Тіркелу Сайтқа кіру

Ашық сабақ«Жетісу күй дәстүрі» Халық күй«Тепеңкөк» (жалпы шолу, орындау)

                                                                              Құлшар атындағы Бейнеу өнер мектебінің

                                                                              Домбыра сыныбының мұғалімі

                                                                              Маденова Ақерке Орынбасаровна

                                                                              Маңғыстау облысы ,Бейнеу ауданы

Пән аты :  домбыра

Сыныбы :  2

Сабақтың мақсаты :Жетісу күйдәстүрінің ерекшеліктерін  түсіндіру. Жетісу күй мектебінің күйшілерін  таныстыру. Бір күйін орындау.                               

Білімділігі : Оқушы білімін жан-жақты ету. Музыкалық білімін тереңдетіп оқыту, жетілдіру.

Тәрбиелігі :  Оқушының еліне, салт-дәстүріне, өнеріне деген  сүйіспеншілігін ояту.

Дамытушылығы : Орындаушылық  шеберлігін  дамыту.

 

Сабақтың түрі : Ашық сабақ

Сабақтың әдісі :а)  теориялық

                              б)  практикалық

Сабаққа қажетті көрнекіліктер : Домбыра, оқулықтар, плакат, үлестірме қағаздар

Сабақ жоспары : 

  1.      Ұйымдастыру
  2.      Үй тапсырмасын тексеру
  3.      Жаңа сабақ         

    а)  теориялық

    б)  практикалық

  1.      Сергіту сәті
  2.      Қорытындылау
  3.      Үй тапсырмасы
  4.      Бағалау

Сабақтың жүрісі

1.ҰйымдастыруОқушының отырысын тексеру, оқу-құралдарын түгендеу

2.Үй тапсырмасыЛя мажор гаммасын  ойнату. Кілттік белгілері туралы сұрау. Ю.Шишаков «Этюд». Жатқа ойнату. Қателерімен жұмыс жасау.

3. Жаңа сабақ

Тақырыбы : «Жетісу күй дәстүрі». Халық күй«Тепеңкөк» (жалпы шолу, орындау)

а) теориялық

Еліміздегі Жетісу өлкесінде ертедегі аңыз күйлермен қатар авторлары ұмыт  болып, ел арасында сақталып қалған халық күйлерін кездестіруге болады. Мысалы: «Бозінген», «Аққу», «Аққудың зары», «Жеті атан – ерке атан», «Мұңлық - зарлық», «Жетім қыз», «Жетім бала», «Жиренше шешен », «Тепеңкөк»,  «Шұбар киік», «Ақсақ қаз» сияқты көне күйлер ерте дәуірлерден сыр шертеді. Аталған күйлердің шертпе дәстүріне көбірек ұқсастығына байланысты Жетісу күйлерінің шертпе және аралас стильде келетінін айта аламыз. Жетісудың күйшілік өнеріндегі күй құрылымы көне аңыз күйлерден бастау алып, оларға тән көптеген бейнелеу тәсілдері қалыптасқан. Мысалы: «Бозінген», «Аққу», «Аққудың зары», «Шұбар киік», «Ақсақ қаз» .Бұл музыкалық  бейнелеулер халық күйлері мен күйшілердің шығармаларында ең көне ұғымдармен сабақтасып, өзіндік ерекшеліктерімен айқындала түседі.  

          Өзге күйшілік өңірден Жетісу дәстүрін айшықтайтын ерекшелік – оның Шығыс күйшілік дәстүрімен өзектестігі. Жер жағдайы ұқсас, Алтай мен Алатау аралығында үзілмей, іркес – тіркес жалғасқан тау сауырын қоныстанған елдің мәдени кеңістігі ортақ болғандығы байқалады.Жетісу күй мектебінің негізгі сипаттамасын, өзге күй мектептерінен айырмашылығын музыкалық даму тұрғысынан тап басып айту едәуір қиындық туғызады. Себебі, бұл мектептің  күйлерінде Арқа, Қаратау, Алтай, Сыр сарындары аралас кездесе береді, күй шалу машығында төкпелетіп тарту да бар, солай бола тұра күйдің дамуы шертпе шеңберінен шыға қоймайды.

         Сонымен Молықбай, Байсерке, Қожеке, Бердібек, кейінгі буын Темірбек Ахметов, Нұрғиса Тілендиев, Мәлғаждар Әубәкіров, Жамағат Темірғалиев секілді тұлғалардың есімдерін атай келе, өңірлік ерекшеліктерге қарап, Жетісу күйшілік өнерінің заманауи даму үрдісіне сай дамығанын байқаймыз.

 

 

 

Жетісу күй мектебі

Күйлер:

«Бозінген», «Аққу», «Аққудың зары», «Жеті атан – ерке атан», «Мұңлық - зарлық», «Жетім қыз», «Жетім бала», «Жиренше шешен », «Тепеңкөк»,  «Шұбар киік», «Ақсақ қаз» және т.б.

Орындаушылар:

Молықбай, Байсерке, Қожеке, Бердібек, кейінгі буын Темірбек Ахметов, Нұрғиса Тілендиев, Мәлғаждар Әубәкіров, Жамағат Темірғалиев.

Ерекшелігі:

күй шалу машығында төкпелетіп тарту да бар, солай бола тұра күйдің дамуы шертпе шеңберінен шыға қоймайды.

 

 

         Жетісу күй мектебінен бір күймен танысу мақсатында  халық күйі «Тепеңкөк» ті аламыз. Талдап бастамас бұрын күйдің аңызына тоқталамыз.

         Ертеде бір кедейдің мал дегенде жалғыз көк аты болыпты. Өзі бәйгеге қосқанда алдына қара салмайтын жүйрік екен. Бірақ бір қасиеті, тері шықпаса мүлдем шаба алмайды, ол жақсылап тері шықса қандай жарыс болса да алдын бермейді екен. Аттың сыры иесіне мәлім демекші, сол елде үлкен ас болып, асқа жан – жақтан небір сәйгүліктер келулі. Аста ат шабыс, жамбы ату, балуан күрестері белгіленіп, озғандарына жүлде тағайындалады. Бұл асқа әлгі кедей де келеді. Көк тұлпарын жарысқа қостыру үшін иесі бәйге басталмас бұрын қанжығасына екі дорба құмды өңгеріп, әрлі – берлі желдіртіп, терін шығарып тепеңдетіп келе жатқанда, елдегі бір домбырашы көріп, аттың сұлулығына, жүрісіне көңілі толып «шу жануар тепең көк» деп күй тартыпты. Содан бұл күй ел арасында «Тепең көк»атанып кеткен.

 

б)практикалық

Енді осы күй мектебінің бір күйімен танысып, талдап,ойнап көрейік. Күйге  анализ жасайық.(Оқушыға сұрақтар қою арқылы күйдің өлшемін, кілттік белгілерін,екпінін сұрап,оның жауаптарын толықтыра отырып, талдауға кірісемін).

Аспапта ойнап көрсетіп, баламен үзінді шығарамыз. ( күйді  үлкейтіп жазылған плакаттан талдау, ойнату.)

 

4.Сергіту сәті.

Енді кішкене бой сергітіп алайық. Таңғажайып барабанымызды айналдырып, нұсқаулық көрсеткен жасырын сұрақтарға жауап береміз. Әр сұраққа жауап берген  сайын ұяшықтардан әріптер ашылады.. Жасырылған басты сөздің сілтемесі: Жетісу күйшілік мектебіндегі белгілі күйші – композитор.

Таңғажайып барабанның қиындыларындағы сұрақтар:

  1.      Жетісу күй өнеріне жататын  қандай күйлер білесің?
  2.      Гамма дегеніміз не?
  3.      Арпеджио деген не?
  4.      Фа#, до #, соль # қай мажор гаммасында кездеседі?
  5.      «Лига» таңбасын қалай түсінесің?
  6.       «Форте», «пиано» сөздерінің мағынасын қалай түсінесің?
  7.      Жетісу күй мектебінің күйші – композиторларын ата.

Жасырын сөздің әріптері толық ашылғанда «Байсерке» деген күйші атауы шығады. Бұл күйші туралы сабақ барысында айтылған мәліметті еске түсіріп өтеміз.

 

5. Қорытындылау

Ойын арқылы жаңа сабақты бір қайталап шығамыз. Жетісу күйшілік мектебінің ерекшелігін қысқаша айтып өту.«Тепеңкөк» күйін сағаға дейін қайта талдауын еске түсіре отырып, көңіл бөлу керек ерекшелігін айтып өту.

6. Үйге тапсырма

Алдын ала оқушыға арнап жазып дайындаған күй нотасын беріп, үйден орындап келуге тапсырма беру.

7.Бағалау

Оқушы белсенділігіне,білімділігіне,тапқырлығына қарай бағалау.

dle
Пікірлер: 0
Пікір қалдыру