Тіркелу Сайтқа кіру

Сынып сағаты «Арман – адамға қанат»

                                                                              Құлшар атындағы Бейнеу өнер мектебінің

                                                                              Домбыра сыныбының мұғалімі

                                                                              Маденова Ақерке Орынбасаровна

                                                                              Маңғыстау облысы ,Бейнеу ауданы

 

«Арман – адамға қанат»

Сазды кеш  бағдарламасы

Мақсаты:                      Екі дауыста ойнау дәстүрінің ерекшеліктерін, шертіп ойнау және

                                        перне басу әдістерін меңгеру жоғары дайындықты талап ететінін

                                        аспапта оқушыларға ойнатып отырып, ата – аналарға түсіндіру.

а)білімділігі:                 Оқушылардың музыкаға деген қызығушылығын

                                         арттырып, өнер туралы білімдерін терең меңгерту.

 

ә)тәрбиелігі:                  «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деген сөздің

                                          мағынасына терең бойлай білуге шақыру.

 

б)дамытушылығы:      Оқушыларды сахнада ойнауға үйрету.

Көрнекіліктер:              Үнтаспа, сахнаны  «шұбатхана» деген жазумен, столдар, оның

                                          үстінде шұбат құйылған зерен және кеселермен, ұлттық тағамдар

                                          тұрған сөремен  безендіру, слайд. 

 

Кештің барысы:

Сынып жетекші:Құрметті ата-аналар,ұстаздар,оқушылар,бүгінгі сазды кешімізге қош келдіңіздер!

Сазды кешіміз өнер мектебін бітірушілердің 10 жылдан кейінгі кездесуі желісінде өрбиді. Бұл кешті ұйымдастыру барысында екі ұстаныммен жүріп отырдым. Бірінші – «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деген нақыл сөзде айтылғандай оқушылар бар ынтасын сала дайындалды. Екінші – «Арман – адамға қанат» деген нақылды тақырып ретінде алып, балалар болашақтарына қиялмен барып келгендей. Қанша жыл өтсе де үйренген өнерлерін ұмытпайтындарына, әр мектепте оқыса да, бір – бірімен жақын болып кететіндеріне, тек қана аспапта ойнауды ғана емес, сахна мәдениетімен танысқандарын көрсетеді деген сенімдемін.Ендеше кешімізді бастаймыз. Жүргізуші болмайды. Оқушылар орындайтын шығармаларын өздері сөз арасында хабарлап отырады.

   Сахна кафе іші секілді безендірулі тұрады. Бірақ бұл ауылға оқу бітіріп келіп, шағын бизнес ашқан Жансаяның «Шұбатханасы» болатын. Қазақы ыдыс – аяқтар, ұлттық аспаптар көрініп тұр. Сахнаға екі стол қойылған. Стол ортасында қазақы оюлы кеселер жиналған.Жанға жайлы, әдемі әуен ойнап тұр.

Шұбатханаға сыңғырлап күлген қыздар кіріп, айналаға қарап таңдана:

-         Ой, қыздар, қандай әдемі, жайлы.

-         Ия, оның үстіне қазақша нақышпен безендіріпті.

-         Кімнің ашқан шұбатханасы екенін білесіңдер ме?  

-         Өнер мектебінде Жансая деген домбырашы қыз болды емес пе? Сол қыздың шұбатханасы.

-         Ия, ия, ер балдармен керісіп отыратын пысық қыз емес па?

Осы кезде Жансая сырттан кіреді де, қызмет жасап жүрген қызға тапсырмалар бере бастайды. Оны көрген қыздар:

-         Әне, Жансаяның өзі де келді.

Осы кезде Жансая да қыздарды байқап, келіп амандасады.

-         Қыздар, қош келдіңдер, қонақ деп осыны айту керек – деп қуанғанын білдіреді.

-         Ой, Жансая, құтты болсын!

-         Керемет шұбат ішетін орын ашыпсың, құттықтаймын!

-         Рахмет, қыздар, төрлетіңдер! Ауылдың шұбатын сағынған боларсыңдар. Бүгін сіздерге өзім қызмет жасайын.

-         Ия, ия, әңгімені отырып жалғастырайық.

-         Ой, қыздар, өнер мектебін бітіргенімізге 10 жыл болғанда дәл осылай бас қосамыз деп ойламаппын.

-         Расында да, 10 жылда оқу, жұмыс деп жүріп кездеспеппіз.

-         Қыздар,осы  кездесуге арнап  ән орындап берсем қалай болады.

-         Әрине,Гүлдерай,  көрсет өнеріңді.

-         Олай болса мен сіздерге корей әнін орындап берейін.Қабыл алыңыздар.

-         Ал, мен музыка қосайын,- деп Карима орынынан тұрады.

Ән орындалып бола бергенде ер балдар шулап кіреді. Әнді тыңдап тып – тыныш бола қалады.Ән аяқталғаннан Гүлдерайды қолпаштап:

-         Ой, жарадың Гүлдерай,керемет орындадың.- деп қол шапалақтайды.

 

Қыздар:

-         Қыздар, бұл келген қонақтардың жүздері таныс емес па,-деп қуақыланып айналасына қарайды.

Қосай:

-         Ооо, жігіттер, өнер мектебін бірге оқыған, оркестрде бірге өнер көрсеткен қыздар отыр екен.

-         Қош көрдік.

Шұбатхана иесі Жансая жігіттерге қарап:

-         Ал жігіттер мынау бір керемет кездесу болды. Төрлетіңдер! 10 жылдық кездесу ұйымдастырып жіберейік,- деп әзілдеп қонақтарына қарайды.Оның бұл сөзін бәрі қолпаштай жөнеледі

-         Дұрыс, дұрыс,-деп екі жақтағы орындықтарға жайғасады.

Карима:

-         Қыздар, жігіттер, әрқайсысымыз әр салада жүрсек те, сол өнерімізді ұмытпаған боларсыздар.

-         Жооқ, өнер ұмытылмас қазына емес пе.- дейді Иса.

Нұржамал тұрып:

-         Қайсар, Жадыра, сіздер өнер мектепте жарыстарға жиі қатысушы едіңіздер. Естеріңде қалғаны бар ма?-дейді.

Қайсар:

-         Әрине, мысалы менің есімде «Көроглы» күйі ұмытылмастай болып қалыпты.

Қосай:

-         Ал, мен «Бөгелек» күйін жиі ойнаушы едім.

Карима:

-         Ия, «Маңғыстау жұлдыздарында» орындаған «Жеңіс» күйі естеріңде ма?

Мағжан:

-         Маңғыстау күйі ғой, Түркештің  «Көңілашар» керемет күй ғой.

Дулат:

-         Олай болса күй айтыс ұйымдастырып жіберейік.

 

Мейіржан:

-         Ал кәне, Жансая, аспаптарды шығар, айтысамыз,- дейді.

Алдан:

-         Табылған ақыл.

Ер балалар орындық дайындап, Жансая аспап әкеледі.Ортаға Қайсар, Қосай, Карима шығады. Орындайтын шығармалары «Көроглы», «Бөгелек», «Жеңіс» күйлері.Күй айтыс аяқталған кезде бәрі қолдап қол шапалақтайды.

Жадыра орынынан тұрып:

-         Гүлжәмилә, біз де өз аспабымызды қолымызға алсақ қайтеді. Мен өнер мектебінде жұмыс жасағандықтан қобызды күнде ойнаймын. Сені сынап көрсем деймін – деп жымия қыздарға қарайды.

Гүлжәмилә:

-         Әрине, еске алсақ болады.

Нұржамал:

-         Қыздар, қыздар, одан да ансамбль ұйымдастырып жіберейік. Мәдина, біз де домбырамызды қолға алсақ қайтеді.

Қайсар:

-         Ал, қыздар өнерлеріңізді көрсетіңдер.

Ортаға Жадыра, Гүлжәмилә, Нұржамал, Мәдина шығып, халық әні «Гәккуді» аспапты ансамбльмен орындайды.

Дулат:

-         Ой, жарадыңдар қыздар, Бірге оқыған достарымды көріп, шабытым оянып тұрғаны. Сіздерге арнап  нағашым Сәрсен Қадырдың «Бозторғай менің жастығым» өлеңін оқып берейін.

Сахна ортасына Дулат шығып, жәй әуен сүйемелдеуімен мәнерлеп оқиды.

Сандуғаш.

-         Жарадың, Дулат, әсерлі шықты.-дейді. Басқа балалар да қолдай жөнеледі.

Сандуғаш:

-         Айтпақшы, естеріңде ме, Индира апайдың «Алтыбақан» ұйымдастырғаны.Сол кезде Мейіржан сен сөзіңді ұмытып менен жеңіліп қалғансың.

-         Кім жеңілді. Олай емес.

-         Онда мен сені айтысуға шақырамын.

-         Мен дайын.

Ер балалар:

-         Ия, Мейіржан, намысты қолдан берме – деп қолдап тұрады.

Ортаға Сандуғаш пен Мейіржан шығып айтысады.Айтыс арасында демеп, қолпаштап отырады.

Нұржамал:

-         Иса, осы сен мектепте КВН командасында өнер көрсетуші едің, ол өнеріңді дамыттың ба?

-         Ия, ол менің сүйікті хоббиім. Әлі де сол командамен республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрмін.

Карима:

-         Олай болса, Иса,  өз өнеріңді көрсет, тамашалайық!

-         Несі бар, кәне жігіттер, КВН нен үзінді көрсетейік.- деп Иса ер балдарға қарайды. Исаға көмекке бір – екі бала шығады. (КВН үзінді ойнайды)

-         Ал, жарадыңдар балалар. Өнерлерің өрге жүзсін.

Сандуғаш:

-         Айтпақшы естеріңізде ме, 4 – сыныпта оркестрмен Ақтауға барғанымыз.Сол кезде бізге тіс пастасын жаққан кім еді?

-         Мейіржан, сен емес пе?

-         Ия, ия Мейіржан болатын.- деп ұлдар шулап қоя береді.

Мейіржан:

-         Ия  мен, бірақ маған да Әсем апай жақты емес пе?Солай ма апай?- деп көрермен арасында отырған Әсем апайға қарап сұрақ қояды.Аааа, одан кейін бітірер кезде «Маңғыстау жұлдыздарына» барғанымыз естеріңде ме? Айбат ағай, Қанат ағай, Әлібек ағай, Серік ағай бәріміз бірге Ақтауға барғанымыз ше?

Гүлдерай:

-         Қанат ағай есіме түспей отыр,қандай ағай еді?

 

Шынболат:

-         И, ана ағай не. !? – деп жүгіріп барып Жансаяның очкиін сұрап алады да Қанат ағайдың жүрісін салады.

Осы кезде ішек-сілесі қата күліп тұрған Мейіржан:

-         Мен Айбат ағай боламын.- деп ол да ортаға шығып Қанат ағайдың роліндегі Шынболатпен амандасады.

Осы кезде Иса:

-         Олардың қасында әрдайым Әлібек ағай жүреді – деп ағайдың қылықтарын салады.

Осылайша мұғалімдерді еске алған жастар қызу әңгімеге кіріседі. Нұржамал орынынан тұрып:

-         Маған Жанар апай сабақ берді. Жаңадан шығарма береді де «Мә, мынаны ертең жаттап кел, оп – оңай ғо» дейтін.

Гүлдерай:

-         Маған берген Әйгерім апай естеріңде ма? – деп өз апайын салады.

Жадыра:

-         Ой, қыздар, жігіттер, бұл керемет кездесуімізді бимен жалғасақ қайтеді. Билейікші.!!!

-         Әрине, билейік. – деп столдарды екі жаққа ысырып, флешмоб билейді.

Осы бимен кездесуді аяқтаймыз. Қатысушы оқушылар сахна төріне шығып тұрады. Осы кезде ұйымдастырушы шығып, оқушыларға, мұғалімдерге, ата – аналарға алғыс айта келе, сөз кезегін береді.

 

 

dle
Пікірлер: 0
Пікір қалдыру