Тіркелу Сайтқа кіру

ҚАЗАҚ ОТБАСЫНДАҒЫ ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ РӨЛІ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ», – деп айтқан.
«Қыз – өріс, ұл-қоныс» деп білгендіктен қазекем өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «Қызға қырық үйден тыйым» жасайды.

Ата-ана қызынан ешнәрсені аямайды. Оның ешнәрседен мұқтажсыз, өсуін қадағалайды. өйткені қызға бергенді қызыр өтейді деп біледі. Сонымен бірге қазекең қызды бетімен де жібермейді. «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» дей отырып, оларды қанаттыға қақтырмай,тұмсықтыға шоқтырмай өсіруды парыз санайды [1,54б].

Халқымыз «қыз-қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Ата-бабаларымыз «қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек анасы жауапты емес, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отырған.

 

Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді. Тарихқа көз жүгіртсек, Айман, Құртқа, Назым сияқты қыздарымыз, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелдерінің үлгісі болды. Аналарымыз «баланы жастан» деп, бала тәрбиесін құрсақтан бастаған. Ұлжан ана данышпан Абайды ғұсыл-дәретсіз емізбегені – адамзаттың баласын тәрбиелегені болып табылады.

Халқымыз бала тәрбиесіндегі ананың ролін өте жоғары бағалаған. Тіліміздің өзін ана тілі деп атауы-аналарға көп жүк артады. Аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін көрсетеді.

Ана-барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. Ол адамды өзінің тілінде, ана тілінде сөйлетеді. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы ғана жауапты емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отыр. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу-халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі.

Қыздың  бойындағы ізеттілік, көргенділік нәресте  кезінен ана сүтімен  бойына сіңген. Қатты күлмеу, айқалап сөйлемеу, үлкеннің жолын кеспеу, ыдыс –аяқты сылдырлатпау, алдымен  кіріп, артымен шығу, есікті теуіп ашпау, босағаны кермеу, үлкендерден жоғары отырмау тәрізді тіпті қыз баланың отырысына, жүрісіне, киім киісіне, дауыс ырғағына дейін мән берілды.  Мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Әрбір қыз балаға  ата-анасын,  туыстарын,  ұстаздарын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін ,жерін, халқын сүйетін,  өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жақсы көретін қамқор ана,  қайратты жан, нәзік ару шығатыны сөзсіз. Қыз баланың жақсы болып өсуіне оның өскен ортасының, бірге жүрген құрбы-құрдастарының, дос-жарандарының да әсері күшті. Қазақтың «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деген нақыл сөздері сол өмір тәжірибесінен алынған. Сонымен қазіргі заманғы қыздардың бойынан: ақылдылық, инабаттылық, сымбаттылық, көріктілік және де іскерлік қасиеттері де табылуға тиіс. Халық «Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без» деген. Ұлы Абай атамыз «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар ата-ананың қызынан қапы қалма» деген екен [1,62б].

Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға да  үлкен сын. Бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін көрсетеді. Ана-барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді.  Жүн түт, жіп иіру, шекпен тоқу, кесте тігу, құрақ құрау, кілем тоқу, көрпе көктеу, т.б. өнерді қыздарына бөгде босағаға бармай тұрып – ақ үйреткен. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті. «Қыз» ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Қыз абыройы - болашақ отбасының, босағаның беріктігіне қатысты мәселе. "Қыздық жолы жіңішке" деп, оның абыройын сақтауын қатаң қадағалап отырған. Қыз баланың абыройы оның ақыл-парасатына, инабаттылығына, махаббатты жоғары бағалауына байланысты. Әр әке-шеше, туған-туысқан, бауыр өз қыздарының абыройлы болуына ерекше мән беріп, қадағалайды, әсіресе қыз тәрбиесіне анасы жауапты. Халқымыз бойжеткен қыздың алдына келешектегі өмірлік міндеттерін қойып, орындап отыруды қыздық абыройы деп санаған.

Олар: ізетті болу, әсем киіну, әкені күту, шешені сыйлау, дөрекі сөйлемеу, қабаң шытпай жүру, үлкендердің алдынан кесіп өтпеу, ұқыпты болу, өсек айтпау, ұрпақ тәрбиесінен хабардар болу, ұлт дәстүрлерін құрметтеу, ана тілін ардақтау, орынсыз сөз айтпау, арқан, жіп есе білу, сиыр сауа білу, кілем тоқып, кесте тіге білу, т.б. секілді мінез-құлықтық қасиеттер мен дағды икемділіктері.

«Қыз қырық үйден тәлім алады» демекші, әр үйден: біреуінен тамақ пісіруді, бірінен жүк жинап, үй реттеуді, бірінен өзін ұстауды, біреуінен өз ара жағымды қарым – қатынастарын, біреуінен аула жинақылығын, т.б. үйрену де бұрынғыдан келе жатқан тәлім жолы.

Қыз бала көп адам жиналған орындарда көзге түседі, сыналады. Ондайда өзінің ұстамдылығымен, жарқын жүзді сыпайылығымен, жинақы, ширақ жүріс – тұрысымен, сергек – сезімталдық, ептілігімен, өнерпаз әрі сөзге ұсталығымен, жарасты әзілге шеберлігімен көзге түсіп, «пәлен деген қызды – ай шіркін!», «түгеншенің қызының тәлімдісі, зерегі – ай!», «шешесінен аумай  қалған үстінде кіршік жоқ, бармағы майысып, он саусағынан өнер тамады, әуезінің өзі қандай әдемі, сөзі қандай дәмді! » деп тамсандырады. Ал мұндай жақсы атақтың қыз болашағы үшін маңызы зор. Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде: «Ұяттылық пен әдептілік әрқашан қайырлы істерге бастайды», - делінген. Ұят – әдепті белден басып өте беретін, отырғанда, тұрғанда өзінің жаратылысын ескермейтін, қызға өте жарасатын қымсыну, тартыну, қызару, имену деген ойына кіріп – шықпайтын қыз өзіне ғана емес, ата – ана, бауыр – туғандарына сөз келтіріп, жерге қаратады. Сондықтан қыз ибасы, қыз әдебі дегенге жеңіл – желпі қарауға мүлде болмайды [2,12б].

Қыздың, демек, болашақ ананың қолынан іс келуі, - міндетті жағдай. «Салақ әйел оймақшыл», «Жібекті түте білмеген жүн етеді», «Олақтан салақ жаман», «Ана көрген тон пішер», «Қыз еркем – кестесімен көркем» т.б. мақалдардың мәні осында. Киім тіге білу, дәмді тамақ пісіре білу, түйме қадап, жыртықты торлай білу, онсыз отбасының тіршілігі толыққанды бола алмайтын басқа да осы сипаттас істер қыздардың қадірін асырады. Бұларды ұсақ – түйекке санаған адам қатты қателеседі. Өйткені отбасылық өмірдің сәнін кіргізіп, жылуын, қызығын молайтатын, мән – мәнісін арттыратын, бір – біріне ризашылығын, сүйіспеншілігін нығайтатын – нақ осылар. Мұның тағы бір аса маңызды жағы, мүмкін ең маңызды жағы шығар, келешекте өзінің де ұл – қызын іске, өнерге үйрете алатын, өзі үлгі – өнеге көрсете алатын болуы [3,63б].

Философ Дьюидің айтуы бойынша, адамның өзінің маңыздылын сезінуі оның тамақ ішу, ұйықтау сияқты ең қарапайым, алайда ең қомақты қажеттілігі екен. Бірақ та бұл қажеттіліктің орнын өмір бойы толтыра алмай өтетіндер де болады. Өмірдегі өз орнының барын дәлелдеуге құмарлық әр адамның табиғатына тән нәрсе. Мұнда терең психология жатыр. Кішкентай қыздың ең бірінші көретін ер адамы кім? Әрине ол оның – әкесі. Егер де әкесі қызына көңіл бөліп, оның әдемі, ерекше екенін сездіріп, көзқарасымен болсын білдірсе, онда ол қыз жаңағы айтып отырған өзінің маңыздылығын дәлелдеуге өмір бойы қажетсінбейді. Өйткені ол өз ата-анасының алдында бұл сезімінің құмарын басып алған. Енді ол тек өзіне емес, өзгеге де көңіл бөле алады, өзгенің жанын жұбата алады. Ал керісінше, анасынан болсын, ең бастысы әкесінен болсын, тиісті көңіл бөлінбесе, бала келешекте сол қуысты жақсы дегенде, не өзіне не өзгелерге дәлелдеу арқылы белгілі жетістіктерге жетуі мүмкін немесе жаман дегенде олқылықтың орнын басқа зиянды заттармен толтыруы мүмкін. Осыдан қазірдегі үлкен адамдардың ортадағы өзін-өзі ұстауына қарап, оның кішкентай кезіндегі керекті назарды алған-ала алмағанын білуге болады. Баланың өмір бойына өзімен бірге болатын санасы мен мінезі балалық шағындағы алғашқы сезімдердің жиынтығы. Ал сезімтал келетін қыз баланың тәрбиесіне өте мұқият қарау керектігі айтпаса да белгілі. Тарихқа көз жүгіртсек, көшпенді қазақ халқы әрқашанда ананы қастерлеген. Жарын сүйген. Қызын қырық үйден тия отырып, алақанына салып әспеттеп еркелеткен. Қызды қашанда жат жұрттық деп, жас күнінен отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде ұзатқанға дейін тек тәрбие берген. Сол дәстүрдің арқасында Елдің анасы атанған талай әйелдердің есімі бізге жетті. Бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген ұлы даладан шыққан сақтың батыр қыздары Томирис пен Зарина ерлігі, Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Гауһардың, ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі Бопайдың, күн кеше Әлия мен Мәншүктің ерлігіне ұласты. Кеңес Үкіметі күйрердегі желтоқсанда ерліктің туын жықпаған қыздарымыз қаншама. Бұның бәрі ата салт-дәстүріміздің, тәрбие жолының дұрыстығын көрсетсе керек [4,45б].

Қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамға тоқталсақ-тәуелсіз, еркін еліміз осы заманның даму үрдісі жылдамдығымен зымырап келеді. Алдағы мақсат-дамыған елу елдің қатарына ену. Ал қоғам да уақыттан қалмай, ортамызға келген жаңа дүниелерге еніп, қалыптасу үстінде. Уақыт талабы-жарнамалық технология. Сондықтан қоғам уақыт талабына сай өмір сүру үшін, заман, адамдардың жеке тұлғалық факторларды талап етеді. Ұлттық сана-сезімге сіңіп, арғы тегімізден келе жатқан адами қасиеттерімізді жойып алмауды қажет еткендей. Қазақ халқы ежелден келе жатқан мәдени мұрасымен тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрін жалғастырып келеді. Осы байлықты нарықты заманда қалыптастырып, ұлттық қасиетін жоймау керек. Ең басты мәселе адам тәрбиесі, оның қоғамдағы алатын орны. «Орта түзер ойыңды, ойың түзер-бойыңды»-деп, Абай атамыз айтқандай мемлекеттік тұрғыда назар аударуды қажет ететін ұлттық сана-сезім, тәрбие бар. Осы орайда-болашақ сүйікті жар, ардақты ана-қыз баланың алар орны ерекше. Негізінен ұлттық сипаты бар тәрбиенің негізі-ауыл. Ал ауыл жастары қалаға келе тілдерін бұза сөйлегеннен бастап, ұлттық сипаты бар тәрбиеден аулақтай бастады. Осыдан бастап өзгергенде бейне бір жарнамалық заманмен жарысқа түскендей. Ұлттық сипаты, рухани құндылығы жоқ «Батыстың» тәлім-тәрбиесін қомағайлана жұтады. «Батыс» демекші, технология әлемін, теледидар беттерін жаулаған рухани құндылыққа зәру жарнамалық дүниелері-бейне бір жер шарындағы ірге тасынан өз тілі, діні, ұлттық мәдениеті бар елдермен күреске түскендей. Осы орайда «Батыс мәдениетін» дүние жүзіне таралған жайылмалы дертті ісік екенін мойындағандай боласың. Мәселен: парасатты, кішіпейіл, сыпайы тағы басқа ибалық мінездердің бәрін иманды қаракөз қыздарымыздың арасында сақтаулы. Өкінішке орай, біреуден көргенімізді қайталап істеу керек болып тұрады.

Артымызда өсіп келе жатқан сіңілілеріміздің өзі есепшіл, өркөкірек, сезімге сенбей «ақшаға» ғана сенетіндер қатары көбеюде. Тәрбиені ата-анасына емес, теледидар, компьютерден алып келе жатқан жастар буыны қалыптасып келеді. Кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Осыдан барып бала әке-шешесінен суып, оларға деген сыйластықтан мүлдем қалады. Бала кезінен жылылық мейірімді көрмеген адам баласы қатыгездікпен өседі. Жүрегін бойлаған суық ызғардың өшін өзгелерден алатын жандар болады. Сондықтан бұл да ата-ананың жылылығы, жақындығы жастар тәрбиесіне әсерін тигізеді. Қазір, жасыратын не бар, бұрын дәстүрімізде болмаған сүреңсіз жағдайлар бой көрсетуде. Қаладағы қазақ қыздарының көбі бір-бірімен орысша сөйлеседі. Өз ұлтының тілінде сөйлеуге талпынбайтыны өз алдына, кейбіреулері тіптен оны намыс көреді. Бірақ, бұған кімді кінәлаймыз? Соқыр желді айдаумен бірдей ғой. «Қасқырдың аяғы асырайды» демекші, қазіргі заманымыз жанталас заманына айналды [6,46б].

Қазірде "Заман солай ғой" деген сөз тіркесі шықты. Біз неге тәрбиедегі кемшілігімізді заман-ға жаба саламыз? Неге заман кінәлі болуы керек? Сонда бізді тәрбиелеп отырған әке-шешеміз, ата-әжеміз қайда?  Міне, осындай сан мыңдаған сауалдар ешкімді бейжәй қалдыра алмайтыны анық. Қазіргі кезде кейбір арулардың  қысқа етекті белдемше киіп, алкогольдік ішімдіктер ішіп, шайтандар үйін паналауы бұл ең бірінші ата-анаға және екінші адамның өз ортасына байланысты. Біз кінәліні алыстан іздемеуіміз керек. Себебі, осындай орыны толмас олқылықтар ең бірінші тәрбиенің жетіспеушілігінен болады. Тек өз ұлтын, тілін сүйіп, қастерлейтін адам ғана сонау әлімсақтан мирас болып келе жатқан ата-ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірбандық, инабаттылық сияқты ізгі қасиеттердің иесі бола алады.

Қыздарымыз осындай ұлтжандылығымен, өздеріне тән нәзіктігімен, сүйкімділігімен және рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы сыйлы. Ертеңгі күні не болатынын білмегендіктен, тек өздеріне сеніп, бүгінгі күнмен ғана өмір сүретін адамдар тобына айналып бара жатырмыз ба?-деп, қорқамыз. Себебі, біздің қоршаған ортамыз келген жаңа дүниелерге еніп, қалыптасу үстінде. Сондықтан шығар, біз, өзіміздің адами құндылықтарымыздыжоғалтып, кейбірі ну орманның ішінде жүргендей адасып, теріс жолға түскендері қаншама?

Бүгінгі ата-ана балам жақсы болсын деп ішер асын да, киер киімін де, кітап-журналын да, интернетін де, барлық мүмкіншілігін жасап береді.  Алайда, ата-ана міндеті мұнымен шектелмейді. Балаға ең бірінші керек құндылық ол – тәрбие. Ұлы Абай атамыз: "Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, ата-ананың қызынан қапы қалма" деген екен. Демек, болашақ жас ұрпақты адамгершілігі  мол, иманды, өнегелі, өнерлі етіп тәрбиелеу – қазіргі отбасына үлкен міндет. Сонымен қазақ отбасында тәрбиенің негізі – ұлттық салт- дәстүрлер.

Қазақ отбасындағы қыз бала тәрбиесі оң жолға қойылуы керек. Келешекте ұлттық салт-дәстүрмен тәрбиеленген қыздар ел қорғайтын ұлтжанды  жас ұрпақты тәрбиелей алатынына біз сенуіміз керек [6,52б].

 

Пaйдaлaнылғaн әдебиеттер тiзiмi

1.Ж.Байжанова. Қызым саған айтам. - Алматы, 1990. – 568б

2.К.А.Оразбекова. Иман және инабат. - Алматы, 1993. – 152б.

3.Г.Исаева. Шаңырақ шаттығы. - Алматы, 1992. – 352б.

4.Қазақ қызы: өткені, бүгіні, ертеңі. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. – Алматы: Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты, 2003. І том, 344 бет

5.Бурбаев Т. Ұлт менталитеті А., 2001. 168 б.

dle
Ұқсас мақалалар:
Қазақ қызы қандай болуы керек?

Қазақ қызы қандай болуы керек?

Өзін өзі тану пәні бойынша "Қазақ қызы қандай болуы керек?" тақырыбында баяндама. Мақсаты: Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың...
Ұлдан ұлағат, қыздан инабат

Ұлдан ұлағат, қыздан инабат

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаасы, №21 орта мектеп физика пәні мұғалімі Исабекова Бибинур Тақырыбы: «Ұлдан ұлағат, қыздан инабат» Мақсаты: ...
Қайсарлығы мен нәзіктігі жарасқан қазақ қызы

Қайсарлығы мен нәзіктігі жарасқан қазақ қызы

Қайсарлығы мен нәзіктігі жарасқан қазақ қызы №87 жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Парменова Әсем...
Қыз  бала  - ұлттың  ұяты,  халықтың шырайы

Қыз бала - ұлттың ұяты, халықтың шырайы

“Қыз бала - ұлттың ұяты, халықтың шырайы Бала тәрбиесi – игiлiктi iс. Берерi де, сұрауы да, жемiсi де мол тәрбие саласының ең өзектiсi.Халықта...
Бала  тәрбиесі  баршаға  ортақ!

Бала тәрбиесі баршаға ортақ!

Мұханбетова Мөлдір Бала тәрбиесі баршаға ортақ! «Адамның жақса өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым бола алатын ...
Пікірлер: 0
Пікір қалдыру