Тіркелу Сайтқа кіру

Қазақстан Республикасының қазіргі армиясы, әскери жоғары оқу орындары.

Мұғалімнің ТАӘ және жұмыс орны  

Алматы облысы Талдықорған қаласы «Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Мұхтар Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейі» қазыналық коммуналдық мекемесінің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Жакиянов Азат Жакияулы

Сабақтың тақырыбы:

Қазақстан Республикасының қазіргі армиясы, әскери жоғары оқу орындары.

Сыныбы, мерзімі

10 «А»  ____________ 10 «Ә»  ____________ 10 «Б»  ____________

Жалпы мақсаттар:

1 ҚР әскер түрлері мен жоғары әскери оқу орындарын біледі

2 Топтық жұмыста мәдениетті сөйлеу дағдылары дамиды

3 Оқушылар сыпайылыққа және әдептілікке тәрбиеленеді      

Күтілетін нәтиже:

1 ҚР армиясын біледі, түрлерін атап өтеді.

2 Әскер түрлерінің ерекшелігін анықтайды, маңыздылығын талдайды.

3 Сапалы әскери кадрларды дайындауды қолдайды

Түйінді идеялар:

«Отан үшін отқа түс күймейсің.» Б.Момышұлы

Уақыт

Мұғалімнің іс-әрекеті

Оқушының іс-әрекеті

6

Ұйымдастыру: оқушыларды сапқа тұрғызу, түгендеу, амандасу, топқа бөлу, «Ыстық орындық» (Қосымша1)  әдісі арқылы үй тапсырмасын тексеру.

Видео көрсету арқылы «Миға шабуыл» жасау, сабақтың тақырыбы, мақсаты мен күтілетін нәтижені жеткізу.

10

Негізгі бөлім:

Төрт топқа бірдей мәтін беру (Қосымша 2). Талқылау кезінде жағымды эмоционалдық ортаны орнату үшін «Келісемін, ... оданда жақсы болар еді», «Сіздің ойыңызды түсіндім, оған қоса..» деген сөздерді пайдалану, оқушыларды ауызша мадақтау

Оқушылар мәтінді бөлісіп оқып, топта талқылайды.

6

«Кемпірқосақ» (Қосымша 3) стратегиясын түсіндіру, түстерді таңдату арқылы қайта топқа бөлу, талқылау барысында белсенді оқушыларды бас бармақ көрсету арқылы бағалау

Оқушылар жаңа топтарда тақырыпты талқылап, соңынан қайтадан бастапқы топқа оралып, талқылауды жалғастырады

15

Оқушылырды қайта топқа бөліп,

деңгейлік тапсырма беру.

Эссе жазуда критерийді оқушылармен бірге құру (Қосымша 4)

Дарынды балалар:

«Қазақстанның қазіргі армиясы» тақырыбында эссе,

Орта деңгейлі оқушылар: «Қазақстан сарбазы қандай?»  сұрағы бойынша «Ойлан, жұптас, бөліс» стратегиясы арқылы талқылау.

5

Оқушыларға эссе жазуда критерилер бойынша өзара баға беруді түсіндіру

«Екі жұлдыз бір тілек» стратегиясы арқылы эссе жазғандар топ ішінде сағат тілімен бір біріне баға береді (бағалау жазбаша түрде беріледі)

2

Орта деңгейлі оқушыларға түрткі сұрақтар қою арқылы топ ішіндегі талқылауды қорытындылау  (Әскери қызметшінің міндеттерін ата? Болашақта әскери қызметшіге қандай талаптар қойылуы мүмкін?)

Сұраққа жауап береді

1

Күтілетін нәтижені экранға шығарып, оқушылармен бірге оқып шығу.

Оқушылар күтілетін нәтижені оқып, сабақтағы өткенін қорытындылайды.

Үй жұмысы:

  1.       ҚР ҚМ жоғары әскери оқу орындары түсу шартын жазып келу.
  2.       Жоғары әскери оқу орындарының артықшылығы (дарынды балаларға

Қосымша 1

«Ыстық орындық» әдісі – берілген тапсырмаға байланысты қойылған сұрақтарға жылдам жауап беру.  

Қосымша 2

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне құрлық әскері, әскери-теңіз күштері, әуе қорғаныс күштері, Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметі және Ұлттық ұлан кіреді. Өз ретіне қарай, Қарулы Күштер түрлері әр түрлі әскери бөлімдері мен құрамалардан, арнайы әскер бөлімдері мен бөлімшелерінен тұрады.

Соңғы он жыл ішінде жер шарының әр түрлі аудандарында қарулы дау-жанжалдардың тұтануы құрлық әскерлерінің маңызының жоғарылығын керсетеді. Ракета, авиация кемелерінің көмегі арқылы дұшпандардың шабуылын тойтаруға және оған шешуші соққы беруге болады. Бірақ құрлықтағы жауды толық түрде талқандауда құрлық әскерлері шешуші рөл атқарады.

Құрлық әскерлерінің құрамында бірнеше арнайы әскер түрлері мен құрамалар болады. Олар әр түрлі қаруларды және басқа да техникаларды үйлестіре қолданады.

Әскер түрлеріне мотоатқыштар, танк және артиллерия әскерлері, ал арнайы әскерлерге — инженерлік, химия, байланыс, радио және радиотехникалық, автомобильдік әскерлер және т. б. жатады. Аэроұтқыр әскерлері. Бізде десантшыларды "қанатты жаяу әскер" деп атайды. Ол әр түрлі ұрыс әрекеттерін жүргізуге, маңызды аудандар мен объектілерді басып алып, шабуыл жасап негізгі әскерлер келіп жеткенше ұстап тұруға, қарсыластарды қоршауда және жоюда көмектесуге, қарсыластардың штабтары мен тылдағы бөлімдерін жоюға арналган. Тасуға және аспаннан тастауға әскери тасымалдық авиацияның ұшақтары мен тікұшақтары пайдаланылады.

Мотоатқыштар әскерлеріне мотоатқыштар бөлімшесі, бөлімдер және құрамалар жатады. Олар ұрыс құралдарының әр түрімен қаруланған және толық моторландырылған. Олардың бөлімшелері мен бөлімдері соғыста жаяу әскерлердің ұрыс машиналарымен, бронетранс-портерлермен жабдықталады және ұрыс жүргізеді. Бұл оларды жылдам қозғалатын және маневрлік әскер түріне айналдырады. Жауынгерлер автоматпен қаруланады, бөлімшелерде танкіге қарсы күрес жүргізетін және басқарылатын реактивтік снарядтар (ПТУРС) болады.

Мотоатқыштар — жаяу әскерлердің мұрагерлері, әскердің өте ежелгі түрі. Ғасырлар бойы оны "дала падишасы", "жаяу әскер анасы" деп кұрметпен атаған. Қазақстан жаяу әскерлері Ұлы Отан соғысында Мәскеу түбінде және Ленинград, Сталинград шайқастарында, Днепрден өтуде ошпес даңққа бөленді. Бұл айбынды жаяу әскерлердің әскери батырлық салттарын Қазақстанның Қарулы Күштерінің мотоатқыштар әскерлері құрметпен еске алады. Танк әскерлері — салыстырмалы түрде жас әскер. Тарихы бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан басталады. Танк әскерлері — құрлык әскерлерінің басты екпінді күші. Олар, көбінесе, ең басты маңызды міндеттерді орындау бағыттарында неғұрлым күрделі міндеттерді орындау үшін колданылады. Жоғары жылжымалы, сауытты қорғанысы, қазіргі заманға сай қару-жарағы, түнде көретін аспаптарының және су түбінде жүзуге арналған жабдықтарының болуы — танкілерді қазіргі жағдайда ұрысқа тиімді құрал етеді. Сауытының өте мықты болуына байланысты, олар ядролық жарылыстың зақымдаушы факторларына: өткір радиацияның,  соққылы толқын мен зиянды   сәулеленудің радиоактивтік зақымдауларының әсеріне қарсы үлкен беріктікке ие болады. Ракета әскерлері және артиллерия. Ракеталық әскерлер мен артиллерия қарсыласты атыспен жоюдың негізгі құралы болып табылады. Қарсыластың ядролық және химиялық шабуыл құралдарын, әскерлер мен авиациясының орналасу орындарындағы негізгі топтарын, басқару пункттерін, тыл және басқа маңызды объектілерін жоюға арналған.Барлық құралдары моторландырылған, қысқа уақыт ішінде оқ атуға қабілетті, атыспен және қозғалыспен маневр жасай отырып, мотожаяу әскерлері мен танкілерге еріп жүреді. Құрлық әскерлерінің арнайы бөлімшелері мен бөлімдері. Ғылыми техникалық прогреске байланысты, қазіргі жағдайда арнайы әскерлердің маңызы өлшеусіз. Арнайы әскерлер құрлық әскерінің тіршілігі мен ұрыс әрекеттерін толық қамтамасыз етуге арналған. Инженерлік әскерлер. Бірде-бір әскери мәселе инженерлік қамтамасыз етусіз шешілмейді. Олар шабуылда әскерлердің жылжуын қамтамасыз етеді, жолдар мен көпірлер салады, сулы тосқауылдардан өту құралдарын жабдықтайды, қарсыластардың бөгеттеріне өткелдер жасайды, минасыздандырады. Қорғаныс кезінде инженерлік әскерлер қорғаныстық шептерді және позицияларды тұрғызады, бөгеттер жасайды. Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері (РХБ қорғау). Ядролық қару мен басқа жаппай жою құралдарының бар болуы осы қару түрлерін қолдану жағдайында, сондай-ақ радиациялық және химиялық қауіпті объектілердегі қиратулар (апаттар) кезінде әскерлерді қорғау бойынша шаралар қабылдау қажеттілігін тудырады. Осындай тапсырмаларды шешуде радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері маңызды рөл атқарады. Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғауға мынадай негізгі міндеттерді орындау жүктеледі: Қарсыластың жаппай жою қаруын (ЖЖҚ) қолдану салдарынан радиациялық, химиялық және биологиялық қауіпті объектілердің қиратылу зардабы мен масштабын табу және бағалау. Радиоактивті, улағыш және басқа уытты заттар мен биологиялық құралдардан жеке күрамды қорғау. Әскерлер мен объектілердің көрінуін төмендету. Байланыс әскерлері. Бөлімшелер мен бөлімдердің арасында берік және тұрақты байланыстың болуын, бейбіт кезде және соғыстың барлық түрінде ойдағыдай басқарылуын қамтамасыз етеді. Техникалық қамтамасыз ету бөлімдері. Бөлімшелер мен бөлімдер ракеталар мен оқ-дәрілерді күтіп ұстауға және сақтауға, әскерлерді қару-жарақпен, техникамен, оқ-дәрілермен қамтамасыз ету және әскери-техникалық барлау, эвакуациялау, бұзылған қару-жарақ пен техниканы жөндеуді ұйымдастырып, оларды уақытында іске қосуға арналған. Тыл бөлімшелері, бөлімдері мен құрамалары әскерлердің тылын камтамасыз етуге арналған. Олар ұрыс жүргізіп жатқан бөлімдерге материалдық кұралдарды жеткізу, жаралыларды, бұзылған техникаларды эвакуациялау және басқа да жүктерді тасымалдау міндеттерін атқарады.

Әуе қорғанысы күштері. Қазақстанның әуе қорғаныс күштері мемлекеттің әуе шекарасын және қарсыластың соққысынан әскерлерді корғайтын маңызды құрал болып табылады, олардың кұрамына әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен әскери әуе күштері кіреді. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері тіпті бейбіт күндері де елдің әкімшілік және экономикалық орталықтарын, Қарулы Күштердің топтарын жаудың әуе шабуылынан қорғауда жауапты әскери міндеттерді дереу орындауға қабілетті болуы керек. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қолайсыз ауа райында және қатты радиоэлектрондық кедергілерде, алыстағы және жақындағы, әр түрлі биіктіктегі нысаналарды жоятын, әуе шабуылын ескертетін қазіргі заманғы құралдармен, мықты зениттік-ракеталық, авиациялық және радиолокациялық техникамен жарақталған. Әскери әуе күштері. Әскери әуе күштерінің негізін күшті ракеталық-пулеметтік қару-жарақпен және жетілдірілген радиоэлектрондық қондырғылармен жабдықталған реактивтік, дыбыстан жылдам үшақтын авиация құрайды. Әскери әуе күштері майдан, армиялық және әскери-тасымалдау авиацияларынан тұрады. Әскери әуе күштері өз міндеттерін орындау үшін әр түрлі мақсаттағы ұшақтарды: жойғыш ұшақтарды, жойғыш бомбалаушылар, барлаушы және басқа да ұшақтарды, сондай-ақ тікұшақтарды пайдаланады.

Әскери-теңіз күштері. Әскери-теңіз күштері Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын және экономикалық мүддесін, Каспий теңізімен шекаралас өзендердегі қазақстандық секторын қорғауға, теңіздегі ұрыс қимылдары мен операцияларының барлық түрлерін жүргізуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз институтының базасында ӘТК-не, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдары үшін әскери-теңіз мамандарын даярлауға арналған.

ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметінің құрамында шекара әскерлері мен шекара кызметінің теңіз дивизиясы болады. Шекара әскерлерінің Мемлекеттік шекараны әрдайым қырағы күзетіп, оны қорғауға және қарсыластың шабуылына тойтарыс беруге қабілеттілігі, шекарашы әскерлердің жоғары әскери шеберлігі Отанымыздың аумақтық бір тұтастығын және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Шекара қызметінің теңіз дивизиясы. Шекара кызметінің теңіз дивизиясы шекарашылармен бірге Қазақстан Республикасының Каспий теңізіндегі сумен шекаралас бөлігін қорғаудағы қиын қызметке жауапты. Оның басты міндеті — елімізді басқыншылардың су шебінен жасайтын шабуылынан қорғау болып табылады.

Мемлекеттік күзет қызметі. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қатарында қызмет ету — көптеген жастар үшін құрмет. Мемлекеттік күзет ҚР Президентіне тікелей бағынатын жеке әскери кұрылым болып табылады. Ол аса маңызды мемлекеттік объектілерді қорғауға байланысты міндеттерді орындайды. Жоғары мемлекеттік деңгейдегі хаттамалық және салтанатты шерулерді қамтамасыз етуге, сондай-ақ төтенше жағдайлар зардаптарын жоюға қатысады.

Ұлттық ұлан. Әзірге республикамызда қылмыстық және басқа да құқық бұзушылық сақталып отырғанда, осы әскердің қажеттілігі маңызды болып қала береді. Ұлттық ұлан құқықтық тұрақтылықты сақтауға, арнайы мемлекеттік объектілерді қорғауға және басқа да қызметтік-әскери міндеттерді орындауға арналған.

Қазақстанда соғыстан кейінгі кезеңде әскери мамандарды Алматы жоғары шекара командалық училищесі (қазіргі кезде ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Әскери институты) және 1970ж КСРОЖоғары Кеңесі Президиумы қаулысының негізінде құрылған Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесі (ҚӘӘИ) дайындады. 1973 жылы училищеге Кеңес Одағыньщ Маршалы И.С.Конев аты берілді. 1997 жылдың 11 ақпанында ҚР Президентінің №3354 Жарлығымен Алматы Жоғары әскери училищесі ҚР ҚК Әскери академиясы болып қайта құрылды. 2002 жылы Әскери академия Құрлық әскерлері әскери институты және Ұлттық қорғаныс университеті болып бөлінді. Құрлық әскерлерінің әскери институтымынадай мамандыктар бойынша офицерлер дайындайды:

—тактикалык мотоатқыштар әскерлерінің командашысы;

—тактикалық танк әскерлерінің командашысы;

—тактикалық артиллерия командашысы;

—тактикалық автомобиль әскерлерінің командашысы:

—тактикалық инженерлік әскерлерінің командашысы;

—тәрбиелеу құрылымдарының офицерлері;

—тактикалық сауыттытанк әскерлерінің командашысы;

—  тактикалық азық-түлікпен қамтамасыз ету әскерлерінің командашысы;

—  тактикалық киім-кешекпен қамтамасыз ету әскерлерінің командашысы;

—  жанар-жағар маймен қамтамасыз ету әскерлерінің командашысы;

— тактикалық әуе-десант әскерлерінің командашысы.

Кадет корпусы(Ш. Уәлиханов атындағы) Құрлық әскерлері үшін кәсіби кіші командир-сержанттар дайындайды. Қазақстан Республикасында бұдан басқа: Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Әскери институты; Қазақстан Республикасы Петропавловск қаласындағы Ұлттық ұлан әскери институты; Әуе қорғанысы Күштерінің екі мәрте Кеңес Одағының батыры Т.Бигелдинов атындағы әскери институты; Әскери-теңіз институты; Радиоэлек-троника және байланыс әскери-инженерлік институты, ҚР ҰҚ академиясы бар.

Қосымша 3

«Кемпірқосақ» оқушыларды талқылау үшін (бұл «бастапқы топ») тақырып бойынша (барлығына бір тақырып немесе әр топқа бөлек тақырып) топтарға бөліп  отырғызыңыз.  Талқылаудан кейін оқушыларға түстер беріп, тиісінше қайтадан топқа бөлесіз. Жаңа топтар «бастапқы топ» қатысушыларынан тұрады. Кейін оқушылар топта не талқылағандарын айту үшін қайта оралады. Бұл одан әрі талқылауға түрткі болады.

Қосымша 4

Эссе жазу критерийлері:

1 Тақырыпты ашу

2 Мысалдар, деректер келтіру

3 Сауатты жазу және сөз көлемі 50 кем емес

 

dle
Пікірлер: 0
Пікір қалдыру