. Бұл əдіс негізінде жатқан заңдылық: көрумен қабылданған санада тез əрі жеңіл бекиді, себебі оны ойланып сөзбен таңбалап не таңбасын ауыстырып жатудың қажеті жоқ. Үлгі- бірінші, ол сөз – екінші сигналдық жүйе деңгейінде əсер етеді. Үлгі еліктеу үшін нақты өрнек беріп, сана, сезім, сенімді белсенді қалыптастырып, іс-əрекетке қозғау салады. «Уағыз жолы ұзақ, үлгі жолы қысқа»-деген байырғы Рим ғұламсы Сенека. Бала өміріндегі тұңғыш жанды өрнек - ата-ана,тəрбиеші, дос-жаран.Үлгінің психологиялық негізі-еліктеушілік. Осыған орай бала əлеуметтік жəне инабаттық тəжірибе жинақтайды. Жас өспірімдер өздері аса ұнатқан адамдарға еліктейді. Сондықтан, баланың адамгершілік дамуына қамқорлық жасауда оның өнегелі ортаға араласуына басты назар аудару қажет. Өмір өнегесі ұдайы оңды болса, тіпті жақсы, бірақ олай бола бермейді, балаға əсер етуші кері өрнек аяқ астында.Жастар назарын өмір, адам келеңсіздіктеріне аударып,болымсыз қылықтар салдарын талдап, олардан қорытынды шығару-міндетті шарт. Мезетімен орынды пайдаланған ұнамды үлгі тəрбиеленушіні жаман қылықтан сақтандыруға жəрдем беретінін де ескерген жөн. Тəрбие тəрбиешінің жеке басы үлгі-өнегесіне, оның қылық-əрекетіне, қамқорлығындағы балаларға қатынасына, дүниетанымына, іскерлігі мен абыройына тəуелді. Ұстаз үлгісінің оңды ықпалы оның сөзі мен ісінің жарасымдылығына, балалардың бəріне бірдей ақ пейілді қатынасына орай арта түседі. Бұл тəрбиешінің беделіне, ол бастаған істің жүйелілігі мен бірізділігіне де байланысты.Сонымен,сана қалыптастыру əдістері тұлғаның ізгілену тəрбиесінде маңызды рөл атқарады. Мұндай əдістер түрі: əдептілік əңгімелері, түсіндіру, ұғындыру, əдептілік сұхбаттары, үгіттеу, сендіру, көрсетпе нұсқау, үлгі тəрбие əдістерінің тиімділігі олардың қалай қолданылуына, ұстаз таңдаған гуманистік бағытқа тəуелді. Бұл айтып отырғанымыз,бүгінгі педагоги-кадағы нұсқаулар.Осыны Фараби бабамыз былай өрнектеген. «Жаратылысында әрбір адамға өз тіршілігі үшін және ең жоғары кемелділік дәрежесіне жету үшін көп нәрсе керек,ол мұны өзі жалғыз жүріп таба алмайды және бұған жету үшін ол қандай да бір адам қауымын кажет етеді, осы қауымдағы адамдардың әрқайсысын оған қажетті нәрселердің жалпы жиынтығынан қандай да бір затты тауып беріп отырады. Оның бер жағында әрбір адам өзінен басқа екінші адам жөнінде де нақ осындай күйге түседі. Міне, сондықтан да, бір-біріне көмектесіп жаңа өмір жолында жасампаз рухани күштердің біреуі екіншісінің өмір сүруіне қажетті нәрселердің бір бөлігін тауып беріп отыратын көптеген адамдар бірлестіктері арқылы ғана адам өзінің жаратылысына сай кемелділік дәрежесіне жете алады». Абай атамыздың «Балаға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі-ұстазынан, үшіншісі-құрбысынан. Солардың ішінде, бала қайсысын жақсы көрсе, сонысынан көбірек жұғады» деген дана сөзі бар. Сондықтан да, ата-ананың балаға берер тәрбиесінің рөлі жоғары. Ата-аналар балаларына тәрбиелі болуды үнемі уағыздайды,теріс қылығын көріп қалса, ұрысып жекиді,кей жағдайда қол да тигізіп жатады.Іс жүзінде дұрыс үлгі, жақсы өнеге көрсетуге шамасы жетпей қалады.Ата-ана,ағайын-туыс,ата-әже нағыз тәрбиелі азамат («жақсы ұл,жақсы қыз»)қандай болу керектігін іспен,өнегемен көрсетуі тиіс. «Баланы бұзуға,түзеуге себеп болатын бір шарт-жас күнде көрген өнеге.»(Ж. Аймауытов). Үшінші. «Тәлім мен білім кілті-тіл», «Тәрбие басы-тіл»,«Үлкеннің тілін алған жас,сүрініп қабынбайды.Көрініп тұрғандай тіл мен тәрбие егіз. Ұлт қасиеті тілінде.Тілі өлген ел-тірі өлген ел.Тіл-қай халық үшін өнер, байлық,әдеп, үлгі, өнеге. Ж.Баласағұн(ХІғ.)«Кісіге құт-тілден»-деген А.Йүгінеки(ХІІғ.) «Әдептілік басы-тіл»-деген. Тіл жүйріктен де озар.Сөз адамның айнасы. Өткір сөз-өлмес ерлік,өшпес мұра.Тіл-жаның,діл -арың.Тіл айтуға оңай, естуге қиын.Сөз байлығы -тіл байлығы. Тіл байлығы- ой байлығы Қазақ қоғамы:серт сөзді, семсер тілді, сегіз қырлы аталы сөзді дәріптеп,оны тек қатынас немесе тәрбие құралы ғана емес,өмір салтын үйлестіруші тетік ретінде пайдаланған.Сондай-ақ,қазақ азаматын марапаттаса, «шенді шекпен жаппайтын,төсіне жылтыратып металл тақпайтын». Қазақтың марапаты да- сөз, жазасы да -сөз. Сол себепті,әулет мектебінде негізгі тәрбие құралының міндетін сөз атқарған. Мысалы,ұлықтау,ардақтау , баға-лау,кешірім ету,тағзым ету, көңіл айту, тыйымдық сөздер,ескертпелік сөздер, естірту, жоқтау, т.б. Тіптен, әулет мектебінің ең басты әлеуметтік пәні де-«Сөз өнері» болған. Бұл жағдай, қазақ деген халықтың сөзді тыңдау, сөзге тоқтау,сөзде тұру, сөзді ұғып оны қадірлей білу дағдысын,оның салихалы әдебіне, ерекше қасиетіне, өзгеше мінезіне. айналдыра алған. Қазақ сөзбен адам жанын да,тәнін де емдеген. Қазақ тілмен азамат,тұлға тәрбиелеген. Қазақтың тілі-қылыш,сөзі-сойыл.Тәрбиелеу қазақ ілімінің басты қағидасы-ұлттық тілді жете меңгертіп,сол арқылы тәрбиеле! Төртінші. Балалардың жас ерекшеліктерін есепке алу – осы заманғы оқыту және тәрбие беру жүйесіндегі негізгі принциптерінің бірі.Ал,қазақ ілімінде: тәрбие ісін әр баланың жеке бас ерекшеліктерін (психологиясын) ескере отырып жүргізуді де ескертеді. «Баланы туады екенсің, мінезді тумайды екенсің», «Бір биеден ала да туады, құла да туады»,«Балаға үміт арту-әкенің парызы, ақтау-баланың қарызы» деп ой түйіндеген Адамтану қазақ ілімінде бала-ның даму ерекшелігі өте дәл, әрі өте қызықты сараланған.Мысалы; нәрестенің кіндігі түскенге дейін;қырқына дейін;тұсауын қиғанға дейін:жетіге дейін;ұл және қыз жасы;бозбала, бойжеткен жасы:күйеу жігіт,қалыңдық (жар болар жасы) кезеңі т.с.сАл,мұның өзін еңбекке араласуына сай:қозы жас,қой жас,жылқышы жас т.б.),нәресте, сәби, балдырған, жас ұлан,жеткіншек деп,баланың ақыл-ой,денесінің дамуына сай жіктеп қарастырады.Міне осы жас кезеңдерінің жеке өзгешеліктерімен санасып тәрбиелеу қағидаларын қалыптастырған. Мысалы,«Алтыға дейін атаң ды(кей өлкеде ауылыңды таны) таны,жетіге дейін жеріңді таны»,«Жетіге дейін жерден таяқ жейсің!», «Балаңа бес жасқа дейін патшаңдай қара,онбеске(он үшке) дейін қосшыңдай сана,онбестен асқан соң досыңдай бағала!» Демек, тәрбие және оқыту жұмыстары осы жас сатыларына сәйкес жүргізілуі қажет. Өйткені адам жасының табиғи негізі - жас сатылары немесе биологиялық жетілу шақтары екендігін халық ерте ұққан.Жас ұрпақ тәлім тәрбиесінде,қазақ: «Балаға-Тоқта!-деген сөзді дер кезінде айтпаса, кейін кеш болады» деген қағида ұстанған.Басқаша айтқанда:«Балапан басында, тұрымтай тұсында» демекші, әр нәрсе дер кезінде әсерлі,ықпалды болмақ.Уақыт барлық құбылысқа есепші әрі сарапшы. Балаға берілуге тиісті тәлім-тәрбие,білік-дағды оның жас шағында іргесі қаланбаса,негізі қалыптаспаса,уақыт өткен соң,қисық ағаштай қыңырлық көрсетуі мүмкін. Сондықтан,мына қағида өмірге келген.«Жастай берілген тәрбие, жас шыбықты игендей.»Баланы уыстан шығарып алып, опық жеудің өзі қайғы.Айталық,бес жас ойын баласының жасы екені рас. Алайда,жеті жасқа келсе де, ойын баласының ортасында, тайраңдап жүрген ұланға: «Қойсайшы-ей,...жарбақтамай, балдырған емессің ғой!»-деу арқылы оларды тия қоятын.Қазақ баласының өсіп даму әр кезеңінде оларға арнап жасалатын жол-жора,рәсім тәмсілдер бар.Айталық «Алтыға дейін атаңды таны» деген болғандықтан қазақ баласы бұл міндетін қайткен күнде атқаруға тиіс.Жетіге дейін жеріңді таны дегендіктен қазақ баласы жерін тану дағдысын игеруі парыз.Ата-анасы сол баланың міндетін атқаруына басшы болуы керек,әрі мүмкіндік жасауы қажет. Өмірлік білім беру,тәрбиелеу дегеніміздің өзі-нағызында осы!Ал,ағайын,балаңыздың осы міндеттері орындалып па еді? Еске түсіріп қойғаныңыз жөн ақ.Бұлай деуімнің екінші ұшы,баланы-адам ретінде құрметтеп қадыр-тұтудың, олармен тіл табысып түсінісудің басты шарты осы ғұрыптарды атқару болып табылады Мысалы, атқа мінгізу, тоқым қағу,сүндетке отырғызу, тырнақалдысын белгілеу, тілашарын атап өту т.б.« Жақсылыққа құр сөз арқылы шақырып, ынтықтыру мүмкін емес. Адамның табиғаты сол - кез -келген нәрседе үлгіні қажет етеді Жасында көргені жоқтың, өскенде айтары да жоқ.»(Ғ.Мұстафин) ( жалғасы бар)                          

                                                                                                            Айнұр Серіқызы 16 қаңтар 2018

dle
Ұқсас мақалалар:
Әулет педагогикасының қағидалары (жалғасы)

Әулет педагогикасының қағидалары (жалғасы)

Әулет мектентерінде қолдалылып келген,педагогикалық қағидалар мен ұстанымдар туралы жаңа бағыттағы зертеу нәтижесі туралы ғылыми мақала...
өзегін өзгертіп,өресін биіктету керек

өзегін өзгертіп,өресін биіктету керек

Рухани жаңаруға сай,тәрбилеудегі жаңа бағыттар мен жаңа ұсыныстар әңгімеленген....
«Тәрбиенің ең тамаша мектебі – отбасы»

«Тәрбиенің ең тамаша мектебі – отбасы»

Тақырыбы:  «Тәрбиенің ең тамаша мектебі – отбасы» Өткізген: Абишбаева Айтолкын Сынып сағаты 1 «Ж» сынып...
Жеке тұлғаны қалыптастырудағы отбасының рөлі.

Жеке тұлғаны қалыптастырудағы отбасының рөлі.

[b]Қостанай облысы Аманкелді ауданы «Жұпар» балабақшасы «Ертөстік» тобының тәрбиешісі Немзорова Светлана Андреевна Жеке тұлғаны қалыптастырудағы...
Бала  тәрбиесі  баршаға  ортақ!

Бала тәрбиесі баршаға ортақ!

Мұханбетова Мөлдір Бала тәрбиесі баршаға ортақ! «Адамның жақса өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым бола алатын ...
Пікірлер: 0
Пікір қалдыру