Тіркелу Сайтқа кіру

Қымыздың түрлері

Қымыздың түрлері

Қымыздың түрлері
Қымыз - халықтың қасиетін, дәулетін, салтанатын, байлығын, мырзалығын, дастархан берекесін білдіретін ырыс белгісі. . Өзге тағамдарға қарағанда, қымызды дайындаудың әдіс-тәсілдері ырымдары мен кәде жол-жоралғысы өте көп. Көктем туып, құлындаған бие байланып, сауылады. Биенің ашымаған сүтін саумал дейді. Оған арнайы ашытқы қосылып, екі-үш күннен кейін ашиды. Алғашқы қымызды үй иесі өзі ішпейді, дәстүр бойынша үлкендерін шақырып, ауыз тигізіп, батасын алады. Мұны "қымызмұрындық" дейді. Дайындау әдісіне, қасиетіне, сапасына және сақталу уақытына байланысты халқымыз қымызды бірнеше түрге бөледі. Және олардың әр түрін жылқы жасының атауымен атайды.

Уыз қымыз - биені алғаш байлап, жаңадан ашытылған қою қымыз. Уыз қымызды ашытуға қазы, жал майы, бидай құрт, айран, қатық, ашыған көже, рауғаш ашытқы ретінде пайдаланады.

Бал қымыз - жылқының сүр қазысын қосып, әбден бабына келтіріліп пісірілген қымыз. Бұл басқа қымызға қарағанда сары әрі қою, дәмді, жұғымды, тұщы болады. Қымызға тәттілік дәм беру үшін, бал, қант, өрік-мейіз қосып та пісіреді. Бал қымыз көбіне сырқат адамға, балаларға, сондай-ақ, жас босанған әйелдерге арналады.

Тай қымыз - бір күн сақталған қымыз.

Құнан қымыз - екі-үш күн сақталған, толық ашыған қымыз. Ол саумал ішпейтін адамдарға беріледі. Кейде ол ас пен тойларға апару үшін, ұзақ отырыстарда ішіп отыру үшін даярланады.

Дөнен қымыз - үш-төрт түн сақталған өте күшті қымыз.

Бесті қымыз - төрт-бес түн сақталып, ашуы әбден жеткен қымыз. Қымыз түрлері мен ерекшеліктерін халық жылқы атына байланыстыра атайды.

Кірпияз, аса сезімтал халқымыздың арасында ерекше дәм сезгіш қасиетімен дараланған адамдар болған дейді, білетіндер. Ендеше әрбір ішкен қымызыңыз сіздің әрқашанда көңіліңізден шығып, денсаулығыңызға пайда әкеле берсін демекпіз.

dle
Пікірлер: 0
Пікір қалдыру